Адам миы – ғаламдағы ең күрделі құрылымның бірі. Оның нейроны мен байланысының саны галактикадағы жұлдыздан да көп. Бүгінгі ғылым алдында тұрған ең ірі сынақтың бірі – адамның санасын цифрлық тасымалдаушыға көшіру. Яғни сананы цифрландыру. Осы бағыттағы зерттеулер қарқынды жүргізілуде.
ЗЕРТТЕУЛЕР мен МЫСАЛДАР
«Первому игроку приготовиться» фильмінде 2045 жылғы оқиға өрбиді. Әлемде барлық тұрғын уақытын виртуалды ойын «Оазис» ішінде өткізеді. Ал «Призрак в доспехах» фильмі келешекте технологияның адам өміріне әсерін сюжет етеді.
Бұл фильмдер цифрлық көшірме идеясына тікелей де, жанама да ой тастайды және оның іске асуы мүмкін екенін көрсетеді.
Алайда сананы цифрландыруға бірнеше негізгі кедергі бар.
Біріншіден, мидың толық картасын жасау қажет. Яғни барлық нейрондық байланысты түсіну керек.
Екіншіден, сананың механизмін анықтау маңызды. Сана тек биологиялық процесс пе, әлде оны цифрлық жүйеде қайта жасауға бола ма? Осы сұрақтың жауабын анықтау керек.
Үшіншіден, есептеу қуаты үлкен рөл атқарады. Адам миында шамамен 86 миллиард нейрон бар, олардың әрқайсысы жүз триллионнан астам синапс арқылы байланысқан. Сонымен қатар, нейрондар арасындағы сигналдарды өңдеуге нейроглия жасушалары да әсер етеді. Олар нейрондардан 10 есе көп болуы мүмкін. Мұның бәрін толық модельдеу орасан зор есептеу ресурсын талап етеді.
Қазіргі ғылым әлі сананы толық цифрландыруға қол жеткізе қоймағанымен, мидың жұмысын зерттеу, нейроинтерфейсті жасау және суперкомпьютерді пайдалану бағытында елеулі жетістік бар. Егер болашақта есептеу қуаты жеткілікті болып, сананы цифрландыру принципі анықталса, бұл технология шындыққа айналуы мүмкін.
Мысалы, 2013 жылы итальяндық дәрігер Серхио Канаверо адамның басын трансплантациялау мүмкін екенін мәлімдеді. Ол жұлын тінін байланыстыру мәселесін фузоген арқылы шешуге болатынын айтты.
2017 жылы Қытайда Канавероның басшылығымен адамның басын мәйіттің денесіне ауыстыруға бағытталған нейрохирургиялық операция жасалды. Бұл операцияда жүйке талшығы мен қан тамырын қосуға тырысты. Дегенмен, кейбір ғалым оның нәтижесіне күмәнмен қарайды. Операция науқастың толық өміршеңдігін дәлелдеген жоқ.
Сананы зерттеуге арналған жобалар да бар. АҚШ-тағы «Human Connectome Project» компаниясы мидың толық картасын жасап, нейрондық байланысты картаға түсіру арқылы ойлау мен сана процесін зерттейді.
Швейцариядағы «Blue Brain Project» компаниясы суперкомпьютерді пайдаланып, ми қабығының бөлігін цифрлық модельдеуге тырысты. Neuralink стартапы ми мен компьютер арасындағы тікелей байланыс жасауға бағыттады. Ал Nectome компаниясы өлген адамның миын химиялық консерванттар арқылы сақтап, болашақта оны цифрландыруды жоспарлайды. Жапонияның Brain Project компаниясы мидың жоғары дәлдіктегі симуляциясын жасау үшін кванттық есептеуді зерттеп жатыр.
ҚАШАН және ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАДЫ?
Болашақта адамның санасын цифрға көшіру тек ғылыми фантастика ғана емес, нақты іске асуы ықтимал.
Джеймс Кэмеронның «Аватар» фильміндегі сценарийді елестетіп көріңіз. Адамның санасы нейроинтерфейс арқылы виртуалды денеге беріледі. Ал биологиялық ми тек бақылаушы күйде қалады.
Ғылым бұл идеяны «толық жүзеге аспайды» деп толық жоққа шығара алмайды. Сананы цифрландырудың принциптік мүмкіндігі бар. Бірақ, әлі күнге дейін технологиялық қиындық бар.
Психолог Майкл Грациано бұл процесті былай түсіндіреді. Адам клиникаға барып, өзінің санасының виртуалды көшірмесін жасатады. Процедура сәтті өткеннен кейін цифрлық көшірме виртуалды әлемде «тірі» болып оянады. Ол адамның білімін, тәжірибесін, дағдысын және естелігін толық сақтайды.
Сананы цифрландырудың нақты уақыты әзірше белгісіз. Бұл үрдіс бірнеше күрделі ғылыми және технологиялық міндетті шешуді талап етеді.
Сарапшылар оны үш кезеңге бөледі:
Бірінші – қысқамерзімді кезең (2025-2040). Нейроинтерфейстер дамиды, жасанды интеллект адамның кейбір ойлау үлгілерін модельдей алады, мидың нейрондық байланыстары зерттеліп, бастапқы цифрлық карталар жасалады.
Екінші – ортамерзімді кезең (2040-2070). Мидың толық цифрлық модельдері жасалып, кванттық есептеу технологиялары нейрондық желілерді өңдеуге мүмкіндік береді. Осы кезеңде сананың алғашқы цифрлық көшірмелері пайда болуы ықтимал.
Үшінші – ұзақмерзімді кезең (2070-2100). Толық сананы цифрландыруға қол жеткізу, цифрлық көшірменің автономды түрде өмір сүруі мүмкіндігі туады. Физикалық денеден тәуелсіз «цифрлық өмір» қалыптасуы ықтимал.
Бұл тек ғылыми жетістік қана емес. Сананы цифрландыру мемлекеттерге және халықаралық қауымдастыққа жаңа саяси, құқықтық және этикалық сын-қатерлер әкеледі. Кімнің санасы көшіру мүмкіндігіне ие болады? Кім оны бақылауға алады? Бұл сұрақтар жеке адамның құқығы, азаматтық бостандықтар және ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланысты.
Қысқасы, сананы цифрландыру ХХІ ғасырдың екінші жартысында немесе ХХІІ ғасырдың басында мүмкін болуы ықтимал. Ал алғашқы қадамдар – нейроинтерфейстер мен мидың цифрлық модельдері қазіргі уақытта іске асуда. Бұл үрдіс тек технологиялық жаңалық емес, адамзат қоғамының болашағына тікелей әсер ететін саяси шешімдер қабылдауды талап етеді.
ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗА
Цифрлық сана, цифрлық тұлға, цифрлық көшірме – бұлардың барлығы фантастика емес, нақты құқықтық мәселе.
Қазіргі заң жүйесінде кез келген цифрлық өнім бағдарлама, дерекқор немесе алгоритм ретінде қарастырылады. Егер цифрлық сана компания серверінде сақталса, лицензия арқылы басқарылса, техникалық тұрғыда өшірілуі немесе көшірілуі мүмкін болса, ол еріксіз түрде меншік объектісіне айналады. Ал бұл – аса қауіпті үрдіс. Сондықтан цифрлық санаға құқықтық баға беру, оны заңмен нақтылау – уақыт талабы.
Еуропалық Одақ бұл мәселеде айқын ұстаным ұстанады. Цифрлық сана адаммен тең құқық субъектісі ретінде танылмайды. GDPR регламенті цифрлық көшірмені емес, тірі адамды қорғайды. Адамның аты-жөні ғана емес, оның ойлау үлгісі, мінез-құлқы, өмірлік тәжірибесі де жеке дерек болып есептеледі. Яғни құқықтың субъектісі – әрдайым адам.
Сонымен бірге, цифрлық сана құқық иесі болмаса да, оның көмегімен адамның жеке өміріне қол сұғылуы, еркіндігі шектелуі, абыройына нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан Еуропалық құқықта цифрлық сана – құқық субъектісі емес, бірақ адам құқығын бұзуы ықтимал объект ретінде қарастырылады. Бұл – технологияны емес, адамды қорғауға бағытталған түбегейлі ұстаным.
Қытайда да цифрлық сана заңмен мойындалмаған. Мұнда басты басымдық – мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылық. 2021 жылы қабылданған жеке деректерді қорғау туралы заң адамның естелігі мен тұлғалық моделін пайдалануды деректерді өңдеу ретінде таниды. Ал цифрлық сананың автономды дамуына жол берілмеуінің себептері түсінікті: басқарылмайтын автономия қаупі, идеологиялық бақылау және ұлттық қауіпсіздік мәселелері.
Жапония, АҚШ, Канада, Үндістан сияқты елдерде де бір қағида өзгеріссіз: құқық тек адамға ғана тиесілі.
Бірақ бір нәрсе анық. Цифрлық сана – заңнан тыс қалатын құбылыс емес. Жақын болашақта оны пайдалану, қорғау және дамытуға қатысты арнайы құқықтық режимдер қабылданады.
Ең басты сұрақ – біз сол заңдарды технологияның мүддесіне емес, адамның қадір-қасиетін қорғау үшін қабылдай аламыз ба? Мәселе осында.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
P.S. Айналып келгенде, адам санасын цифрландыру – белгілі бір дәрежеде роботтандыруға ұқсас процесс. Бұл ми сигналын компьютерге көшіру емес, адамның ойлау қабілетін, естелігін және дағдысын цифрлық ортада қайта жасау дегенді білдіреді. Нәтижесінде адам физикалық тәнінен тәуелсіз өмір сүре алатын виртуалды немесе роботталған нұсқасына айналуы мүмкін. Ал біз сананы цифрландыруға дайынбыз ба?
Фото: habrastorage.org
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!