Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық әріптестік соңғы келіссөздерден кейін жаңа қарқын алуы мүмкін. Ресми ақпаратқа қарағанда, Түркия капиталының қатысуымен Қазақстанда 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны шамамен 4 млрд АҚШ долларына бағаланады.
Бұл жобалардың ішінде құрылыс, фармацевтика, медицина, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және цифрлық технологиялар бағыты бар. Әсіресе, түрік бизнесінің Қазақстандағы фармацевтика саласына қызығушылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрік бизнес форумында сөйлеген сөзінде Abdi İbrahim және Nobel секілді ірі түрік фармацевтикалық компаниялары Қазақстанда өздерінің шетелдегі алғашқы өндіріс орындарын ашқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, YDA Group Түркістан мен Петропавл қалаларында көпсалалы ауруханалар салып жатыр. Orzax Group Түркістан облысында тағамдық қоспалар шығаратын зауыт құрылысына қатысуда. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда Қазақстан тек дәрі-дәрмек импорттайтын ел емес, өңірлік фармацевтикалық және медициналық хабқа айналуға мүмкіндік алады.
Мұндай жобалардың маңызы тек экономикалық көрсеткішпен шектелмейді. Егер өндіріс орындары жергілікті кадр даярлаумен, ғылыми зерттеумен және экспорттық бағытпен ұштасса, Қазақстан үшін бұл салада тәуелділікті азайтудың бір жолы болуы мүмкін. Әсіресе, пандемиядан кейін дәрі-дәрмек қауіпсіздігі әр мемлекет үшін стратегиялық мәселе екені анық байқалды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!