Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Облыстағы дене шынықтыру және спортпен айналасатын халық саны 274 мыңға дейін өсті»

03.06.2022, 16:00 364

Гүлмира ҚАЛМҰРАТОВА, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

– Гүлмира Мұратқызы, спортпен айналысамын деушілерге облысымыздағы спорттық нысандардың саны жеткілікті ме?

– 2021 жылдың соңына дейін жаңа спорт нысандарының іске қосылуының арқасында облыстағы дене шынықтыру және спортпен айналасатын халықтың саны 22 мың адамға өсті. 2020 жылы 252 мың адам еді, 2021 жылы 274 мың адам болды.

2021 жылы өңірде 48 спорттық инфрақұрылым нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде спорт нысандарының саны 775-тен 823-ке өсті. Оның 345-і – ауылдық жерлерде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғам күш біріктіруі қажет» деп тапсырды. Бұл жылдың да жартысы өтіп барады. Осы орайда Мұнайлы ауданында, әсіресе, Батыр ауылы мен Қызылтөбе-2 ауылында балаларға арналған спорт залдарын салу мәселесі өзекті.

– Мұнайлы ауданы бойынша 2020 жылы – 8 жазықтық құрылғы, 2021 жылы – 1 спорт кешені, 7 жазықтық құрылғы пайдалануға берілді. Биыл тағы 2 спорт зал, 5 жазықтық құрылғыны тұрғындар игілігіне ұсынуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса 2023-2024 жылдары Батыр ауылында 200 орындық спорт кешенін, Қызылтөбе ауылында 200 орындық спорт кешенін салу бойынша шаралар алынуда. Ал Қызылтөбе-2 ауылында балалар мен жасөспірімдерге арнайы спорт зал құрылысын салу жоспарланды.

Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округіндегі алты жыл бұрын салынған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты да, жер көлемі де қазір тарлық етіп келеді. Ал мектеп жанында игерілмеген бос орын бар. Оны ауыл халқы және жас спортшылар үшін стадионға айналдыру бағытында көптен көкейімізде жүрген ұсынысымызға облыс әкімінің назарын аудару үшін былтыр газеттерге мақала да жариялағанбыз…

– Басқұдық ауылдық округі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ауласынан футбол алаңын салу бойынша кәсіпкерлермен инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Маңғыстаулық спортшылардың дайындығын пысықтайтын арнайы база жоқ. Жалпы олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжін ашу қажет. Облыс әкімдігі осы мәселені қашан қолға алар екен?

– Ақтау қаласында олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжін ашу жоспарда бар. Осы мақсатта қаладан жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға қаражат қарастырылуда.

Спортшылардың техникалық-тактикалық дайындығын жетілдіру бойынша боксшыларға арналған «Иса-Досан» спорт кешені, дзюдошыларға арналған «Т.Жолдыбаев атындағы дзюдо орталығы», «Балдаурен» демалыс базасында түрлі деңгейдегі жаттығулар мен жарыстар өткізіледі.

Екі жыл қалған Париж олимпиадасына спортшыларымыз дайын ба? Оған кімдер қатыса алады?

– Бұл мақсат жолында облысымызда олимпиадалық спорт түрлерінен бірнеше үкілеген үміткерлеріміз бар: Боксшылар – Төлтаев Саматәлі мен Төлтаев Санатәлә; дзюдошылар – Нарбаев Бауыржан, Наркулов Асқар, Жұбатқан Сұңғат, Мусаев Руслан; әйелдер күресінен – Тәңірбергенова Марал; еркін күрестен – Куруглиев Камил, Алиев Маийс; грек-рим күресінен – Сәрсенғалиев Әлибек, Сағынбай Рахат; диск лақтырудан – Миловацкий Евгений… Алайда олар алда өтетін олимпиада ойындарына (Париж-2024) дейін түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, ұпай түгендеу керек. Сондай-ақ спорт түрінен ұлттық құраманың сапында іріктеуден өтуі тиіс.

Маңғыстау облысының спорт мекемелеріне психологтар, спорт менеджерлері, тәжирбелі дәрігерлер жетіспейді. Одан қалса, облысымызға дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері де керек.

– Спортшыларымыз Ш.Бөлтекұлы атындағы жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінде денсаулықтарын тексере алады. Ол жерде 6 медицина қызметкері жұмыс істейді. Сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өзіне қарасты спорт мекемелеріне психологтар мен тәжірибелі дәрігерлерді жұмысқа тартуды жүргізуде.

2020 жылдан бастап мемлекеттің қолдауымен спорт саласының мамандары мен медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында еңбек ақыны арттыру бойынша шаралар жасалды. Соның ішінде 636 жаттықтырушының жалақысы 50%, 42 медицина қызметкерінің жалақысы 25% өсті.

– Спортшылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары да алаңдатады. Төрешілердің жалақысын көтеру жолдары қарастырыла ма? Мысалы, күрестен халықаралық дәрежедегі төреші Нұрсұлтан Амандыққа бір күндік төрешілік қызметі үшін 1239 теңге ғана төленеді екен. Бұл еңбекті әділ бағалауға жата ма?

Джиу-джутсудан екі дүркін әлем чемпионы Алия Тлепова қалада пәтер жалдап тұрады. Отбасы он жыл бұрын ғана Түрікменстаннан көшіп келген. Қазір Мұнайлы ауданында жалдамалы пәтерде тұрады. Мұндай мысалдар жеткілікті.

– Жаңа айтқанымыздай, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті. Енді алдағы уақытта спорт төрешілерінің еңбек ақысын көтеру жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2017 жылғы 6 қазандағы №229 «Маңғыстау облысының спортшаларына ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдерін бекіту» қаулысына сәйкес, спортшылардың жетістіктеріне қарай айлық ақы төленеді. Сіз атаған чемпионымыз Алия Тлеповаға солай айлық төленеді.

– Дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмыстары облыс әкімдігін қанағаттандыра ма?

– Облыстық басқарма тарапынан қала, аудан спорт бөлімдеріне, спорт федерацияларына және басқармаға қарасты мекемелерге толық көлемде ұйымдастыру-методикалық көмек көрсетіледі. Қалалар мен аудандардағы бөлімдердің мамандарының қатысуымен мәжіліс алқалары, апталық, айлық, тоқсандық жиналыстар өткізіліп, есептер тыңдалады, спорттық шаралардың дайындығы пысықталады. Сонымен қатар, басқарма спортшы ардагерлер алқасымен тығыз жұмыс істейді.

Жүйелі жүргізіліп отырған жұмыстың арқасында республикада бұқаралық спортты дамыту бойынша Маңғыстау облысы алдынғы қатарда. Бүгінгі күні басқарманың атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпараттар әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда тұрақты жариялануда.

Сұхбаттасқан – Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: