Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлікке кедергі көп екенін ашық айта аламын

03.02.2022, 10:40 580

Фердоуси  ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

Қызылорда  облысының  кәсіпкерлік  және  туризм  басқармасының  басшысы:

Жеке  кәсіппен  айналысқысы  келетіндер  көп. Бірақ, салаға аса  үлкен  жауапкершілікпен, ұлы мақсатпен келмесе, бәрі бекершілік. Кәсіпкерлік жарты жолда қол сілтей салатын сұйық сала емес. Мұны шын ұғынатындар бар, сонымен қоса байыбына бармай жатып, «мен де бәленше секілді кәсіпкер боламын» деп дандайсып кәсіп ашып, сәл сәтсіздігіне сынып кететіндер де бар. Қызылорда облысы бұл салада топ жарып тұрған жоқ, бірақ көштің соңында да емес. Мемлекет кәсіпкерлерге қарасып-ақ жатыр. «Несібесін кәсіптен табамын» дегендерге жағдай жасалуда. Қайтарымсыз несиенің өзі біраз адамның бағын ашты. Берген тиынды ұқсатып жатқандар бар, оны жоққа шығармаймыз. Алайда ашылып жатқан кәсіп көп те, екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздар саны осыған кереғар. Қарапайым кәсіп түрі саналатын жеңіл өнеркәсіптің  де  өрге жүзбеуіне не себеп? Көкейдегі сан сауалға Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов жауап  берді.

ТЕГІН  АҚША  БОЛҒАН  ЖЕРДЕ  АЛАЯҚТАР  ДА  ЖҮРЕДІ

– Фердоуси  Әбілқасымұлы,  облыс­та қайтарымсыз несиеге қаражат беру мәселесі қалай жүргізіліп жатыр? Олар қандай бағдарламалар негізінде жүзеге  асуда?

– Бұған дейін баршаға мәлім, мемлекеттік гранттар «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламалары аясында іске асырылды. Биылдан бастап мем­лекеттік бағдарламалардың барлығы мемлекет басшысымен қабылданған «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлт­тық  жоба»  аясында жүзеге асыры­лады. Оның  ішінде мемлекеттік грант­тар  беру құралы да жалғасын табатын болады. Биылғы жылдан бастап 200 АЕК көлемінде берілетін грант 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Ол үшін бюджеттен 2376,8 млн теңге қаржы қаралып отыр.  Сонымен қатар, «БЖК – 2025» бағдарламасы аясында 2-5 млн  теңге аралығында жаңашыл бизнес-жобаларға берілетін грантқа 120 млн  теңге, оның ішінде жастарға 70 млн теңге қаралған. Гранттар беру жөніндегі конкурстар жыл көлемінде ұйымдастырылатын  болады.

– Енді осы қайтарымсыз гранттың айналасында алыпқашпа әңгіме көп. «Тамыр-таныс, ақша бергендерге ғана беріледі» деген сыбысты ести­міз. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайтынын» ескерсек, бұл фактіге қандай  түсінік  берер  едіңіз?

– Өкінішке қарай, тегін ақша болған жерде алаяқтардың да жүретіні белгілі. Кейбір мәселелерде мән-жайды ашып көрсетпесе, басқа адамдардың дұрыс емес тіршілігі басқарма қызметкерлерін қаралауға жетіп артылады. Осындай алаяқтық фактілерді қылмыстық тергеп-тексеру кезінде басқарма қызметкерлері мен комиссия мүшелерінің ешқандай қа­тысы  жоқ екені анықталды. Негіз­сіз әңгімелер мен жалған ақпараттарға сеніп жүрген кейбір адамдардың бейқамдығы бізді қынжылтады. Жалпы, гранттар беру конкурсын ұйымдастыру үшін Үкіметтің қаулы­сымен бекітілген ереже бар. Ережеге сәйкес қоғамдық бірлестіктер, сала­лық сарапшылар, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары мен атқарушы билік өкілдерінің міндетті қатысуын қамтамасыз ете отырып, жыл сайын комиссия құрамы бекітіледі. Бұл комиссияға кәсіпкерлік және туризм басқармасы үйлестіруші орган ре­тінде кәсіпкерлердің өтінімдері мен жобаларын қарауына енгізеді. Кон­курстық комиссия бизнес-идеяның жаңашылдығын «нақты елді мекенде немесе ауылдық округте бұрын өткізілмеген тауарларды шығару, қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау, жаңа немесе жетілдірілген технологияларды қолдану» өлшем­шарттарына сәйкес бағалайды. Сон­дай-ақ, жобаны жеңімпаз деп тану туралы шешімді арнайы құрылған комиссия алқалы түрде қабылдайды. Сол себепті, басқармаға қатысты бұндай қаңқу сөздер мен айыптаулар негізсіз  дер  едім.

– Еліміз жеңіл өнеркәсіпті дамыту саласында артта қалып келеді. Па­йыз­дық мөлшерде шамалап айтқанда, 1 па­йыздың о жақ-бұ жағында. Облыста бұл саланы дамытуға индустриалды аймақ құрылады деп еді. Пандемия кезінде 100-ден аса жоба жүзеге асыпты. Солар туралы  толығырақ   айтсаңыз.

– Адамның бәрі бірдей кәсіпкер бола алмайды. Кәсіпкер болу да маман­дық сияқты, ол да – өнер. Ол үшін тәуекелге бел буып, қиын­дықтарға шыдай білу керек. Алайда бұл тұрғыда әкімшілік кедер­гілер жасырын емес, көп. Банк  ұйымдары несие алуға барған адамнан 45 түр­лі құжат сұрайды. Енді осы ара­да айта кетейін, біз аграрлық өңір саналғандықтан, құжаттарға келгенде кішкене шорқақтау бола­тынымыз рас. Кәсіпке құлшыныс білдірген адам несие алмаққа банк табалдырығын тоздырады. Жөнді ештеңе түсінбегендіктен, қолын бір-ақ сілтейді. Біздің әлсіз жеріміз – осы. Тағы бір кедергі бар. Құрылыс, жер беру, ғимараттың мақсатын ауыстыру кезінде үш айға дейін уақыт созылып кететінін білеміз. Кәсіпкерлерге арналған бір кедергі – кепілдігінің жоқтығы. Кепілдігі болмаса, оның өтініші де қабылданбайды. Анау шалғай  аудандардағы ауылда тұра­тын ағайындардың кепілдікке көрсет­кен үйлері 1-2 миллион теңгеге өт­пейді және оны қабылдамайды. Менің өзімнің жеке ойым, ауылдық жердегі бизнесті қолдау, оның ішінде Байқоңыр қаласында кәсіп ашуды жеңілдету керек. Қала­ның өзінде тұратын Қазақстан азамат­тарының кәсіп бастауда кедергілері өте көп. Кепілге қоятын үйі өзіні­кі емес, кәсіп ашайын десе, ол Үкіметаралық комиссияның шешімі­мен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Сол үшін біз Байқоңырда кәсіп бас­тауға ниет еткендерге   арнайы    бағ­дарлама    жасауға ұсыныс бердік. Облыс көлемінде іске асырылатын жобалардың басым бөлігін өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде тамақ өнер­кәсібі саласына бағыттау шаралары қолға алынды. Облыс әкімдігімен «Облысты 2023 жылға дейін эконо­микалық дамыту жоспары» бекітіліп, оның аясында 11,2 млрд теңгені құрайтын 171 жоба іске асырылды. Биылғы жылы 7,6 млрд теңгені құрай­тын  206  жобаны  іске  қосу  көзделуде.

«ШЕКТЕУДІ  КҮШЕЙТСЕК,  ВИРУСТАН   ҚҰТЫЛАМЫЗ» ДЕП  ОЙЛАДЫҚ

– «Қаңтар қасіретінен» зардап шек­кен шағын және орта бизнес иелеріне қандай көмек көрсетілді? «Бірлік» сауда үйінде алтындар ұрлану фактісі  болып  еді  ғой.

– Ия, қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зар­дап шеккен кәсіпкерлерден Кәсіпкер­лер палатасына 20 арыз түсті. Кәсіп­керлердің берген арыздарына сәйкес облыста 30 кәсіпкерлік нысан зар­дап шегіп, келтірілген шығын сома­сы шамамен 414,1 млн теңгені құра­ды. Оның ішінде, осы «Бірлік» сауда үйіне келтірілген залал да бар. Қазіргі таңда бұл кәсіпкерлік нысандардың нақты шығынын анықтау және арнайы комиссияның қарауына шығару үшін тиісті құжаттар әзірленуде.  Бұл құжаттар облыс әкім­дігінің қаулысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кел­тірілген мүліктік зиянды айқындау жөніндегі Өңірлік комиссияның қарауына шығарылып, нәтижесімен шығындарды өтеу жұмыстары жаса­латын  болады.

– Президент Қ.Тоқаев «Қасіретті қаңтар сабағы» атты мәжілісте сөйлеген сөзінде кәсіпкерлерге қолдау түрлері ұсынылады деді. Несиелер бойынша жеңілдіктер болады деген. Өңірде осыған орай атқарып жатқан нақты  жұмыстар  қандай?

– Бұған дейін атап өткенімдей, жалпы биылғы жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдау, дамыту шаралары Президентпен қабылданған Кәсіп­керлікті  дамыту  жөніндегі   ұлттық жоба  аясында  іске   асырылмақ.  Ұлттық жоба   аясында «Бизнестің  жол  картасы – 2025» мемлекеттік бағ­дарламасын  облыста іске асыру үшін 2,5 млрд теңге, «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыруға 4,8 млрд  теңге қаралып отыр. Одан бөлек, жеңілдікпен несиелер беру үшін облыстық бюджеттен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 950 млн теңге бөлінді.  «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына сұраныстың жоғары болуына орай, жыл көлемінде бөлінген қаражатты ұлғайту көзделуде.  Сонымен қатар, бұдан бұрын облысымызда «Даму» қорымен бірлесіп іске асырылған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерін өңірлік қаржыландыру бағдар­ламасын қаржы бөле отырып, іске асыруды жалғастыру жоспарда бар.

– Қалада бірқатар кәсіпкерлік ны­саны «Аshyq»-пен жұмыс істеп тұр. Аймақта коронавирус күннен-күн­ге өршіп келеді. «Аshyq»-пен кіріп-шық­қаннан пайдалы нәтижесі қайда сонда?

– «Шектеуді күшейтсек, вирустан құтыламыз» деп ойладық о баста. «Дүкенді  ашпа» деп, «арақашықтықты сақта» деп айтқанымызбен, сол халық қоғамдық көлікте сығылысып бір­ге келе жатыр. Енді «Аshyq»-тың жұмысын ҚР Бас санитары реттейді. Пандемия   уақытында  об­лыс аума­ғында локдаун режимі қойы­лып, кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігінің қыз­меті тоқтап, әсі­ре­се сауда, туризм салалары мен қо­ғамдық тамақтану орындары және мейрамханалар биз­несі аса зар­дап шекті. Осы орайда, Үкімет тапсырмасымен «Ashyq» жобасы әзірленіп, іске қосылды. Бұл жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлік объек­тілеріне келушілердің мәрте­бесін анықтап, оның вирусты тасы­мал­даушы емес екендігін көрсету.  Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша барлығы 3892 нысан «Аshyq» жобасына тіркелген болса, оның ішінде ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері­нің қаулысына сәйкес міндетті тіркелуді қажет ететін 633 нысан анықталып, толығымен тіркелді. Жыл басынан бері қоғамдық орынға баруға тыйым салынған 46 адам анықталды. Олардың 45-і – «қызыл», 1-еуі – «сары»  мәртебедегі  азаматтар.

– Жанар-жағармай бағасы тұрақ­талды. Солай болғанның өзінде қала­дағы такси бағаларының төмендегені байқалмайды. Қайсыбір жылдары таксистерді де жеке кәсіпкер есебінде тіркеп, салық салынады деген сыбыс шығып  еді, арты  не  болды?

– Өте өзекті сұрақ қойып отырсыз. Қоғамда осы тақырыптың төңірегінде қауесеттер қаулап, сыни пікірлер жиі айтылуда. Президентіміз айтқандай, билік пен бұқараның арасында кон­структивті диалог құра отырып, осын­дай мәселелерді  шешу өте маңызды деп ойлаймын. Және дер кезінде мемлекет тарапынан реттеліп, тиісті қадағалау-бақылау жұмыстары жүргізілу ке­рек. Бүгінгі таңда бұл сұрақты бәсеке­лес­тікті қорғау және дамыту агенттігі жіті назарға ала отырып, нәтижелі жұмыстар  атқаруда.

ТУРИСТЕРМЕН  АШЫҚ  ДИАЛОГ  ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ

– Соңғы он бес жылда аймақтағы кәсіпкерлер саны артты.  Мысалы,  2005  жылы  осы  салада  40 мыңға  жуық адам жұмыс істеген болса, бүгінде 50  мыңның  үстіндегі  кәсіпкерлік бірлігі бойынша аймақ халқының үштен бірі, яғни 100948 адам жұмыспен қамтылған деген дерек бар. Бірақ облыстағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Осы жерде  жүз мыңдап жұмыспен қам­тылып жатқандар қайда  деген  сауал  туындайды.

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың қорытын­ды­сымен облыста шағын және орта кәсіпкерлікке 56 976 субъекті тіркел­ген болса, оның ішінде жұмыс істейтін  субъектілер  саны 51 063 бірлікті құрады.  Онда жұмыспен қамтылғандар саны 104 250 адамға жетіп отыр. Бұл жұмыспен қамтылған азаматтардың 51 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып табылады.  Қал­ғаны сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп  салаларында жұмыс  істеуде.

– «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бізге керек пе? Атқарып жатқан жұмыстарыңыз мазмұндас, ұқсас. Палата мен басқарманың ара жігі, айырмашылығы, түптеп келгенде мақ­саттарыңыз  қандай? Соларды түсін­діріп  берсеңіз.

– Жалпы, бұл екі мекеменің түп­кілікті мақсаты бір, ол – кәсіпкерлікті қолдау және дамыту. Басқарма кәсіп­керлік саласындағы мемлекеттік саясатты дамытуды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауды, қаражаттарға қол­жетімділікті қамтамасыз етеді. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастық пен мемлекеттік билік органдарын байланыстырады. Облыс әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Кәсіп­керлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Сондай-ақ, Палата мемлекеттік бағдарламалар ая­сында оқыту курстарын жүргізуге, отандық өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға, ұйымдардың сатып алуларында жергілікті қамтудың үлесін  арттыруға  қатысады.

– Ал «Байқоңыр» СПК-мен байла­ныстарыңыз  қандай?  Екі мекеменің де қазаны бөлек болғанмен, қайғысы бір деуге  келе ме?

– «Байқоңыр» СПК бұл мемле­кеттік және жеке серіктестіктің не­гізінде Қызылорда аймағының өр­кендеуіне ықпал ететін жергілікті даму институты болып табылады. Кор­порация кәсіпкерлермен бір­лескен кәсіпорын құра отырып, ірі болашағы бар жобаларды іске асырумен айналысады.  Басқарма­ның бұл жердегі рөлі іске асыры­латын жобаларды қосымша мем­лекеттік бағдарламалар аясында, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландыру. Мәселен, «Байқоңыр» СПК-ның қатысуымен құрылған «Қызылорда сельхозпродукт» серіктестігінің қы­мыз және шұжық өнімдерін өндіру, «Шиелі шұжық» серіктестігінің шұ­жық өнімдерін шығару, сондай-ақ «Қызылорда жантақ балы» ара балын  өңдеу және өткізу жобаларына «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының жеңілдетілген несие қаржысы бағытталды. Бұл – тек қана бір жоба. Бұдан басқа да жобалар бар. Айта кету қажет, «Байқоңыр» СПК бірлескен кәсіпорындарды тек қаржыландыру емес, жергілікті әкімдіктерімен бірлесе отырып, жер алып  беру  мәселесімен де айна­лысады.

– Кәсіпкерлік  саласының  жыл  сайын атқаратын жұмыстары жат­танды. Жылда сол мемлекеттік бағдар­ламалар, несиелеу. Бірақ, экономикада бір жоғары өсім жоқ. Қаз-қалпы. Ресми дерек көздері «керемет» деп айтады, бірақ қарапайым халықтың әлеуметтік  жағдайы  барлығын айдан анық көрсетіп отыр. Бұған  не  дейсіз?

– Әрине, әлеуметтік жағдай, жұмыссыздық деңгейі, қоғамдағы негативтік құбылыстарға қарап, бір саланың жұмысын жоққа шы­ғаруға болмайды. Соңғы екі-үш жылдағы кәсіпкерлік саласының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері­нің өсу қарқынына тоқталмай-ақ қояйын. Себебі бұл ақпараттардың барлығы тиісті сайттарда, интернет-ресурстарда,  ашық деректерде қол­жетімді. Макроэкономикалық көрсет­кіштерінің оң өсіміне мемлекеттік қолдау іс-шараларының оң әсерін жоққа шығаруға болмайды. Мем­лекеттік қолдау іс-шаралары пан­демия уақытында облыс әкімдігімен қабылданған «Облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» аясында өндіріске бағытталған жоба­ларды іске асыруға айтарлықтай септігін тигізді. Облыста тамақ өнер­кәсібінде қой, сиыр, жылқы еттерінен консервілер, жартылай фабрикаттар, 16 түрлі шұжық өнімдері, макарон өнімдері, сондай-ақ, асқабақ сусыны мен шоколад өндірістері іске қосылды. Сонымен бірге, құрылыс саласында бірқатар құрылыс материалдарының, сабын және антисептик өндірістері де бар. Бұдан бөлек, алдағы уақытта өңірімізде жастардың тамақ өнеркәсібі саласында «күнбағыс майы», «ет чипсы», «сусын» өндірістері, құрылыс саласында «шеге», «полистролбетон», «травертин», «сайлентблок, профнас­тил өндірістері», сондай-ақ, тұрмысқа қажетті «эко ыдыс-аяқ өндірісі», «кір жуатын ұнтақ», «резеңке аяқкиім», «тент» өндірістері іске қосылуы күтілуде.  Бұл тек бірқатары ғана. Егер қызығушылық танытсаңыз, алдағы уақытта сізді өндірістік нысандармен танысу, ақпараттандыру жұмысын жүргізу үшін баспасөз турына қатысуға шақырамын.

– Туризмді дамыту керек дейміз. Бізге тек аймаққа келетін туристердің саны ғана белгілі. Ал саладағы сапа ше? Олар тарапынан аймақтағы туристік нысандарға беретін бағалары қандай? Соны  неге  ашық  көрсетпеске?

– Сіз айтқан көлемде бізде диалог жоқ. Туризм біздің басқармаға қара­ғанмен, бар болғаны бөлімде екі-ақ мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Сосын бір келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатқан адам, бас-аяғы үш адам бар. Статистикалық мәлімет сырттан келетіндердің санымен есептеледі. Ал шын мә­нінде туристермен ашық диалог, туристік көзқарасты білу жұмыстары жүргізілмейді. Енді алдағы уақытта блогерлерді шақырып, солар арқылы туризмді  дамытуға ықпал етсек деген жоспарымыз бар. Бәрімізге мәлім, пандемия басталғалы тек өңірімізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша туризм саласы өте қатты зардап шекті. Дегенмен, қазіргі таңда туристік саланы  қайта жандандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа бағытта даму үстінде. Бұдан бөлек, «Орда Туризм 2020» туристік компаниясы экстремалды және рухани туризм бағытында жаңа жобасын ұсынды. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында, келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, «Байқоңыр» кешеніне тур ұйымдастыруға өзге облыстардың туристік компания өкілдері қызығу­шылық танытып, «Роскосмос» кор­по­рациясымен  келіссөздер  жасалуда.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: