Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

”Әуезовтер” ансамблінің шығармашылық кеші өтті

16.03.2026, 20:43 41

Бүгін Қазалы ауданында Наурызнаманың онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің «Өнерімен өркендеген әулет» атты шығармашылық кеші өтті.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

-Өнер – ұлттың рухани байлығы. Ал сол өнерді бір отбасының бірнеше буыны жалғастырып, халыққа қызмет етсе – бұл үлкен мақтаныш. Әуезовтер отбасылық ансамблі – дәл осындай өнегелі әулеттердің бірі. Ансамбльдің негізі 1977 жылы қаланып, содан бері ұлттық өнерімізді дәріптеп келе жатқан бірегей шығармашылық ұжымға айналды. Ансамбльдің қалыптасуы мен дамуына үлкен еңбек сіңірген өнер иелері – Махамбет Әуезов пен Раманқұл Әуезов. Олар тек орындаушы ғана емес, қазақтың күйі мен әнін, қобыз бен домбыра өнерін насихаттап, шәкірт тәрбиелеген ұстаздар. Осы бір айтулы күні өңіріміздің мәдениеті мен өнерін өркендетудегі қызметтеріңіз үшін шығармашылық ұжымға шынайы алғысымды білдіремін. Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарыңызбен қуанта берулеріңізге тілектеспін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мұнан соң аудан басшысы «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің жетекшісі Арман Әуезге құттықтауын табыстады.

Кеш барысында ансамбльдің жетекшісі ҚР мәдениет саласының үздігі төс белгісінің иегері, Бүкілодақтық, халықаралық, республикалық конкурстарының Лауреаты, музыкант, қобызшы Арман Әуезге сөз берілді. Ансамбль жетекшісі бүгінгі күні «Әуезовтер» ансамблінің қалыптасу жолы мен даму тарихына тоқталып, ұлттық өнердің ұлы мұрагері болу үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.

Шығармашалық кеш концерттік бағдарлама ұласып «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблі М.Әубәкіровтің «Наркескен», Құрманғазының «Қызыл қайың», Әлшекейдің «Терісқақпай», С.Әліштің «Батыс әуендері», Е.Кішкенеевтің вальсі «Нұргүл» және Моцарттың «Рондо» және басқада шығармалар орындап көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй мен рухани демалыс сыйлады.

Айта кетейік, шығармашылық кеш басталмас бұрын, кешке жиылғандар Әуезовтер әулетінің жетістіктері, көне аспаптары мен ұлттық құндылықтар көрсетілген «Наурыз — береке бастауы» атты көрмені тамашалады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: