Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағланның бала қиялы

02.04.2026, 6:40 40

Балалық шақ адамзат баласының жарқын өмір бастауы саналады. Санасы сергек, ойы ұшқыр, талабы биік бүлдіршін – болашақ көркем өмірдің иесі. Ересек адамға қарағанда балалардың ойлау жүйесі өте жылдам болады. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген  фактор.

Бала  санасы жазылмаған ақ парақ іспетті. Содан болар олардың жұмбақ тылсым әлемдері өз­геше болып, өз қарым-қабілетте­рінше өнер тудыра алады. Өз ойы­мен жаңа туындылар ойлап, ертегі әлемінің кейіпкерлерін жасай білу табиғи  дарынды  талап  етеді.

Жас дарын Бағлан Амандықұлы – ермексазбен сан түрлі кейіпкерді жасаудың шебері. Оның мультфильм кейіп­керлері мен көне дәуір жануар­ларын бейнелеген жұмыс­тары көздің жауын аларлық көркем бейнеде кестеленген. Бала қиялы­нан туған туындылар адам жанына тыныштық сыйлап, тазалық пен көркемдікті, адалдық пен биік­тікті  меңзейді.

Бағлан – ойын баласы болғанымен, білімге, өнерге аса құштар жеткіншек. Бұл мүмкін атаның қанымен, ананың сүтімен келген тектің тазалығынан болар. Оның байсалды, ұяң мінезі ішкі өнер қуаты­ның өте қажырлы екендігінен  хабар  беретіндей.

Әке – асқар тау, ана – баурайын­дағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Бағланның мұндай өнерге келуі тектен-тек емес. Атасы Қуандық Бүрлібаев – алты Алашқа аты мәшһүр Сыр сүлейі. Ал, әкесі Амандық Бүрлібаев мәде­ниет саласында еңбек етуде. Өнер сабақтастығы деп осындайда айтылса керек-ті. Жыраулық, ақындық, суретшілік бәрі-бәрі – ұлы  өнер  жиынтығы.

– Бұл балам ермексазбен төрт жасынан бастап айналыса бастады. Әуелде жай ермек ретінде қара­дық. Кейін оның ерекше қабі­летін байқаған мамандар мен жұртшылық пікір айта бастады. Содан бері қызығушылығын қолдап, дамыт­уға мән беріп келеміз. Қазір ол қарапайым пішіндерден күрделі, көркем жұмыстарға көшті. Далаға шығып доп теуіп, өзге балалар секілді ойнауға аса қызықпайды. Бос уақытында үйде ермексазбен түрлі мүсінді жасайды, — дейді  әкесі Амандық Бүрлібаев бізбен  әңгіме­сінде.

Жас мүсінші әр туындысын асықпай үлкен ынтазарлықпен жасайды. Алдымен таңдаған кейіп­керін зерттеп, түрлі бейне­сін қарайды. Кейін оны қағазға түсіріп, соңында ермексазбен мүсіндейді. Бұл дарынды жастың төзімділігі  мен  бастаған ісін соңына жеткізуге деген ұмтылысының  көрінісі  болса  керек.

Қазір Бағлан Ә.Мүсілімов атындағы  №101 мектеп-лицейін­де білім  алады. Сабақ үлгерімі де  жақсы. Ұстаздары оның өнермен қатар  оқуына да  жауап­кершілікпен қарайтынын айта­ды. Қолөнермен   қатар  тіл үй­ренуге деген қызығу­шылығы да басым. Сонымен қатар «Сыр сандуғаштары» балалар тобында робототе­хникаға  қатысып  жүр.

Бағланның тағы бір ерекше қызығушылығы – көне дәуір жан­уарлары. Ол динозаврлардың түрлерін ажыратып қана қоймай, оларды шынайы бейнелеу­ге тырысады. Бұл оның таным көкжиегінің кең екенін көрсетеді. Сонымен қатар комикс пен ертегі кейіпкерлері де оның шығармашылығына серпін береді. Оның әрбір мүсіні жай бейне емес, өзіндік әсері бар толыққанды  туындыға  айналуда.

– Баламның жұмыстарын әлеу­меттік  желіге  жариялаған кезде көпшілік жылы лебізін білдірді. Тіпті кезінде белгілі суретші Қайырбай Зәкіров ағамыз да арнайы хат жазып, кеңесін айтқан болатын. Ол баланың табиғи дарынын шектемей, еркін дамуына мүмкіндік беру керектігін жеткізді. Біз де баланың өз жолын табуына жағдай жасауды маңыз­ды санаймыз. Әрине, қолөнер аса ыждағаттылықты қажет етеді. Болашақ осы өнер жолында бағы  жануына  тілекшіміз, — дейді  әкесі.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: