Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атты дұрыс танымағаннан тұлпарлар сойылып кетіп жатады

19.03.2026, 7:40 72

Ежелден жылқы мен қазақ – егіз ұғым. Қазақты жылқы мінезді халық деп тегін айтпаса керек. Жылқымен ішнара сырласатын адам ғана оны өз бақылауында ұстай алады деген ұғым бар. Бұған көп еңбек пен уақыт жұмсалады, әрине. Ат бәйгесі, теңге ілу, жамбы ату, көкпар секілді ат спортында адамды жеңіске жылқының жүйрігі ғана жетелейді.

Әрбір жылқы жануарының бейімі мен болмысы бөлек болады. Көкпар мен бәйге спортын салыстыру қиын. Екеуінің өз ерекшеліктері бар. Бәйге тек жүйрікті таңдайды. Сол үшін бәйгесін алады. Ал көкпар ептілікті, күштілікті қажет етеді. Екі ат спортының бағу, баптау әдісі мен мақсаты басқаша.

Елімізде қазақы қалпымызға тән ат спортының өзіндік ерекшеліктері баршылық. Соған сай қызықшылығы мен қиыншылығы да жетерлік.

Биыл қазақша жыл санауда наурыз айында Жылқы жылы жыл күнтізбесіне енгелі отыр.

Осы орайда өңіріміздегі ұлттық ат спорты түрлерінің аға жаттықтырушысы, Жаңақорған ауданы №7 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Сламхан Боранбаевпен болған сұхбатымызды оқырман назарына  ұсынамыз.

– Сламхан Өміртайұлы, наурыз – жаңару мейрамы. Ал жылқы – қазақ рухының символы. Осы екі ұғымның астарында қандай ортақ мән жатыр? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Рақмет! Расымен, Наурыз мейрамы – жаңару кезеңінің бастауы. Бұл күн бүкіл әлемге тіршіліктің қайта түлеп, қайта көгеріп, жаңа леп сыйлағандай әсер етеді. Табиғаттың өзі жаңарып, жер бусанып, тіршілік атаулы қайта жандана бастайды. Ежелден қазақ халқының дәстүрінде осы уақыттан үлкен жақсылық күте­тін ырым бар. Адамдар бір-біріне ақ тілегін айтып, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа  өмір  бастағандай  күй  кешеді.

Жалпы, жылқы жануары қазақ халқының тағдырымен өте ұқсас келе­ді. Қазақ үшін жылқы – тек көлік немесе шаруашылық малы ғана емес, ол – рухтың, еркіндіктің, кең даланың белгісі. Біз оны кейде тұлпар деп атаймыз. «Ат – ер қанаты» деп бекер айтылмаған. Тарих тінін тарқатсақ, ата-бабаларымыз ат үстінде жүріп ел қорғап, жер қорғап, ұлан-ғайыр даланы  ұрпағына  аманат  етіп  қалдырды.

Ел аузында «таға атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақ­тайды» деген сүбелі сөз бар. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Ат – ердің серігі, ал ер – елдің қорғаны. Сондықтан қазақтың қайта түлеп, қайта жаңаруында, дәстүріміздің сақталып қалуында жылқының  үлесі  өте  үлкен  деп  білемін.

– Қазақ «Ат – ер қанаты» дейді. Бүгінгі қоғам бұл сөздің салмағын сезініп жүр ме, әлде ол тек әдемі  тіркеске  айналып  бара  ма?

– Жылқы адамзаттың айнымас серігі саналады. Жолдасын жауға тас­тамайтын текті жануар ғой жарық­тық. Қазақ тарихи дастандарында «мінсең – көлік, жесең – ас, сапарда – серігің» деп бекер айтылмаған. Бұл сөздің  өзінде жылқының адам өміріндегі  орны  анық  көрініп  тұр.

Алпамыс, Қобыланды секілді батыр­ларымыздың жанында әрқашан тұлпарлары болған. Батыр мен тұлпардың тағдыры қатар өрілген. Сондықтан жылқы қазақтың тари­хымен де, тағдырымен  де  тығыз  байланысты.

Қазіргі уақытта жастар атқа көп міне бермейді. Өкініштісі сол, аттың маңайына қалай жуысу керек­тігін білмейтін балалар да өсіп келеді. Технология дамыған заманда кейде тегіміз­ді танымай, тамырымыздан ажырап бара жатқандай көрінеді. Осыған қарап кейде жаным  ауырады.

Кешегі кеңес дәуірінде де жылқыларымыздың  саны күрт азайып кетті. Бір кездері қазақ даласы жылқыға толы еді. Ал сол дәуірде бұл түлікке деген көзқарас өзгеріп, көп жерде жылқы шаруашылығы әлсіреп қалды. Қазір тәуелсіздік алғаннан кейін ғана  жылқы шаруашылығы  қайта дамып келеді. Бұл – әрине, қуа­ныш­ты жағдай. Бірақ әлі де жетілдіретін тұстары  аз  емес.

– Жылқы жылынан халық үміт күтеді. Сіздіңше, бұл жыл береке мен серпіліс  әкеле  ме?

– Жылқы мен қазақ – егіз ұғым. Тек қазақ елінде ғана емес, жалпы мұсылман қауымында жылқы жануа­рын ерекше құрметтейді. Қазақта «Жылқыда жеті жастағы бала­ның ақылы болады» деген наным бар. Бұл жылқының өте сезімтал, ақылды  жануар  екенін  білдіреді.

Тарихқа үңілсек, жылқы жылында болған жақсы оқиғалар да аз емес. Халық арасында жылқы жылы туған адамдардың мінезі де ерекше болады деген түсінік бар. Мысалы, осы жылы туған қыз балалардың бо­йында сұлулық, инабаттылық, мейірім­ділік қасиеттер басым болады дейді. Ал ер балалар мақсатшыл, ұстанымы берік, жігітке тән мінезге бай болып өседі деген сенім бар. Сондықтан халық жылқы жылынан әрдайым жақсылық күтеді. Береке мен  бірлік  әкелетін жыл болсын деп тілейді.

– Атбегілік – атакәсіп. Бірақ бүгінгі күні бұл өнерге мемлекет пен қоғам тарапынан жеткілікті қолдау  бар  ма?

– Әрине, тәуелсіздік алғалы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды. Ұлттық дәстүрлеріміз қайта жаңғыра бастады. Соның ішінде атбе­гілік өнер де бар. Атбегілік – жай ғана кәсіп емес, үлкен тәжірибемен, шыдамдылықпен  келетін  қасиет.

Қазіргі уақытта ат спортынан көптеген жарыс ұйымдастырылып келеді. Бұл – ұлттық спорттың қайта жанданып келе жатқанының белгісі. Халықаралық деңгейде өткізілетін жарыстардың көбеюі де – үлкен жетістік.

Мысалы, жақында наурыздың 15-22-сі аралығында Түркістан облысында көкпардан әлем чемпионаты өтпек. Бұл – Қазақстанда үшінші рет ұйымдастырылып отырған үлкен дода. Оған қатысу үшін спортшылар үлкен іріктеуден өтеді. Көкпаршыға қойылатын талаптар да өте қатаң. Аттың жарамдылығы, шабандоздың шеберлігі – бәрі  ескеріледі.

Сонымен қатар аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен де әлем чемпионаттары өткізіліп жатыр. Мұның бәрі ұлттық спортқа деген көзқарастың жаңарып келе  жатқанын  көрсетеді.

– Жақсы ат пен жаман аттың айыр­масын бір қарағанда қалай танисыз? Тұлпарды қалыптастыратын – тегі ме, әлде  бап  па?

– Қазақ халқы бұрын тұлпарды бас сүйегіне немесе тезегіне қарап-­ақ таныған. Бұл – ғасырлар бойы қалып­тасқан тәжірибе. Көнекөз қария­лар жүйрік аттың бабын бірден байқап, оның болашағын болжай алатын  болған.

Жалпы, атты тану – әр қазақтың бойында бар қасиет. Өйткені, біз жылқымен бірге өскен халықпыз. Бала кезімізден аттың қасында жүріп, оның мінезін, жүрісін, бабын көріп өстік. Сол арқылы көп нәрсені үйрендік.

Өкініштісі сол, кейде атты дұрыс танымағанның кесірінен бір-екі жасар кезінен тұлпарлар сойылып кетіп жатады. Ал негізінде ол болашақта үлкен бәйгенің тұлпары болуы мүмкін еді. Сондықтан  атты  тану – үлкен  өнер.

Аттың да адам секілді бабы мен бағы қатар келуі керек. Жақсы тегі бар ат дұрыс бапталса ғана нағыз тұлпарға айналады.

– Қазақ тарихында ел тағдырын шешкен тұлпарлар аз емес. Мысалы, Байшұбар мен Құлагер туралы аңыз­дар  бүгінгі  ұрпаққа  не  үйретеді?

– Қазақ тарихында аты аңызға айнал­ған тұлпарлар өте көп. Бай­шұбар, Құлагер, Қубас секілді сәйгүліктер халық жадында сақталып қалды. Бұл – жай ғана аттардың тари­хы  емес, қазақ рухының тарихы.

Бұрын билердің дау-дамайында, ел арасындағы келіспеушіліктерде кейде бәйге ұйымдастырылып, соның нәтижесінде шешім қабылданған жағдайлар да болған. Яғни ат бәйгесі кейде үлкен мәселелерді шешудің  жолы  болған.

Ақан серінің Құлагерінде де үлкен тағылым жатыр. Бұл – қазақтың өнерін, намысын, рухын көрсететін оқиға. Осындай аңыздарды тыңдап өскен ұрпақ өз тарихын ұмытпайды.

Шын мәнінде, біздің мәдение­тіміз де, әдебиетіміз де, тіпті әдебіміз де аттың үстінде қалыптасты десек, артық  айтқандық  емес.

– Атбегінің басты қағидасы қандай? Жылқыға деген құрмет азайса, ұлттық болмысымызға  қауіп  төнбей ме?

– Атбегі – тайынан таптап, құнанынан қақтап, дөненінен сақтап, бес­тісінде белді ат баптап шығаратын адам. Бұл – ұзақ жылдық еңбекті қажет  ететін  үлкен  өнер.

Ал біреудің дайын атын сатып алып, бәйгеге қосып жіберу – нағыз атбегілік емес. Ол – саудагердің ісі. Нағыз атбегі атты жас кезінен баптап, оның әр қадамын бақылап өсіреді.

Атқа құрмет жасамау қазақы менталитетімізге мүлде сәйкес келмейді. Адам досының қадірін қалай білсе, жылқының да қадірін солай білуі керек. Өйткені ол – қазақтың тарихымен, болмысымен біте қай­насқан  жануар.

– Жылқы  жылында елге айтар ең басты тілегіңіз  қандай?

– Наурыз әлімсақтан қазақы жыл басы саналады. Ұлыстың ұлы күні халқымызға мол жақсылық алып келсін. Береке-бірлігіміз артып, елі­міз  тыныш  болсын.

Жылқы секілді бір-бірімізге адал дос, сенімді  серік  болайық. Қазақтың абыройын арттырған, батырлығын паш еткен, өнерін ас­қақтатқан  жыл­қы  – бізге  әрқашан  тілекші  жануар.

Сондықтан менің де тілегім – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.  Наурыз  құтты  болсын!

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: