12 ақпанда Мәскеу уақыты бойынша 11:52-де Байқоңыр ғарыш айлағы аумағында «Роскосмос» метеорологиялық спутникпен бірге «Протон-М» зымыранының ұшырылуын сәтті жүзеге асырды. Бұл ұшыру бастапқыда 2025 жылдың желтоқсан айының ортасына жоспарланған болатын, алайда техникалық себептерге байланысты кейінге шегерілген еді. Отын ретінде несимметриялық диметилгидразин қолданылады. Бұл – отынның химиялық атауы. Ал оның техникалық атауы – гептил.
Гептилдің өте улы зат екені белгілі. Кезінде Қазақстанда «антигептил» қозғалысы болған еді. Ол нақты апаттар мен улы отынға жауап ретінде пайда болды. Гептил (асимметриялық диметилгидразин) негізінен «Протон» сияқты ауыр зымырандарда қолданылды.
2007 жылыБайқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыраны апатқа ұшырап, далаға гептил төгілгеннен кейін Қазақстан өтемақы талап етіп, ұшыруларға уақытша тыйым салды. Бұл экологиялық мәселенің алғаш рет мемлекетаралық деңгейге көтерілуі болды.
2013 жылғы 2 шілдедегі тағы да апат болды, «Протон-М» ұшырылғаннан кейін бірден жарылды. Бортында шамамен 600 тонна улы отын бар еді. Осыдан кейін Қазақстанда «Антигептил» қоғамдық қозғалысы пайда болды. Астана мен Алматыда гептилмен ұшыруды тоқтатуды талап еткен акциялар өтті. Сол сәттен бастап «Байқоңыр экологиясы» ұлттық егемендік мәселесіне айналды. 2013 жылы құрылған «Антигептил» қозғалысы 2014 жылы наразылық акцияларын өткізді. Қазақстан билігі:
* Ресейге экологиялық зиян үшін есеп ұсынды.
* Ұшыру тәжірибесін өзгертуді талап етті
Қандай шешімдер қабылданды:
Қазақстанда апаттардан кейін: экологиялық бақылау күшейтілді, ластануға жүйелі мониторинг енгізілді, залалсыздандыру әдістері дамытылды. Сонымен қатар, өтемақы талап ету тәжірибесі қалыптасты, «Протон» ұшыруларына шектеулер енгізілді.
Ресейде ресми түрде мына шешімді қабылдады:
Ресей гептилдің уыттылық мәселесін мойындады, стратегиялық шешім ретінде гептилді экологиялық таза отынмен алмастыруды, мысалы, жаңа буын «Ангара» зымыранына керосин мен сұйық оттегі пайдаланады деп мәлімдеді. Бұл гептилді зымырандардың орнына келетін жүйе ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, «Протон» ұшыруларын кезең-кезеңімен тоқтату жоспарланды.
Сөйтіп, РФ–ҚР бірлескен шешімі қабылдады:
«Бәйтерек» жобасы құрылды. Мақсат – гептилден бас тарту, жаңа буын зымыранына көшу. Алайда жоба қаржылық және саяси себептермен баяу дамыды. Бірақ, гептилге заңды түрде тыйым салынған жоқ. Ресей гептилден толық бас тарту жөнінде халықаралық заңдық міндеттеме алған жоқ. Ресей бар болғаны саяси мәлімдемелермен шектелді. Яғни, ол гептилге отын түрі ретінде тыйым салмайды. Мәселе заңды тыйым туралы емес, кезең-кезеңімен гептилден бас тарту туралы болды.
Міне, содан бергі уақытта Ресей гептилге қайта оралуда. Себебі, бұл экологиядан емес, көбіне геосаяси жағдайлардан туындап отыр. Санкциялар әсерінен Ресей қолданыстағы гептилді жаңа отын түрлерімен толық алмастыруға қол жеткізе алмады. Жоспарланған «Ангара», «Бәйтерек», «Союз-5» жобалары баяу дамуда. Санкциялар әсерінен Ресей 2022 жылдан кейін ғарыш нарығының елеулі бөлігін жоғалтты, керісінше, өз спутниктерін тез ұшыру қажеттілігі артты. Осыған байланысты, Ресей әбден «тексерілген тасымалдағыш» отын – гептилді қолдануды жалғастырды.
Әрине, «Роскосмос» әлі де Байқоңырға тәуелді деуге болады. Ендеше, бүгінде «Ресей міндеттемелерін бұзып отыр ма?» деген сұрақ туады. Бұған заңдық тұрғыда ‑ «жоқ», ал саяси тұрғыда ‑ ішінара «иә» деп жауап беруге болады. Шындығында, бұл ‑ бұрын жарияланған бағыттан ауытқу, бірақ, келісімшартты бұзу емес.
Байқоңыр – тек ғарыш айлағы емес, геосаяси құрал
Байқоңыр — Қазақстан аумағында орналасқанымен, Ресейдің стратегиялық инфрақұрылымы. Гептилге қайта оралу — техникалық шешім ғана емес, бұл:
Ресейдің Байқоңырға тәуелділігінің сақталғанын және одан бас тартуға әлі дайын еместігін көрсетеді.
Бұл нені білдіреді?
* Ресей Орталық Азиядағы өзінің нысаны болуын сақтап отыр.
* Қазақстан аумағы Ресейдің ғарыштық әскери-стратегиялық жүйесінің бөлігі болып қала береді.
Экологиялық мәселе «егемендік мәселесіне» айналады.
Гептил ‑ тек экология емес, ол бүгінде Қазақстанның өз аумағында қандай технологиялар қолданылатынын бақылау қабілетінің сынағына айналды. Егер Қазақстан өзінің экологиялық талаптарын өткізе алмаса, онда бұны Ресей «жұмсақ тәуелділік» белгісі ретінде қабылдайды. Яғни, мұндағы экологиялық тәуекел саяси тепе-теңдіктің емес, «саяси асимметрия индикаторы» саналады.
«Бәйтерек» жобасы бастапқыда гептилден бас тартудың және технологиялық теңдіктің символы болуы тиіс еді. Алайда жобаның созылуы Ресейдің технологиялық басымдығын сақтауға мүдделі екенін көрсетеді. Ол Қазақстанның толық дербес ғарыш субъектісіне айналуын кейінге қалдырады. Сондықтан гептилдің қайта қолданылуы «тең серіктестікке көшу» процесінің тежелуін білдіреді.
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ.
abai.kz
Фото: cdnstatic.rg.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!