Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алима БАЙМҰХАМБЕТОВА: Мен үшін Америка – мүмкіндіктер елі

02.03.2023, 11:00 1277

Сыр өңірінде өнерлі халық көп екені белгілі. Десе де, ғылым мен білімге құштар жандар да аз емес. Бүгінгі күні жастардың білімге қызығушылығы орасан зор. Әсіресе шетелде білім алғысы келетіндер жетерлік. Біздің басылымда жастарға кеңес, жол көрсету мақсатында біршама сұхбат, айдар жиі шығып жүр. Міне, соның ізімен тағы бір жақсы ақпарат ұсынуды жөн көрдік. Оның үстіне, жақында ғана Американың 4 университетіне оқуға түскен Алима Баймұхамбетова да себепкер болды. Сол себепті өңірдің білімді жасымен кездесіп, сұранысты сұхбат жүргіздік.

– Сәлеметсіз бе, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Менің есімім Алима. Қызылорда қаласындағы НЗМ-ның оқушысымын. Осы жылы мені Drexel University, Arizona State University, Jacobs University және Vanderbilt University оқуға қабылдады. Алғашқы екі университет маған 50% грант берді, ал Вандербилт пен Джейкобс университеті маған оқу ақысын, қоныстануды, қысқасы, толық қамтамасыз ететінін   айтты.

– Назарбаев зияткерлік мектебінің басқалардан  артықшылығы  қандай?

– НЗМ-ның қарапайым мектептерден артықшылығы көп екені сөзсіз. Біріншіден, әртүрлі құжатты толтыруға көмектесетін профориентатордың болуы. Екіншіден, еліміздегі барлық НЗМ оқушыларының тығыз байла­нысы. Сондай-ақ, жоғары сынып пен кіші сыныптар арасындағы тәжірибе алмасу, ақпаратпен бөлісу. Мәселен, мен шетелде оқу мүмкіндігін  9-сыныпта алғаш рет шаңырақтан білдім.

– Шетелге  оқуға  тапсыруға  не  себеп   болды?

– Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде Дрекселге біздің шаңырақтың жоғары сынып оқушысы Қаламқас Айдарбекова түсті. Оның Instagram парақшасын қарап отырып, мен де шетелде оқығым келеді деп ойлай бастадым. Өйткені бұл тәжірибе, жаңа мүмкіндіктер және ұмытылмас эмоциялар сыйлайтыны ақиқат. Бірақ Америкадан бөлек, мен Назарбаев универ­ситетін де қарастырдым. Қызылордада НУ-дың ашық есік күнінде мен осы университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің жоғары деңгейін бағаладым. Және бірнеше профессормен танысып, болашақта олармен жұмыс істеуге  қуанышты  болар  едім.

– Қанша  тіл  білесіз? IELTS, TOEFL емтихандарды  тапсырып  көрдіңіз  бе?

– Мен үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) еркін меңгергенмін. Сонымен қатар, соңғы төрт жылда неміс (академиялық), корей және португал (ауызша) тілдерін үйрендім. Мен мектепте неміс тілі сабағына қатыстым, ал басқа тілдерді достарыммен сөйлесу арқылы, яғни корей және португал тілдерін үйрендім. Өткен жылы IELTS тапсырдым. Нәтижесінде 7.0 алдым.

– Неге Америка Құрама Штаттары? Еуропа немесе Азия емес. Бұл құрлықтарда көптеген бағдарлама бар ғой.

– Менің мамандығым – Civil and Environ­mental engineering (құрылыс және қоршаған ортаны қорғау инженериясы). Америка, Германия, Канада, Сингапур және т.б. осы салада жетекші орын алады. Неліктен Америка? Біріншіден, Америкада көптеген қаржылық бағдарлама бар, олар бойынша толық грант алуға әбден болады. Екіншіден, Америкада қосымша тіл емтихандары талап етілмейді, тек ағылшын тілі. Оқуға тапсырудан бөлек, мен үшін Америка – мүмкіндіктер елі. Жоғары академиялық стандарттар, оқу үдерісіндегі икемділік студенттерге нағыз қажетті дағдыларды алуға мүмкіндік және болашақта жұмысқа орналасуға кепілдік береді. Сонымен қатар, кампустағы мәдени әртүрлілік пен дарын­ды адамдардың шоғырлануы маған белсенді  студенттік  өмірді  сыйлайтыны  сөзсіз.

– Иә, дұрыс айтасыз. АҚШ-қа оқуға тапсыру үшін  қандай  құжаттар  қажет?

– Университеттердің  қандай  да бір құжат  талап ететіні есімде жоқ (көбіне олар деректерді енгізуді талап етеді, бірақ мен ешқандай құжат жіберген жоқпын).  Негізгі назар қосымшаның өзіне аударылады: түйіндеме, эссе жауап­тары, ұсыныс хаттары және емтихан нәтижелері.  Қаржылық көмекке жүгінген кезде жалақы туралы анықтама, салық декларациясы және т.б. құжаттардың нотариалды куәландырылған және ағылшын тіліне аударылған  көшірмелері  қажет.

– Жаңа  айтып  өттіңіз ғой. Ең  бастысы, мотивац­иялық хат  екенін. Осы Personal Statement-ті қалай  жаздыңыз?  Қалай   жазуға  кеңес  бересіз?

– Мен  Personal Statement-ті бір сағатта жаздым, бірақ идеясын екі айдан астам уақыт ойлан­дым. Қабылдау комиссиясы өтініште не көргісі келетінін түсіну үшін CollegeEssayGuy мақалаларын оқуды ұсынамын. Дегенмен, мысалдар мен кеңестерді оқығанда, клишеге еріп, авторлық стильді жоғалту қаупі бар. Сондықтан шындықты жазыңыз, өзіңіз туралы жазыңыз, әр адамның өзіндік тәжірибесі бар және  қабылдау комиссиясы өткен жылдардағы сәтті шыққан эсселердің аналогын емес, сіз тура­лы дәл білгісі келеді. Осыны ұмытпау керек!

– Оқуға тапсыру қанша кезеңнен тұрды? Интервью кезеңі болды ма? Егер болса, қандай сұрақтар  қойылды?

– Жалпы, өтініш беру процесі бір кезеңнен тұрды. Интервью кезеңі университеттің қосым­ша  талабы  болуы  мүмкін. Мысалы, мен  бір сұхбат кезеңіне қатыстым. Ол Princeton University  болды. Сұхбат өте жақсы өтті, менен жазда немен айналысқанымды, ғылыми жобамды қанша уақыттан бері жасап келе жатқанымды және осы жолда қандай қиындықтарға тап болғанымды сұрады.  Бұған қоса, олар менің Принстон университетіне не үшін тапсырып  жатқанымды  және  сұхбат  берушіге сұрақ­тарым  бар-жоғын  сұрады.

– Төрт университеттен бөлек, басқа да оқу орны­на тапсырдыңыз ба немесе тапсыру жос­парда  бар  ма?

– Америка университеттері мені қабыл­дамаса немесе жеткіліксіз қаржы бөлсе, Оңтүстік Кореяның  көктемгі семестріне құжат  тапсыруды  жоспарладым. Дегенмен, қазір маған  өтініш  берудің  қажеті  жоқ.

– Сіз нақты қалаған оқу орныңызға түстіңіз ғой,  демек?

– Иә, сол үшін мен өте қуаныштымын. Өйт­кені қайтадан бәрін дайындау жеңіл процесс емес. Әрине, АҚШ-тың басқа университеттері мені қабылдай ма, жоқ па, білгім келеді. Бірақ мен Вандербильт университетіне early decision (ертерек қабылдау. – авт.) арқылы өтініш бергендіктен, оқуға түскеннен кейін мен барлық басқа өтініштерді қайтарып алуға мәжбүр болдым, сондықтан мен бұдан былай жауап күтпеймін және Вандербильтте оқуымды жалғас­тырғым келеді. Мен өкінбеймін. Вандербилт университеті – білім берудің жоғары стандарттарымен де, кампус пен қала өмірінің тамаша теңгерімімен  де  танымал  тамаша  орын.

– Vanderbilt университетінде тағы қандай мүмкіндік бар? Бәлкім, оқырмандар арасында қызығып,  түскісі  келіп  жүргендер  бар  шығар.

– Вандербильт – әлемдегі  беделді  универ­си­теттердің 5%-на кіретін жеке зерттеу университе­ті. Бұл университеттің маған ұнайтыны – оның қауымдастығы. Біз қазіргі және болашақ студенттерімен Discord арқы­лы байланысамыз және мен сізге сеніммен айта аламын, бұл университетте әлемнің түк­пір-түкпірінен ең жауапты, қызықты және дарынды адамдар бар! Инженерлік факультеттің қазіргі студенттерімен сөйлескенде, мен Вандербильт студенттерінің еңбек нарығындағы жоғары бәсекеге қабілеттілігіне қарамастан, университеттегі оқу топтары өте шағын және бір-бірімен тығыз байланыста екенін білдім.  Мысалы, университетте оқып жүргенде, белгілі бір компанияларда жұмыс істеуге тырысып, әріптестеріңізден асып кетпейсіз, керісінше, таныстарыңыздан жұмыс берушілерге ұсыныс жасауды сұрай аласыз. Сондай-ақ, университетте қызығушылықтары ұқсас достар табуға мүмкіндік беретін көптеген клуб бар. Мысалы, ASCE клубы танымал тұлғалармен пайдалы кездесулер, профессорлардың үйінде қызықты кештер сияқты іс-шараларды өткізеді. Бұл да университет қызметкерлері мен студенттер арасында қаншалықты қолдау мен байланыс­тың  дамығанын  тағы  бір  рет  дәлелдейді.

– Керемет екен. Ең алдымен, профессордың міндеті – студентінің жай-күйін түсіну. Америкалық университеттердің профессорлары осындай тұсымен Қазақстаннан, басқа елдерден де асып түсетінін мойындау керек. Ал, Америкада оқу  қашан  басталады?

– Менің білуімше, тамыз айының соңында.

– Айтпақшы, ҰБТ тапсырасыз ба?

– Жоқ. Дегенмен, мамыр айында МЭСК тапсырамын. Негізінде, егер сіз шетелге жалпы білім беретін мектептен түссеңіз, университетіңіз талап етпесе, ҰБТ тапсырмасаңыз болады.

– Енді оқуды сәл қойып, бос уақыт туралы сөз қозғасақ. Сіз сабақтан тыс уақытта немен айналы­сасыз?

– Мен «Игра престолов», «Сверхъестественное», «Ходячие мертвецы» сынды телехикая­ларды көремін. Және С.Р.Кови, Дж.Грэй, Р.Чалдини, Д.Карнеги, Дж.Кехоның психологиялық  кітаптарын  оқимын.

– Елден тыс жерде оқығысы келетін жастарға қандай  кеңес  бере  аласыз?

– Мен үш кеңес бере аламын. Біріншіден, қабылдауға алдын  ала  дайындықты бастаңыз. Мен жазда IELTS, SAT тапсырдым (айтпақ­шы, мен Vanderbilt-ке SAT емтиханынсыз түстім), бұл маған негізгі қосымшаға назар ауда­руға  және  сонымен  бірге емтиханға алаңдамай, мектеп уақытында жоғары GPA деңгейін сақтауға мүмкіндік берді. Екіншіден,  мүмкіндіктеріңізді  шынымен  бағалаңыз. Қауіпсіздік опциясы әрқашан болуы керек – қабылдау деңгейі жоғары университеттерге. Үшіншіден, өз қабілетіңізден жоғары нәтиже көрсетуге қорық­паңыз. Шынымды айтсам, Вандербильт­ке өтініш бергенде, мені қабылдайды деген үміт болған жоқ. Алайда шақыр­ту ғана емес, толық грант алдым. Егер сіздердің басылымнан осы сұхбатты оқып жатса, сұрақтар туындаса, менің әлеуметтік желідегі платформаларыма жазсаңыздар  болады.

– Олай болса, өзіңіздің ең белсенді платформаңыздың  аккаунтын  айтсаңыз.

– Инстаграм желісіндегі аккаунтымды берейін. try.to.find.me.lol осыған басылыңыздар, сұрақтарыңызды қойыңыздар. Елімізді дамыту үшін алдыңғы шептегі дамыған елдерден бірге білім  алайық!

– Жастарға өте танымдық сұхбат болды. Сол үшін сізге алғысым шексіз. АҚШ-тағы сапарыңыз  сәтті  болсын!

Сұхбаттасқан 

Азамат  АБИМОЛДА

Бет  қатталып  жатқанда:

Алима Баймухамбетова тағы бір қуанышты  жаңалығымен  бөлісті. АҚШ-тағы үздік жоғары оқу орнының бірі, 1853 жылы негізі қаланған Флорида университетінен шақырту алды. Осымен бес университет қызылордалық оқушыны өз оқу орындарында  күтетінін  жеткізді.  Елдің  болашағы – жастар  деген  осы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: