Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

19.06.2025, 8:40 205

Ерлеген  МЕНДАЛИЕВ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы:

Мемлекеттік  қызметкер болу – елдің  адал  қызметшісі  атану. Осыны әрбір  қызметкер  дұрыс ұғынуы  қажет. Ол – елдің әлеуметтік  экономикасына, даму  перспективаларына  оң әсер  етуші  тұлға. Осы жолда білім  парасаты  және  озық тәжірибесімен  еңбек  етіп  келе жатқан  мамандар  көптеп саналады.

Қазір  мемлекеттік  қызметке  келіп  жатқан  жастар қатары да көп. Қай кезде де мемлекеттік  қызметкер  әдеп қағидаттарын  берік  сақтап, халыққа  қалтқысыз  қызмет етуді  өзіне  міндет  тұтуы  тиіс.

Осы  орайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиевпен мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында сұхбатымызды оқырман  назарына  ұсынамыз.

ХАЛЫҚ  ЖЕР  ҚАТЫНАСТАРЫ  мен  ҚАЛА  ҚҰРЫЛЫСЫ  САЛАЛАРЫНА  ЖИІ  ШАҒЫМДАНАДЫ

– Ерлеген Жәрдемұлы, мемлекеттік қызмет саласының сан тараулы жүгі салмақты, жауапкершілігі жоғары. Бүгінде бұл салада қандай бастамалар қолға алынып, нендей өзгерістер болуда?

– Мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістердің бірі мемлекеттік қызметке іріктеу жаңа жүйе бойынша жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта бірқатар мемлекеттік орган іріктеуді осы жаңа жүйе арқылы іске асыруда. Яғни, жаңа жүйе бойынша үміткерлер үшін тестілеу жеңілдетілген (4 заң бойынша тест тапсырады: ҚР Конституциясы, ҚР Мемлекеттік қызметі туралы Заңы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі) және іріктеудің барлық кезеңі онлайн форматта жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президенттік жастар кадр резервіне жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді және жалпы жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгерген Қазақстан Респуб­ликасының азаматы қатыса алады. Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар 3 жыл мерзім ішінде түрлі лауазымға конкурс өткізілместен қабылдану мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, жастарды қолдау мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет туралы Заңына өзгерістер енгі­зіліп, мемлекеттік грантпен білім алған GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижеге қол жеткізген жас түлектерді конкурстық іріктеусіз мемлекеттік әкімшілік басшы емес лауазымдарға орналастыру мүмкіндігі берілді. Облыста 13 жас түлек осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттік қызметке конкурс өткізілместен қабылданды. Сонымен қатар, Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік қызметі  туралы  Заңының жаңа жоба­сы  әзірленуде.

– Қазіргі уақытта электронды қызмет  түрі артып, цифрландыруға ерек­ше назар аударылған. Осы орайда департамент қандай ерекшеліктерге басымдық  беріп  отыр?

– Жылдық статистиканы алатын болсақ, жалпы өңірімізде мемлекет­тік органдармен 374 түрлі (ЖАО – 173, ОМО АБ – 201) мемлекеттік қызмет  бойынша 6 103 075 қызмет көрсетілген  (ЖАО – 82%,  ОМО      АБ – 18%). Осы  6  миллионнан  астам көр­се­тілген  қызметтер  ішінде  тек  0,7%-ы қағаз түрінде көрсетілсе, қалған 99,3%-ы, яғни 5 миллионға жуық қызмет электронды түрде көрсетілгенін атап өтеміз. 2023 жылы бұл көрсеткіш 98,2%-ды құраған болатын. Өздеріңіз білетіндей, цифрландыру деңгейі­нің өсуіне байланысты электронды қызмет түрлері де артып келеді. Осы орайда, департаментпен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі үнемі зерделеніп, қандай да бір қызмет түрін электронды форматқа ауыстыру мүмкіндіктері айқындалып отырады. Бұл туралы Агенттіктің арнайы тапсыр­малары да бар, сондай-ақ қызмет беру­ші мекемелер тарапынан да электронды форматқа ауыстыру бойынша бастамашыл ұсыныстар жиі келіп отырады. Мәселен, соңғы 3 ай қорытындысы бойынша департаментпен көлік саласында көрсетілетін қызметтерге зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Зерделеу жұмыстары нәтижесінде 8 қызмет түрін толықтай электронды форматқа ауыстыру бо­йынша ұсыныстар әзірленді. Бұлар экипаж мүшелеріне куәліктер беру, қауіпті жүктерді тасымалдауға рұқсат беру, азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркеу және т.с.с. қызмет түрлерін қамтиды. Мемлекет басшысының «Мемлекет пен қоғам қатынасы «төрешіл» моделінен проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныс­тарына ден қойғыш моделіне көшіру» туралы тапсырмасына сәйкес бүгінгі күнде департамент тарапынан электронды қызметтерді  одан әрі жетілдіру мақса­тында оларды проактивті формат­қа  көшіруге  басымдық беріліп отыр. Проактивті қызмет дегеніміз – көрсетілетін қызмет берушінің өз бастамасымен қызмет алушының өтінішінсіз көрсетілетін мемлекеттік қызмет. Барлы­ғымызға түсінікті болу үшін бір қарапайым мысал келті­рейін. Мәселен, жаңа туылған нәрестелерге қатысты проактивті қыз­меттер көрсетіледі. Проактивті қызмет арқылы пайдаланушылар жаңа туған нәрестеге есімін береді, туу туралы куәлігін ресімдейді, балабақшаға кезекке қоя алады, сондай-ақ анасына тиісті әлеу­меттік төлемдер тағайындалады. Осының барлығы проактивті түрде тек телефонға смс жіберу арқылы орындала­ды. Халыққа да, мекемелерге де ыңғайлы  қызмет көрсету форматы болып отыр. Осы сияқ­ты департамент­пен мемлекеттік қыз­меттердің көрсету процестерін жетілдіру, оның ішінде міндетті түрде электронды форматқа ауыстыру бойынша белсенді  жұмыс үнемі жүргізіліп  отыра­тынын  атап  өтемін.

– Жасыратыны жоқ, мемлекеттiк аппарат жұмысына және мемлекеттiк қызмет сапасына байланысты түрлі пікір бар. Кей тұрғындар қанағаттанса, кейде көңілі толмайтын тұстар болып жатады. Бұған  не  айтар  едіңіз?

– Департаменттің негізгі жұмыс­тарының бірі – мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу. Осы орайда, заңнамаға сәйкес түрлі тексеру, бақылау және бағалау жұмыстары жүргізіліп отырады. Қызмет алушылардан келіп түсетін арыз-шағымдар бойынша олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру департаменттің басты назарында екенін атап өткен жөн. Жылдық  статистикаға  жүгінетін болсақ, департаментпен өткен жылы 52 бақылау іс-шарасы өткізілді, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша 27 тексеру жұмысы жүргізілді. Департаментке негізді жүгінген 17 қызмет алушының дәлелдері расталып, құқықтары қорғалды. Рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін қыз­мет беруші мекемелердің лауа­зымды адамдарына 30 әкімшілік хат­тама толтырылды, 1 476 800 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өтелді. Тәртіптік жауапкершілікке мемлекеттік органдар мен ұйым­дардың 102 қызметкері тартылды (ЖАО – 86, ОМО АБ – 16). Сонымен қатар, есепті кезеңде 41 мекемеде қоғамдық мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кемшіліктерді жою бойынша 14 ұсыныс енгізілді. Аталған бақылау шаралалары бірінші кезекте мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Көбіне халық арасындағы арыз-шағымдар мен анықталған бұзушылықтар жер қаты­настары мен қала құрылысы салаларына қатысты болып келеді. Мәселен, анықталған 1104 бұзушылықтың 841-і, яғни 76,2%-ы аталған салалар­ға тиесілі болса, келіп түскен 73 ша­ғымның ішінде 40 шағым (54,8%) жер немесе қала құрылысы саласына қатысты болып тұр. Осы орайда тиісті мекеме басшыларымен депар­тамент жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде ден қою шаралары жүргізілді. Бүгінгі таңда қызмет алушылар тарапынан арыз-­шағымдардың едәуір азайғанын атап өту  қажет.

МЕМЛЕКЕТТІК  ҚЫЗМЕТШІ  ЖҰМЫСЫНЫҢ  ЕРЕКШЕЛІГІ  –  ОНЫҢ  ҮНЕМІ  ҚОҒАМ  НАЗАРЫНДА  БОЛАТЫНЫ

– Мемлекеттік қызметшінің беделі мемлекет беделімен пара-пар. Олардың жұмысы мен іс-әрекетіне, қызметтік әдебіне бақылау қандай деңгейде  жасалады?

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыру­ды білдіреді. Мемлекеттік қызметші­лер өз қызметінде мемлекеттік сая­сатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс. Жалпы, әдеп жөніндегі кеңеспен 2024 жылы 12 отырыс өткізіліп, онда 58 мәселе қарал­ды. Қаралған мәселелердің 19-ы тәртіптік іс болса, 39-ы – профилактикалық бағыттағы есептер мен талдау қорытындылары. Кеңес отырыстарында Әдеп кодексінің талап­тарын  бұзу бойынша 6 тәртіптік іс, мемлекеттік қызметке кір келтіре­тін теріс қылықтар бойынша 13 тәр­тіптік іс қаралды. Тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен 10 тәртіптік іс тоқтатылса, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 4 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 5 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды. Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңеспен 2025 жылдың 5 айында 4 отырыс өткізіліп, 18 мәселе қарал­ды. Қаралған мәселелердің 6-ауы тәртіптік іс болса, 12-сі – профилактикалық бағыттағы есептер мен талдау қорытындылары. Кеңес отырыс­тарында Әдеп кодексінің талаптарын бұзу бойынша 2 тәртіптік іс, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар бойынша 4 тәртіптік іс қаралды. Тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 2 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 3 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды, 1  тәртіптік  іс  тоқтатылды.

– Президент мемлекеттік аппарат жұмысына қатысты біраз сын-пікір бар екенін айтты. Сіздің ойыңыздағы  мемлекеттік қызметшінің портреті қандай?

– Жалпы, мемлекеттік қызметші қарапайым болуға, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарат­пауға, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұруға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, лауазымдық міндеттер­ді атқаруға байланысты кез келген құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмауға, мемлекеттік мүлікті тек ныса­налы мақсатта пайдалануға, қыз­меттік міндеттерін адал орындау­ға міндетті. Бүгінгі мемлекеттік қыз­метшілердің ортақ міндеті – халық үніне құлақ асып, жұртшылықтың талап-тілегін ескеретін, қоғамның сұранысына толыққанды жауап бере алатын ашық, кәсіби мемлекеттік аппа­ратты қалыптастару. Негізгі мақсат – мемлекет пен қоғам қатынасын үйлестіруде бюрократияға жол бермейтін басқарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныс­тарына ден қоя алатын үлгісіне көшу. Мемлекеттік қызметші жұмысының ерекшелігі – оның үнемі қоғам наза­рында болатыны. Ол – белгілі бір деңгейде мемлекеттік өкілеттіктерге ие, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру­шы, қолында құзыреті бар адам. Тиісінше, мемлекеттік қызмет – бұл жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және жеке парасаттылықты талап ететін  ерекше  сала.

– Қоғамда мемлекеттік қызметші­лердің жағымсыз әрекеттері де кез­десіп жататыны жасырын емес. Ол жөнінде әлеуметтік желіде де көп ақпарат тарайды. Соңғы жылда мемлекеттік қыз­метшілердің үстінен түскен шағымдар көрсеткіші қандай? Қанша қызметкер жауапқа  тартылды?

– 2025 жылдың қаңтар айынан бастап осы уақытқа дейін департаменттің қарауына 120 жолданым мен шағым түсті. Оның ішінде, мемлекет­тік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 49 жолданым мен шағым бар. Түскен 49 өтініштің 28-і басқа мемлекеттік органдарға жолданса, 16 өтініш бойынша түсіндірме беріліп, 5 өтініштің қаралуы тоқтатылды. Қаралған 16 өтініш бойынша 7 мемлекеттік органда жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның ішінде 5-еуі бойынша заңбұзушылықтар анықталмаса, 2 тексеру  бойынша заң­бұзушылықтар анықталды. Мәселен, департаментпен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында «Facebook» әлеуметтік желі қолдану­шының жеке парақшасында Қазалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысына қатысты бірнеше сыни жарияланым шыққандығы және онда желі қолданушылары тарапынан жағымсыз пікірлер жазылғандығы белгілі болды. Осыған орай, Қазалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесімен, Қазалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы тарапынан әдеп кодексі талаптары сақталмағандығы анықталды. Осыған сәйкес, Қызыл­орда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеп-тек­серу қорытындысы  қарау үшін Әдеп жөніндегі кеңеске ұсынылды. Әдеп жөніндегі кеңеспен қабылданған шешімнің қорытынды нәтижесімен бөлім басшысына  «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік  жаза  қолданылды.

«МЕМЛЕКЕТТІК  ҚЫЗМЕТ  ДЕГЕНІМІЗ  –  ЖЕКЕ  БАСТЫҢ  БАҚ-ДӘУЛЕТІН  АРТТЫРАТЫН  ЖЕР  ЕМЕС»

– Мемлекеттік қызметке жастарды тарту мәселесі қалай болып жатыр?

– Статистикалық  мәліметке  сәйкес, облыстағы 3300-ден астам мемлекет­тік қызметшінің 800-ге жуығы – 35 жасқа дейінгі жас мемле­кеттік қыз­метшілер. Осы  орайда, Қазақ­стан Рес­публикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңына өзгеріс­тер енгізіліп, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемле­кеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес (GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес) оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының төменгі лауазым­дарына тек аудандық және ауылдық елді мекенде орналасқан мемлекеттік органдарға орналаса алады. 2024 жылдан бері мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын үздік бітірген өңіріміздегі 13 жас түлек жоғары­да көрсетілген мүмкіндікті пайдала­на отырып, уәкілетті органның келісі­мімен аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз  тағайындалды.

– Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде кандидаттан алынатын емтихандар қалай жүргізілуде? Нақты процеске тоқталсаңыз, енді қызметке келемін деген адам қандай кезеңдерден өтеді  және  қай бағыттар бойынша тест  тапсырады?

– 2023 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке іріктеу­дің жаңа жүйесі пилоттық режимде сынақтан  өтуде.  Ағымдағы  жылдың 1 шілдесінен бастап 31 желтоқсан­ға дейін барлық мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі бойынша конкурс өткізуге көше­тін болады. Бұл ретте, «Е-қызмет» порталында мемлекет­тік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі енгізілген. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге белгілен­ген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді. «Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық­бұзушылықтарға қатыстылы­ғын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау – мұның бәрін жүйе авто­матты түрде өзі жасайды. Конкурс ықпалдастырылған ақпараттық жүйенің «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталында жүзе­ге асыры­лады, яғни ешқандай тіке­лей байланыссыз онлайн түрде жүргізіледі. Конкурсқа қатысу үшін үміткерге интернет, компьютер және веб-­камерасының болуы жеткілікті. Осы құрылғыларды пайдалана отырып, үміткер жеке сәйкестендіру нөмірін және ЭЦҚ енгізу арқылы жүйеде тіркеледі және конкурсқа қатыса алады. Конкурсқа қатысушы үміткер туралы ақпарат жасырын болады. Үміткер жекелеген мемлекеттік органдарда конкурстарға қатысу үшін ҚР мемлекеттік тілін білуге арналған тест және заңнамаларды білуге арналған тестілеу, яғни Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15 сұрақ), Қазақ­стан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын) (10 сұрақ) бiлуге арналған тесттер тапсырады. Іріктеу кезең­дерінен  жоғары  балл  жина­ған 3 үміткер әңгімелесу кезеңіне жолдама алады. Комиссия мүшелері үміткерлерді 1 мен 3 балл арасында бағалайды. Нәтижесінде барлық кезең­нен өткен үміткерлердің орташа баллы шығады және ең көп балл жинаған үміткерді «Е-қызмет» жүйе­сі автоматты түрде конкурс жеңім­пазы деп таниды. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік әкімшілік қызметке кіруге үміткерлерді тестілеу­ге 734 адам қатысып, оның 165-і немесе 22,5%-ы шекті мәннен төмен емес нәтижеге ие болды. Құқық қорғау орган­дарына алғаш кіретін азаматтарды тестілеуге 263 адам қатысып, оның 84-і немесе 32%-ы шекті мәннен төмен  емес  нәтижеге  ие  болды.

– Мемлекеттік қызметкер қандай ұстанымда  болу  керек?

– Агенттік төрағасы Д.Жазықбай өзінің «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» еңбегінде атап өткендей, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясатты іске асыруда шешуші рөл атқарады және өз жұмысының барлық аспектісінде әділетті мемле­кет құндылықтарының маңыздылы­ғын түсінуге тиіс. Мемлекеттік қыз­метшілер «Адал азамат» ретінде қоғамдағы дау-дамай мен жанжалға әкеп соқтыратын әрекеттерге жол бермеуі керек. Олар өз қызметін халық­тың бірлігі мен біртұтастығы идеалдарына сүйене отырып жүзеге асыруы қажет. «Адал азамат» ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілді сақтаудың үлгісі болуға тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші елдің тарихын білуі, ұлттық дәстүрлер мен мәде­ниетке құрмет көрсетуі тиіс. Мемлекеттік тіл  біздің қоғамның барлық азаматтарын біріктіруші фактор болуы керек. Мемлекеттік қызметшілер елдің патриоттары ретінде мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, оған мемлекеттің нышаны ретінде құрмет көрсетуі қажет. Осы тұста Мемлекет басшысының келесі сөздеріне тоқ­талғым келеді: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәуле­тін арттыратын жер емес. Бұл туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз. «Біз адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген негізгі қағиданы айқын ұстанатын  боламыз»  деген  болатын.

– Мереке қарсаңында әріптес­теріңізге  айтар  лебізіңіз.

– Құрметті әріптестер, қадірлі мемлекеттік  қызметшілер! Сіздерді  23 маусым – мемлекеттік қызметші­лер күнімен шын жүректен құттық­таймын. Бұл – ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген, мемлекет пен халық арасындағы сенім көпірін берік ұстаған сіздерге көрсетілетін зор құрметтің, ризашылықтың күні. Мемлекеттік қызмет – бұл тек маман­дық қана емес, бұл – елге, қоғамға адал қызмет етудің үлкен миссиясы. Бұл – әрбір шешімде әділ болуды, әрбір әрекетте жауапкершілік пен адамгершілік танытуды талап ететін жол. Сіздер – ел дамуының тірегі, халықтың мемлекетке деген сенімінің айнасысыздар. Тәуелсіздік алған күннен бастап елімізде мемлекеттік қызмет жүйесі дамудың түрлі кезеңі­нен өтті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформаларының аясында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, ашықтықты арттыру, халыққа сапалы қызмет көрсету сынды маңызды бағыттар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – мемлекеттік қызметші­лерге деген талаптың бұрынғыдан да жоғары екенінің көрінісі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі­нің Қызыл­орда облысы бойынша департаментінің атынан баршаңыз­ды кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін! Еліміздің игілігі үшін жасап жатқан істеріңіз әрда­йым берекелі  болсын! Еліміз аман, ел бірлігі бекем болсын! Халыққа қызмет ету жолындағы  істеріңіз жемісті, абыройлы  болғай!

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбатасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: