Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық кішкентай оқырмандар: 8 жастағы Біржан – 92 кітап,10 жастағы Ақылжан – 162 кітап

23.04.2026, 6:20 53

Бүгінгі заман – жылдам ақпарат пен үздіксіз экран уақытының дәуірі. Бір сәтте жаңалық оқимыз, бір сәтте бейне көреміз, бір сәтте әлеуметтік желіге үңілеміз. Бірақ осы ақпарат тасқынының ішінде бір шындық жиі ұмыт қалып жатады: білімнің тереңдігі жылдамдықпен өлшенбейді.

Нағыз ой, нағыз таным асықпай оқылған  кітаптан  қалыптасады. Ал, кітап – адамның ойлау мәдениетін қалыптастыратын, ішкі әлемін тәртіпке келтіретін рухани кеңістік. Ұлы Абай айтқан «Артық білім – кітапта» деген ой да бүгінгі күні тіпті терең мағынаға ие болып отыр. Себебі цифрлық ақпарат көбейген сайын, жүйелі ойлауға деген қажеттілік те артып келеді.

Қазіргі қоғамда баланы кітапқа баулу – мәдениеттің бір бөлігі, сондай-ақ, тұлға тәрбиесінің маңызды бағыты. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын балалардың назары түрлі экранға ауып бара жатқаны жасырын емес. Осындай кезеңде отбасылық оқу мәдениетін қалыптастыру ерекше  мәнге ие. Балаға кітапты міндеттеу емес, оны сүйікті әдетке айналдыру – ата-ананың ең үлкен тәрбиелік ұстанымының бірі. Себебі кітапқа деген қызығушылық ең алдымен үйдегі  ортадан, ата-ананың  үлгісінен  басталады.

Осы орайда кітап оқу дәстүрін берік қалыптас­тырған қызылордалық үлгілі отбасының бірімен тілдескен едік. Бір қызығы, бұл отбасыдағы 8 жастағы Біржан 92 кітап оқыса, ал 10 жастағы Ақылжан 162 кітапты оқып бітірген. Әкелері Олжас Шереханның айтуынша, кітап оқу отбасында ерекше  дәстүрге  айналған.

– Отбасымызда кітап оқу дәстүрі ерекше сақталған. Балаларымыздың кітапқа деген қызы­ғушылығын кішкентай кезінен қалыптастыруға тырысамыз. Ұлдарым Ақылжан мен Біржан кітап оқуға арнайы уақыт бөліп, оны күнделікті әдетке айналдырған. Олар әсіресе шетел әдебиетіне қызығушылық танытып, әлемдік авторлардың балаларға арналған шығармаларын жиі оқиды. Сонымен қатар, ертегілер, шытырман оқиғалар және танымдық кітаптар да олардың сүйікті жанрларының қатарында. Шетелдік кітаптарды оқу арқылы балалар әртүрлі мәдениетпен танысып, дүниетанымын кеңейтеді. Ақылжан көбіне ойландыратын, мағыналы әңгімелерге қызықса, Біржан қызықты оқиғалар мен шытырманға толы шығармаларды сүйіп оқиды. Әр оқыған кітабы олардың ой-өрісін дамытып, жаңа білім алуға жетелейді. Мысалы, табиғат туралы кітаптардан жануарлар әлемі жайлы қызықты деректер білсе, ғылыми-танымдық еңбектер арқылы ғарыш, жер және қоршаған орта  туралы  көптеген  мәлімет  алады.

Әсіресе, әртүрлі елдің әдебиетін оқу балалардың ой-өрісін кеңейтіп, әлемге деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан ата-ана ретінде біз балаларға кітап оқудың маңызын түсіндіріп қана қоймай, өзіміз де үлгі болуға тырысамыз. Үйде бірге кітап оқып, оқығанымызды талқылап, олардың пікірін тыңдау жақсы дәстүрге айналған. Ақылжан мен Біржан да өз ойларын еркін айтып, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беріп үйре­ніп  келеді, — дейді  Олжас  Шерехан.

Ал, аймағымыздағы ең кішкентай кітап­құмар оқырман Біржан небәрі 8 жасында 92 кітап  оқыған.  Әкесінің  сөзінше,  баланың  кітап оқуы міндеттелген іс болмауы тиіс, кері­сінше, қызығу­шылығын арттыратын құралға айна­луы керек дейді. Кішкентай «кітап­құрты»  Бір­жанның  өзімен  де  тілдестік.

– Мен үшін кітап оқу – шексіз қызыққа толы ерекше әлем. Әсіресе шытырман оқиғаларға бай, кейіпкерлері есте қалатын кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Кітаптар маған тек жаңа ақпарат беріп қана қоймай, қиялымды ұштап, ой-өрісімді кеңейтеді. Солардың ішінде ең ерекше әсер қалдыр­ғаны – «Тентек балақайдың күнделігі». Бұл кітап менің көңілімнен шығып, әр бетін қызыға оқыған туындыларымның  бірі  болды. Мен осы күнге дейін 92 кітап оқып бітірдім. Ал осы жылға қойған мақсатым – тағы 52 кітап оқу. Әрбір оқыған кітабым­нан мен өзіме пайдалы бір ой, жаңа бір түсінік аламын. Кітап оқу мені үнемі ізденуге, көбірек  білуге,  дамуға  жетелейді, — дейді  Біржан.

Біржанның 10 жастағы ағасы Ақылжан 3 жыл ішінде 162 кітапты оқып, аяқтаған. Енді осы  жылға  82  кітап  оқуды  мақсат  етіп  отыр.

– Кітап оқуды мен 7 жасымда бастадым. Алғаш қолыма алған кітаптарым – Хэрри Поттердің жеті томы еді. Сол сәттен бастап кітап менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Әрбір оқыған туындым арқылы мен жаңа әлемдерді ашып, түрлі кейіп­кердің тағдырымен бірге өмір сүргендей бо­ламын. Кітап оқу мені тек білімге ғана жетелеп қоймай, дұрыс  ойлауға,  сабыр  сақтауға және өз  ойым­ды еркін жеткізуге үйретті. Ол менің ішкі дүниемді байытып,  көкжиегімді кеңейтті. Бүгінгі күнге дейін мен 162 кітапты аяқтадым. Ал осы жылға қойған мақсатым – тағы 82 кітап оқу. Бола­шақта да осы әдетімді  үздіксіз  жалғастырып, кітаппен бірге   өсе  бергім  келеді, — дейді  Ақылжан.

Кітап оқу үрдісін осылай отбасылық дәстүрге айналдырып, одан нәтиже шығарып, үлкен жетістіктерге жеткізу – әрине, ата-ананың бала болашағына жасаған ең қымбат инвестициясы. Ақылжан мен Біржаның әкесі Олжас Шерехан осы ретте, балалар әдебиетін дамытуға үлес қосып жүрген Steppe &World Publishing, Maz­mundama  және Foli­ant баспаларына ерекше  алғыс   білдіреді.

– Бұл баспалардың сапа­лы әрі мазмұнды кітаптары балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың дүниетанымын кеңейтуге үлкен ықпал етуде. Әсіресе, шетел әдебиетін қазақ тіліне сапалы аударып ұсынуы – оқырман  үшін   үлкен  мүмкіндік.

Қорыта айтқанда, кітап – бала­ның жан дүниесіне жол табатын ең сенімді досы, үнсіз сырласатын ақылшысы және өмірге бағыт берер тәрбие­шісі. Жас ұрпақтың сыни ойлау қабі­летін шыңдап, жауапкерші­лік сезімін оятып, эмоцио­налды интеллектісін тереңдете түсетін баға жетпес қазына. Ұлттық кітап күні – осы асыл құндылықты ұлықтап,  қоғамның назарын кітап оқудың маңызды­лығына бұратын ерекше мере­ке. Әрбір ата-ана баласының жүрегіне кітап­қа деген сүйіс­пеншілікті ұялата алса, келе­шек ұрпақтың ру­хани әлемі бай, ойы терең, санасы сергек болары анық, — деп қоры­тынды­лады әкесі  О.Шер­ехан.

Ұлттық мә­дени­е­тіміздің бір бөлігіне айналған кітап оқу дәстүрін жас ұрпақ­тың осылай дәріптеп жүргені қуантады. Кейіп­керлеріміз – қызылордалық  мектеп жасындағы балғындар. Өзінің жас ерекшеліктеріне қарамастан, том-томдап кітап тауысып, көкжиегін кеңейтіп жүргені сіз бен бізге үлгі  болуға  лайық!

Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: