Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Берекелі отбасы – жарқын болашақ

15.05.2026, 14:55 74

HALYQLINE.KZ

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Анаға тағзым» орталығында тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау және өнегелі әулеттердің өмір жолын жас буынға үлгі ету. Бұл туралы Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімі әлеуметтік желідегі парақшасында ақпарат таратты.

Мерекелік жиынға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Жұмашева, құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен «Алтын той», «Гауһар той» иелері қатысып, отбасының қоғамдағы орны мен тәрбиедегі рөлі жайында ой бөлісті.

Кеш барысында көпке үлгі болып жүрген бірқатар әулет таныстырылды. Солардың қатарында 66 жыл бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қойшыбаевтар отбасы, 55 жылдық ғұмырын бірге өткізген Әбішевтер әулеті және 58 жылдан бері қол ұстасып келе жатқан Шамшиевтер отбасы бар. Олардың өнегелі өмір жолы, сыйластық пен бірлікке негізделген отбасылық құндылықтары жастарға үлгі ретінде насихатталды.

Іс-шара соңында ардақты қариялар Нұртаза ата мен Сайлаубай Әбішұлы мерейтойларымен құттықталып, өнегелі отбасыларға қала әкімінің атынан арнайы сый-сияпаттар табысталды.

Отбасы – мейірімнің мекені, тәрбиенің бастауы, қоғамның берік тірегі. Берекелі шаңырақтар көбейе берсін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: