Қазақстандағы саяси жаңғыру кезеңінде алдағы Құрылтай сайлауы қоғам үшін маңызды сын болғалы тұр. Осы мәселе бойынша бүкілхалықтық референдумда халық «Құрылтай тек партиялық тізіммен жасақталады» деген заңды қолдап дауыс берді… Халық партияларға сенім білдірді… Ал, партиялар халықтың сенімін ақтап жатыр ма?
Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айында өтетінін мәлімдеген бұл науқан партиялар мен азаматтық қоғам үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді. Президент атап өткендей, партиялардың дайындалуына шамамен бес ай уақыт берілді. Бірақ бұл уақыт тек формалды дайындыққа емес, сапалы, әділ және ашық іріктеу жүргізуге жұмсалуы тиіс екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ мәселе солай ма?
Бірінші кезекте қоғамды алаңдататын мәселе
– Құрылтай депутаттарының кім болатыны?
– Партиялар өз тізімдерін қалай жасақтайды?
– Қандай критерийлерге сүйенеді?
Бұл сұрақтарға нақты әрі ашық жауап берілуі керек.
Шын мәнінде, әр партия ай сайын немесе кезең-кезеңімен өз кандидаттарын жариялап, олардың өмірбаяны мен қоғамға сіңірген еңбегін таныстырып отырса, халықтың сенімі артар еді. Ашықтық – әділдіктің негізі. Егер бұл процесс жабық күйінде қалса, «ақшасы барлар ғана өтеді» деген күмән күшейе түседі. Бұл – тек партиялардың беделіне емес, жалпы саяси жүйеге қауіп.
Екінші маңызды мәселе
Қарапайым, бірақ ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың тағдыры.
Қазақстанда халықтың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген, нақты істерімен танылған көптеген тұлға бар. Алайда олардың қаржы мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Осындай азаматтар партия тізімінен орын ала ма? Әлде саяси додада қаржы мен байланыс шешуші рөл атқара ма? Егер шын мәнінде әділ жүйе құрылса, онда партиялар тек танымал немесе ауқатты адамдарға емес, халық арасында беделі бар, нақты ісімен дәлелденген тұлғаларға басымдық беруі тиіс. Бұл – Құрылтайдың легитимдігі мен сапасының басты кепілі.
Үшінші мәселе
Қоғам мен билік арасындағы сенім.
Құрылтай тек формалды орган емес, ол халықтың үніне айналуы керек. Сондықтан іріктеу процесіне қоғамдық бақылау тетіктерін енгізу маңызды. Мысалы, тәуелсіз сарапшылардың қатысуы, қоғамдық талқылаулар, онлайн дауыс беру элементтері – осының бәрі жүйеге сенімді арттыра алады. Сонымен қатар, кандидаттарға қойылатын талаптар нақты әрі қатаң болуы тиіс: кәсібилік, адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік.
Қорытындылай келе, алдағы Құрылтай сайлауы – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Бұл мүмкіндік әділдік пен ашықтық қағидаттарына сүйенген жағдайда ғана өз нәтижесін береді. Егер партиялар халық сенімін ақтағысы келсе, олар өз тізімдерін жасақтауда барынша әділ, ашық және жауапты болуы тиіс. Сонда ғана Құрылтай шын мәнінде халықтың мүддесін қорғайтын органға айналады.
Қанеки, қай партия бастамшыл боп, өзінің ашық тізімін халыққа жариялай бастар екен?
Әу, қайдасыңдар:
1. «Amanat» партиясы;
2. «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;
3. Қазақстан Халық партиясы;
4. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
5. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия»;
6. «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
7. «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі.
8. «Әділет»партиясы…
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ
abai.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!