Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нумерологиядан өмірдің мәнін таптым

01.12.2021, 11:00 592

Мира  БАКИБАЕВА,

халықаралық  деңгейде  коуч,  нумеролог:

Қазір жаңа мамандық алудың қиындығы жоқ. Аз ғана қаржымен өзің ұнатқан трендтегі мамандықты оқып алсаң болады. Трендтің төркіні түсінікті шығар. Ол – заманға сай сұранысқа ие мамандық. Жасыратыны жоқ, қай салада қаржы көп, соның жетегінде жүретін заман болған. Нумеролог дегенді естіп жүрген боларсыз. Сіздің тағдырыңызды сандармен байланыстырып, болашағыңызды болжап береді. Туған күн, ай мен жылыңызды айтсаңыз, өзіңізге тән мінез-құлық, өмірлік мақсат, отбасылық және өзге де тек сізге қатысты мәліметтерді жіпке тізгендей етіп айтып береді. Әсіресе «Instagram» әлеуметтік желісінде осы салада қызмет көрсетіп, нәпақасын айырып жүргендер көп. Халықаралық деңгейде коуч, психолог, нумеролог Мира Мырзабайқызы Бакибаевамен сұхбаттасып, аталмыш ғылым  жайында аз-кем әңгіме құрған едік.

ӘЛЕМНІҢ  ӨЗІ  САННАН  ТҰРАДЫ

– Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсең­із.

– Негізгі мамандығым – экономист. Одан кейін психолог және  дінтанушы-теолог мамандығын игердім.  Нумерологияның түрлі сала­ларын оқып, зерттегенмін. Атап айтқанда, таронумерология, астронумерология, кармалық нуме­рология, классикалық Пифагор нумерология­сы, америка мектебінің нумерологиясы салаларын жетік игердім деп айта аламын. 2018 жылдан бастап «77 терең тазалық» деп аталатын елге қажет болған психологиялық әдістермен жүйеленген сабағымды жүргізіп келемін. Бұл – өте нәтижелі және сұранысқа ие сабақ. Өзімнің зерттеп жүрген тақырып­тарым бо­йынша @amira_alim5 инс­таграм парақ­шамда  жазып тұрамын. «Ниет» атты феншуй заңдылығына сай күнделік  шығарғанмын. Алла бұйыртса, елге өте пайдалы әйелдер құқығына байланысты және психологиялық, философиялық ой жинақтарым жазылған кітаптарым да жарыққа шығып  қалады.

– Бұл салаға қай жылдан бастап ден  қойдыңыз?

– 2006 жылы психологияны оқып жүрген кезімде нумерология­мен таныст­ым. Бірақ өзімнің діни көз­қарасыма әлі толық көзім жетпеген­діктен, ол ілімге күмәнмен қарап, бетін жауып қойған едім. Кейін 2014-2015 жылдары нумерология саласына саналы түрде келіп, жан-жақты  зерттей бастадым. Әлі де оқып келемін. Және білімімді тәжі­рибе жүзінде пайдаланып келе жатырмын. Бастапқыда  айналамдағы  дос-жаран, туған-туыстарға тәжірибе жасай келе нумерология­ның дұрыс-бұрыс­тығына әбден кө­зім­ді жеткізгім келді. Нәтижесінде дәл осы ілімнен өмір бойы іздеген сұрақтарымның жауабын таптым. Өзімнің бұл өмірге не үшін қандай миссиямен келгенімді толық түсіндім. Өзгелерге де сол мақсаттарын анықтауға, өмірде дұрыс бағыт­тарын таңдауға көмектесіп келемін. Адамдар осы нуме­ро­логия арқылы дұрыс шешімдер қабылдауды, өмірлік шешуші сәттерде өзін қалай ұстауды, қай кезде бизнес бастауға болады, денсаулығына байланысты сәтті ота жасату керек болса, оны қай уақытта жасау қажеттігін білуге болады. Марс және Нептун  кезеңі деген бар, егер соған сәйкес келсе, отасы сәтсіз шығуы мүмкін. Жалпы, ол кезеңде адам сақтанып жүруі керек. Отбасылық жағдайға байланысты айтар болсам, үйленетін кезең, жар таңдау, қателікке бой алдырмау сәттерін көруге болады. Жалпы, жеке өміріңе қажетті ақпараттың барлығы осы ілімнің ішінде бар. Әлемнің өзі саннан тұрады. Өйт­кені біздің бар ғұмырымыз есептен тұрады. Дене тұрпатымыздағы әрбір мүшеміз сантиметр, миллиметрмен, жол жүрсек, километрмен, тамақ ішсек  граммен, литрмен есептеледі. Нумерология – бұл өмір матрицасы. Ал  адамдар сол матрицаның құрылымының  ішінде  өмір   сүреді.

ӘРКІМ  ӨЗІНІҢ  ТҮСІНІГІ,  ТАҢДАУЫМЕН  ӨМІР  СҮРЕДІ

– Осы дінде нумерологияны харам деп есептейді, сіздің оған көзқарасыңыз  қандай?

– Мен жоғарыда атап өткенімдей, көп жылдар бойы осы ілімге аса мән бермей жүрдім. Бірақ, өмірімдегі келеңсіз, күтпеген қиын жағ­дайларға қарап отырып ойландым. «Хақ жолында жүргеннің өзінде мұндай жағдайлар неге болып жатыр?» деген сауал мені маза­лады. Сөйтіп жүріп іздендім. Ел аралап, жер аралап іздендім десем де болады. Дінді зерттегенімде Мекке, Израиль, Мысыр, жалпы мұсылман мемлекеттерін қалай араласам, одан кейін Үндістан сияқты елдерге барып білімімді толықтырдым. Сол талабымның арқасында біраз сұрағыма жауап алдым. Дінге қайшы ештеңе көрмедім. Керісінше түсінігіңді кеңейтіп, көңілде тыныштық орнайды. Тағдыр жазулы дегенге дәлел ілімді оқып, көзім жеткен соң, осы салаға келдім. Бұл – енді менің жеке таңдауым, жеке көзқарасым. Әркім өзінің түсінігі, таңдауы бо­йынша өмір сүреді. Біздің арғы ата-бабаларымыздың әрқайсысы шеті­нен  астролог, нумеролог, психолог  болған. Қалай десеңіз, қойшының өзі айға, күнге қарап болжамдар жасап отырған. Сондықтан мұның барлығын көріпкелдік, харам, ширк деп айтуға келмейді. Байқасаңыз, айналамыздың бәрі сан. Сіз дүниеге келгенде сізді әбден өлшеп, жер планетасына тіркейді. Туған күніңіз, айы­ңыз, жылыңыз. Дүниеден озғанда да пәлен  күні пәлен сағатта жарық  дүние  есігін  жапты  дейді.

– Нумерология мен психологияның ара қатынасы қандай? Жалпы, екеуі­нің бір-бірімен байланысы бар ма?

– Иә, екеуі бір-бірімен тығыз байланыстағы ғылым. Әрбір психо­лог нумерологияны оқыса екен деймін. Психологияда адамды тек таным-түсінігі арқылы ғана зерттейді, ал нумерологияда адам өмірінің бағыт-бағдарының барлығын біліп отырасыз. Нумеролог психолог болса, ол ең мықты психолог болар еді. Себебі  жай  психологияның  өзі – бір әлем, нумерология – бір әлем. Екеуін біріктірсе, ол күшті әлем болады.

ЖЫЛАП  ОТЫРЫП  АЛҒЫСЫН  АЙТАТЫНДАР  БАР

– Сізге әртүрлі мәселелерімен келіп, осы ілім арқылы жолы болып кеткендер  бар  ма?

– Өте көп, тіпті жылап отырып рақметін айтатындар бар. Өйткені олардың өздеріне сенімділігі артады. Өз-өздерін табады. Жолдарын тауып, өмірлік мақсаттарын, бағыт-бағдарын біледі. Өмірге нақты қадам жасауға бейімделеді.

– Көп нумерологтар күнделікті аффир­мация  айтуды әдетке айнал­дыр­ған  жөн  дейді.

– Аффирмация – ол психологияның  тақырыбы.

– Нумерологияны ғылым деп қа­рас­тырған  жөн  бе?

– Ресей Федерациясының Білім министрлігі мұны ресми қабылдады.

– Курс оқытасыз ба?

– Жоқ.

– Танымал, ықпалды адамдардың арасынан  сізден кеңес алғандар болды  ма?

– Бар, бірақ олардың атын атап, түсін түстей алмаймын.

– Құпия болмаса, қызмет ақыңыз қанша?

– Құны 15000 теңгеден басталады. Мұнда не үшін, кім үшін бұл дүниеге келдіңіз, өмірлік миссияңыз қандай, отбасылық мәселелер, жылдардың сізге әсері, жаңа жұмысты қашан бастауға болады, мінез-құлқыңыз қандай және бұдан да бөлек тағы көптеген  ақпараттарды  алуға  болады.

– Болашақта нумеролог болғысы келетіндерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

–  Шағын бір курсты оқып алып, мен нумерологпын деуге болмайды. Бұл – өте үлкен, шексіз ілім. Білім алуды тоқтатып қоюға болмайды және үнемі ізденіс үстінде болу керек. Алдымен өзінің айналасындағылармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау керек. Тәжірибе жинақтау үшін де терең білім қажет. Оқы, оқы және оқы.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: