Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мендегі басымдық – Премьер-лига емес, футбол орталығы!

25.07.2024, 11:20 6517

Садық  МҰСТАФАЕВ:

Сыр спорты даму сатысында келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Ертең Париждегі олимпиада ойындары басталады. Төрт жылда бір келетін додада биыл өңірімізден төрт спортшы бағын сынайды. Нақтырақ айтсақ, Токио олимпиадасының қола жүлдегері, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев, грек-рим күресі бойынша Айдос Сұлтанғали, сонымен қатар, дзюдодан екі спортшымыз, яғни Нұрлыхан Шархан, Абылайхан Жұбаназар әлемдік аренада көк туымызды желбіретуге үмітті. Маусымды сәтсіз бастаған «Қайсар» футбол клубы да аяққа тік тұрып, соңғы кездері жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. ҚПЛ-дың турнирлік кестесіне үңілсек, алғашқы турларда соңғы орында тұрақтаған «қасқырлар» алтыншы орынға  көтерілген. Бұл да – Сыр  спортының  жетістігі, клуб басшылығының ерен еңбегі. Турнир әлі аяқталған жоқ, жартысы енді артта қалды. Қайсарлықтардың әлі жоғарылауына мүмкіндік бар. Осы тұста Сыр спортының жанашыры, елімізге белгілі жаттықтырушы, бүгінде «Қайсар» футбол клубының директоры әрі «Ауыл» партиясының мүшесі Садық Мұстафаевпен «Қайсар», Сыр спортының ахуалы жайында  әңгіме  өрбіткен  едік.

– Ассалаумағалайкүм, Садық аға! Жағдайыңыз қалай? Ең алдымен өзіңіз жайында сұрақ қойғым келіп отыр. Елге қазақ күресі ұлттық спортының жанашыры әрі жаттықтырушысы, сондай-ақ дзюдадан төреші ретінде танылдыңыз. Жекпе-жек өнеріне жақын адамдар көбіне футболға нега­тивті, қыңыр көзқараспен қарайды. Күрестен футбол менеджментіне қалай  келдіңіз?

– Спорттың менеджменті тек біреу ғана. Ол жекпе-жек өнері болсын, футбол болсын аса айырма­шылығы жоқ. Ал басқаруға келер болсақ, иә, қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Маған талай ұсыныс айтылды. Төрт-бес рет ауданға әкім болу ұсынысы түсті. Және басқа да ірі-шағын мекемелерге басшылық етші деушілер де болды. Бірақ, мен – спорт үшін жаралған жанмын. Менің қолымнан келетін бірден-бір сала да – осы. Мен өз басым өңірдегі спорт басқармасын 12 жыл, 5 ай басқардым. Жалпы, спорт саласында басшы болған соң, күрес пе, футбол ма, тіпті велоспорт па бәріне бірдей көзқараста, екпінде қарау керек. Оған дейін мен жаттықтырушылық қыз­метте болдым, Алматы қаласында федерация­ға басшылық еттім, дзюдо федерациясының вице-президенті болдым, аталған қызметті қазақ күресінде де атқардым. Осыншама жыл жұмысым­да аңғарғаным, қаншалықты өзің айналысып жатқан жұмысқа көңіл бөліп, екпін қоятын болсаң, соншалықты ісің алға жүреді. Алайда, арам емес, адал көзқараспен атқаруың керек. Көп кісі менімен келіспеуі мүмкін, бірақ нағыз кәсіби маман ең бірінші жұмысын ойлауы керек. Кейінгі кезекте отбасы тұрады. Өйткені, сол жұмыстың арқасында отбасыңды асырайсың. Ал енді тиіп қашып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру – менің ұстанымыма  жат  нәрсе.

– Өзіңіздің басқарушылық ұстанымыңыз  бар ма?

–       Менің Дәулет Тұрлыханов деген ағам бар. Сол кісі осы Сыр өңірінің спортын дамытсаңшы, басшылық қызметке бар деп ұсыныс айтқанында, мен көп ойланып, жауап­кершіліктен айнып, майда жұмыстарды қарастырсам ба екен деп жүргенімн. Өзімше Қазақстан чемпиондарын дайындаймын деп жүрген сәтім ғой. Сол кезде Дәулет ағам айтқан тұғын: «Садық, «планку выше бери». Егер спортты шынымен көтергің келсе, сен олимпиада чемпионын шығаруды ойла, әлем чемпионын шығар. Міне, егер мойныңа үлкен жауапкершілік артар болсаң, мақсатыңа жету үшін бәрін жасайсың» деп. Тарихымыз­ға үңілер болсақ, Қызыл­орда Қызыл­орда болғалы тек Марат Сатыбал­диев ғана 1989 жылы Кеңес одағының құрамасында жүріп, әлем чемпионатын жеңген. Жалғыз. 2005 жылға дейін Сыр өңірінен ешқандай олимпиада чемпионы түгілі, қатысушы да шықпаған. Маған дейін Қызылордада тек екі Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы болды. Мен басқарма басшысы болғаннан кейін екеудің саны жиырма екіге артты. Спорт басқармасы менің қарамағымда болған 12 жыл, 5 айда бас-аяғы 20 бапкер Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алды. Бұл дегеніміз – үлкен прогресс. Бұл еңбек қой? Еңбек! Мұның бәрі жұмысқа берілгендіктің, жақсы көріп істегеннің арқасы. Қазақ айтады «көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп. Дзюдодан ұлттық құрамаға жаттықтырушы болып жүрген уақытымда әлемнің қаншама мемлекетінде болдым. Сол жақтан көрген-білгенімді осы жаққа әкелуді місе тұттым. Көп ізденгенім өзіме көп көмегін берді. Сосын ешқашан біреуден бірдеңе сұраудан ұялған емеспін. Не сұрасам да, нағыз маманнан сұрағанды жөн көремін. Ол мейлі менен үлкен болсын, кіші болсын. Тәжірибе  жас  талғамайды.

– Ал енді өзіңіз басшылық ететін «Қайсар» клубының аяқ алысы жа­йында сөз етсек. «Қайсардың» қарқыны жаман емес. Былтырғы ойынмен салыстырғанда прогресті байқаймыз. Қазір «қасқырлар» 6-орынды місе тұтуда. Қол астыңыздағы команда мау­сымға қойған жоспарды қаншалықты орындап жатыр? Клубты қандай  өзгерістер  күтіп  тұр?

– Облыс әкімінің өзі «Қайсарды» ұсынған кезде нақты тапсырмаларды қойған болатын. Сол тапсырмалармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің қазақтың бойында бір шыдамсыздық бар. Қазақ тал ексе, сол күні жеміс беруі керек. Айтып қоя­йын, мендегі басымдық –  премьер-лига емес, футбол  орталығы. Баланы жас­тан  дейді. Облыс көлемінде футболмен шұғылданушы  балалар  саны 360 еді, біз оны 640-қа көтер­дік. Мейлінше, футбол ойнайтын жасөспірімдердің санын арттырсақ, соғұрлым араларынан жақсы-жақсы дейтін, болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды іріктеп аламыз. «Қайсар» «Тобылды» 5:1 есебімен жеңген кезде «Қайсар» сапында 16-17 жастағы екі ойыншы доп тепті. Екеуі де – қорғаушы. Менің қалай қуанғанымды көрсеңіз ғой. Бұған дейін бұл екі жігітті Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынына жіберген едік. Клубтың спорт директоры арнайы бұл екі футболшыны ересектер арасына қосты. Спорт директоры Мақсат Байжановтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мақсаттың бастапқы жұмысы – бала кезінен топ жарып, ойынымен ерекшеленген әрбір жас­ты дайындап, тек ғана физикалық тұрғыда емес, моральдық тұрғыда шыңдап, негізгі клуб қатарына қосу. Сол кезде ғана қазақ футболының қазіргі басты мәселесінің бірі легио­нер ойыншыларға тәуелділіктен құтыламыз. Алсақ та, қазіргідей емес, бірен-саран. Ол үшін бізге шыдам­дылық, шыдамдылық және шыдамдылық керек. Негізі біз бұл істі бұрындары қолға алуымыз керек еді. Сонау мен 2005 жылы спорт басқармасына басшы болып келген кезімде. Бірақ мен осы тұста өзімді ақтай аламын. Жоғарыда айтып өткендей, ол кездері облысымызда не жөнді спортшы, не жаттықтырушы болмады. Сол себепті менің «Қайсарды» ойлайтын уақытым да болған жоқ. Егер «Қайсарға» екпін беріп, басқаларды екінші сатыға қойсам, басқа спорт түрлері жетімсіреп, дамымай қалар ма еді? Қазір енді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы «Қайсарды» сенім артып, тапсырған соң бұл іске білек сыбана кірісіп, бұрын үлгермей, жасай алмай қалған істерімнің орнын толтырып жатыр­мын. 100% құрған  жоспарымның тек 60%-ын  ғана  орындай  алдым.

– Байқаймын, балалар фут­болы жайында көп айтасыз. Осы тұс­та «Қайсар» жастарының ахуалы жайын­да сұрағым келеді. Жастардың дамуына керекті жағдай жасалған ба? Жастардың  нәтижесі  қалай?

– Мен арнайылап осы жеткіншек аяқдопшыларды жаттықтыру үшін шетелден екі маман алдырдым. Еуропаның мен деген 15 клубынан біліктілігін арттырып келген, Испанияның «Реал Мадрид», «Барселона» секілді клубтарынан тағылым­дамадан өткен мамандар. Таразда жұмыс істеп жүрген жерлерінен Сыр өңіріне алдырдым. Бірақ тағы айтайын, уақыт қажет. Мысалы, бұған дейін «Қайсар» жасөспірімдерінің республикалық турнирлердегі ең жоғарғы  жетістіктері 12, 14 ,9-орындармен шектеліп қалса, бүгінде бала­ларымыз үздік үштікке таласып жатыр. Тіпті кей жас ерекшеліктері бойынша чемпион болып жатқандары да бар. Ортаңғы буынның да қарқыны жаман емес. Ең алдымен жаттықтырушыларға, жасөспірімдерге қолдау білдіретін болсақ, бәрі жүзе­ге асады. Қазір бізде әр лигада бір командадан бар. Мысалы, екінші лигада «Қайсар-Шиелі» жастары доп тепсе, бірінші лигада «Қайсар Жас»  бар. «Қайсар-Шиелі» төртінші орында келе жатыр. Ал бірінші лигадағы «Қайсар Жас» төменгі орынға орныққан, 11-орында.

– Бірақ онда «Тараз», «Оқжетпес», «Ақжайық» және «Каспий» секілді экс-ҚПЛ клубтары бар ғой. Жас болса да, олармен қатар бір турнирде ойнау да жақсы нәтиженің  белгісі  шығар?

– Иә, онда премьер-лигаға шығуды місе тұтып отырған командалар көп. «Алтай» бар, «Оқжетпес», «Кас­пий»,  «SD Family» секілді біздің алды­мызда келе жатқандардың бәрі­нің амбициясы – ҚПЛ. Бірақ бұл әр жеңіліске, төмен нәтижеге қанағат­тану керек деген сөз емес. Неге біздің нәтиже көңіл көншітпейді, нәтиже төмен? Себебі, біз жастарға осы уақытқа дейін мән бермегенбіз ғой. Премьер-лигада ойнап жүргендердің жартысы – шетелдіктер. Бізге не пайда? Егер тек өзімді ойласам, клубты мықты ойыншылармен толтырып, орталықты қысқартып тастар едім. Бірақ мен олай жасамаймын. Бізде Қазақстанның үш лигасында өнер көрсететін тек бір клуб бар. Ол қай  клуб  дейсіз  ғой? «Қайсар»!

– QJ League жайында білетін болар­сыз. Freedom Bank-тің балалар футболын дамытуға бағытталған жоба­сы. Қайсарлық жастар онда да ойнап жүр. Аталған лига жайында қандай пікірдесіз, мұндағы коман­даның  ахуалы  қалай?

– Негізі рейтинг арқылы қарар болсақ, «Қайсар» бұл лигада ойнамау керек еді. Бірақ, мен достығымды пайдаланып, бұл турнирге «Қайсарды» да қатыстыруын өтіндім. Себебі, QJ – біздің болашақ. Мен айтайын, аталған лигадағы командалары премьер-лига клубтары секілді ұшақпен ұшады, кәсіби футболшылар деңгейіндегі қонақүйлерде жатады. Күнтізбе қарастырылған, тіпті трансляцияларын еліміздің белді спорт журналистері, комментаторлары жүргізеді. Әр тур сайын символикалық құрам, ойыншылардың рейтингі, номинациялар қарастырылады. Тек қол шапалақтадым. Ертең нағыз кәсіби ойыншылар, өз ісінің мамандары солардың арасынан шығады. Өйткені, олар осы бастан нағыз футболдың атмосферасын, аурасын  сезініп жатыр. Бұған дейін жасөспірім командаға ешкім назар салмады. Бәрі жұмысын сылтау қылады, айлығын алып отыр, балалар қайда жаттығып жатыр, қайда ойнап жатыр, ешкімнің шаруасы жоқ. Бүгін біз  соның зардабын тартып отыр­мыз.

Бір кездері осында алғаш жұмысқа орналасып жатқанымда «ел ағалары» «Шеф, сіз Қызылордадан чемпион шығарып, абырой табамын деп ойламай-ақ қойыңыз. Одан да қалтаңызды толтырып, абырой барда тайып тұрыңыз» деп еді. Мен «рақмет, жақсы кеңес айттыңыздар» деп шығарып салғанмын. Алайда, мен олардың айтқанымен жүргенім жоқ. Тек өзімді тыңдадым. Құдайға шүкір, бүгінде сол еңбегім аз-аздап жемісін беріп жатыр. Жасөспірімдердің әрбір жеңісі сол еңбегімнің сәл де болсын нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта балалар футболын жаңғырту мақсатында ілкімді істердің жобасын бастап жатырмыз. 600 балаға футбол орталығына керек қаражат 450 миллион теңге ғой. Соның 200 миллионын жыл басында берген. Қалған жартысын жарты жыл көлемінде береміз деп уәде берген. Бұйырса, алдағы сессияда ол қаражат та бөлінбек. Қаражаттың жетіспеушілігінен  мен тіпті балалардың  жүзіне қарауға ұялатынмын. Балалар 4 жыл бойы көнені киіп, формасыз жүрді. Құдай қаласа, 10-15 күннен кейін орталықтың жас ойыншыл­ары жаңа форма кие­ді. Енді­гі екі  жылда «Қайсарды»  таны­май  қаласыздар.

– Жақын уақыттары «Қайсар» академияның жобасын бастап жатыр деген сыбыс шықты. Бұл қаншалықты рас? Академия жобасы расымен қаралып  жатыр   ма?

– Академия ашылу үшін ең алды­мен жататын орын керек. Сол база мәселесі ғана шешілу алдында тұр. Бұл – облыс әкімінің күн тәртібінде тұрған мәселе. База ашпай, біз облыс көлеміндегі тәлім алушыларды баға алмаймыз, тамақпен қамтамасыз ете алмаймыз. Қалған дүниелер шешулі тұр десек те болады. Академия жобасы 80%-ға дайын деуге толық негіз бар.

– Сөз соңын алдағы олимпиадамен тамамдағым келіп тұр. Жоғарыда айтып өткендей, сіз ғұмырыңыздың көп бөлігін күреске арнаған жансыз. Париж­де болатын олимпиадаға өңірлік төрт спортшы жолдама алды. Оның біреуі Айдос Сұлтанғали грек-рим бойынша күш сынасса, ал енді Нұрлыхан Шархан мен Абылайхан Жұбаназар дзюдодан ел намысын қорғамақ ниетте. Жігіттердің перспективасын қалай бағалайсыз, жүлделі оралуға  мүмкіндік  бар  ма?

– Төрт  баламыздың  төртеуін­де де медаль  алуға  мүмкіндік бар. Қамшыбек жүлдесіз қайтпайды. Қамшыбек – әлемдік рейтингі жоға­ры боксшы. Сосын Айдосты да ескерген  жөн. Ол қазір нағыз бабында. Қазақстаннан грек-римнен бір адам алтын алар болса, ол – Айдос. Ал енді менің екі баламдай болып кеткен Нұрлыхан мен Абылайханға келер  болсақ, Құдай сәтін салса, екеуі де жүлдеге таласады. Енді жеребе секілді кішігірім ньюанстарға байланысты.  Бұйырса, 28 шілде күні сол екі «немереме» қолдау көрсету үшін Парижге ұшқалы отырмын. Олар – менің  оқушымның  оқушылары.

– Сұхбатыңызға көп рақмет, аға. Парижге  аман-есен  жетіңіз!

Сұхбаттасқан

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: