Абай облысының Ақсуат ауданында жоғалып кеткен 3 жастағы бала бірнеше сағаттан кейін аман-есен табылды. Кішкентай бүлдіршінді елдімекеннен шамамен 3 шақырым қашық жерден атты полиция қызметкері тауып алған.
Оқиға бүгін болған. Мәліметке қарағанда, 3 жастағы бала үй ауласынан байқатпай шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Таңертең ерте туыстары өздігінен іздеу жұмыстарын бастаған. Алайда шамамен сағат 11:00-де олар полицияға жүгінген.
Осыдан кейін іздеуге барлық қажетті күш жұмылдырылды. Полицейлер уақыттың аса маңызды екенін ескеріп, далалы аумақты түгел шолып шыққан. Әрбір бағыт, әрбір соқпақ мұқият тексерілген.
Бірнеше сағатқа созылған іздеу кезінде атпен жүрген полиция қызметкері айдалада жалғыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Бала елді мекеннен едәуір алыстап кеткен.
Бүлдіршінге үрей туғызбай, өзіне жақындату үшін полицей оны сабырмен, мейіріммен шақырған.
“Келе ғой, айналайын, келе ғой…” деген сөз сол сәттің шынайы көрінісін аңғартқандай.
Сағат 14:00 шамасында бала аман-есен табылып, жақындарына жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Бұл жағдай тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді әрекеті қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Уақытты жоғалтпай қимылдау, әр бөлшекке мән беру және адам өміріне жауапкершілікпен қарау – осындай сәттерде ерекше рөл атқарады.
Фото: Видеодан скрин\ЖИ өңдеген
Видео:
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!