Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасанды интеллекті дәуіріндегі Абай ойлары

30.04.2026, 10:25 44

Қазіргі ХХІ ғасыр – ғылым мен технологияның, әсіресе жасанды интеллектінің қарқынды дамуы арқылы сипатталатын жаңа өркениеттің кезеңі. Ақпарат секундына жаңарып, адамның ой еңбегін алмастыра бастағанда, рухани құндылықтардың орны ерекшеленеді. Осындай жағдайда Абай Құнанбайұлының философиялық көзқарастарының мәні бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.

Абай мұрасы – тек әдеби немесе тарихи құндылық емес, бүгінгі цифрлық қоғамға да бағытталған терең философиялық бағдар. Жасанды интеллект негізінен логикалық есептеу, ақпаратты талдау, үлгілеуде алуан түрлі мүмкіндік береді. Ал Абай ойлары адам жанын тыныштандырып, «Ақыл, қайрат, жүректі тең ұста» деп, адам болмысы тек ақылмен шешілмейтінін жеткізеді.

Қазіргі уақытта түрлі технология ақылды өзгерткенімен, адамгершілік пен жүректі өзгерте алмайды. Сондықтан Абайдың «жүрек» туралы ілімі жасанды интеллект дәуірінде жоғары бағаланады да, ерекше маңызға ие.

Жасанды интеллект ақыл-ой қызметін жетілдіргенімен, рухани сезім мен жауапкершілікті иелене алмайды. Ар-ұят, мейірім, жауапкершілік сияқты қасиеттер тек адамдарға тән. Абайдың білім мен ғылымға шақырған ойлары да бүгінгі заманмен үндеседі. Оның «Ғылым таппай мақтанба» қағидасы бүгінгі ақпараттық қоғамда жалқаулықтан арылып, бос мақтанбай, үздіксіз ізденуге шақырады. Бүгінгі күні де жасанды интеллектіні тиімді қолдану үшін де терең білім мен сыни ойлау және жауапкершілік қажет.

Абайдың «терең ой, қанағат, рақым» ұстанымдары – ғылыми-технологиялық прогресті адам игілігіне жұмсаудың басты шарттары. Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерінде адамды өзін-өзі тануға, мінезді түзеуге, рухани кемелденуге шақырады. Жасанды интеллект дамыған дәуірдің мүмкіндіктері мен сындары қоса жүреді. Жасанды интеллект дамыған дәуірде адамда өз болмысын жоғалту қаупі арта түседі де, тұлғаның әлеуметтік жауапкершілігін әлсіретуі мүмкін. Осындай жағдайларда Абайдың қара сөздеріндегі өзін-өзі тану, мінез түзету ойлары, рухани тұрақтылық адамға бағыт-бағдар береді.

Жасанды интеллект дәуірі — Абай ойларын ескіртпейді, керісінше олардың маңыздылығын арттыратын кезең. Абай мұрасы адамға технологияны қалай қолдану керектігін емес, оны нақты қандай мақсатта пайдалану керек екендігін үйретеді. Сондықтан, Абай ойлары цифрлық ғасырда адамның рухани тірегіне, болмысының сақталуына бағытталған құндылық саналады. Абай мұрасы – бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін рухани темірқазық.

Инабат ТҰРАШ,

Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің

11-сынып оқушысы

Фото: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: