Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін!»

10.03.2022, 10:40 518

Әміржан  ҚОСАН:

ҚАН   ТӨГІЛУІН  ҚАЛАМАДЫМ

– Ассалаумағалайкүм, аға! Сіз қазір қайда жүрсіз?

– Алматыда.

– Бұдан үш жыл бұрынға оралып, сол кездегі кезектен тыс президент сайлауын еске түсірейікші. Сол жолы саяси додаға кандидат болып өз еркіңізбен  түстіңіз  бе?

– Мен біреудің айтуымен не айтақтауымен жүретін адам емеспін. Иә, жақындармен, мамандармен ақылдасам, кеңесем, бірақ шешімді өзім қабылдаймын. Бұл жолы да солай болды. «Жаңа Қазақстан» форумындағы азаматтардың біразымен кеңесіп, келісіп, «Ұлт тағдыры» атты ұйым шешімімен сайлауға түстім. Айтпақшы, ол – оппозициялық партия емес, ұлттық-демократиялық ұстанымдағы қоғамдық ұйым. Сондықтан менің сайлауалды бағдарламам да сол бағытта болды. Оның негізгі бағыттарын, сайлау кезіндегі тактикамды да сол ұйым талқылап, өз шешімін шығарды. Мәселен, мені ұсыну туралы жиында маған нақты тапсырмалар берді. Ол шешімдерге де мен бағындым.

Бір анықтап алатын нәрсе мынау: мен бүкіл оппозицияның атынан сайлауға түскен жоқпын. Жалғыз жүрдім, өз ақшамды салдым.

– Сол кезде де халық елде бір саяси өзгеріс болғанын, өзіңізден үлкен үміт күтті. Тоқаевтың жеңісін неге мойындадыңыз?

– Біріншіден, маған «тым ерте мойындадыңыз» деген айып тағылып жүр. Қайтейін енді, келесі күні 12:00-ге Әблязов бүкіл елді жаппай митингіге шақырып қойды емес пе? Уақытты оздырып алғанымда, шынымен жұрт мен мойындамады деп сан мыңдап көшеге шығар еді. Оның арты не боларын кешегі Қаңтар қанды қырғыны көрсетті. Маған да әртүрлі жақтан, соның ішінде, бұрын билікте болған генерал ағаларым «халықты бастап  көшеге шықса, әртүрлі арандатулар болады, қан төгіледі, көтеріліс болса, Ресей де қарап қалмайды, солтүстік облыстарға бас салуға әзір» деген ақпарат  болды.

Қан төгілуін қаламадым.

Билікті бір күнде төңкеріп тастағысы келетін адамдар тарапынан сын болатынын да білдім. Бірақ, сондай шешім қабылдадым! Оған еш өкінбеймін! Бәлкім, радикалдар мені сынар, бірақ бірде-бір қазақтың қаны төгілген жоқ. Соған тәубе! Қалғанының бәрі – қу саясат!

Ахмет ағамыз айтқандай:

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.

– Иә, ол сұхбаттарыңызды оқыдық. «Мен көшеге шыққанда маған еріп шығатын 10 мың адамның 100-ін бұл билік аямай, қырып салатын еді. Мен ондай жолды қаламадым!» дедіңіз. Ал кешегі басы бейбіт ереуілмен басталып, соңы жаппай бүлікке ұласқан «қаңтар қасіретінде» жазықсыз жандар да оққа ұшты. Осыдан кейін сол кездегі айтқан сөзіңізді ойға алып, саяси, адами, қоғамдық көзқараспен бағамдап көрдіңіз бе?

– Сол 5 қаңтардан кейін көп адам хабарласып, «Сіздің сайлаудан кейінгі шешіміңізді енді түсініп жатырмыз. Елді сақтап қалған екенсіз. Қан төгілуіне жол бермепсіз! Ризамыз!» деген хаттар алып жатырмын.

Меніңше, ең нақты жауап – осы!

ҚОҒАМ  ДА,  ОППОЗИЦИЯ  ДА  БІРКЕЛКІ  ЕМЕС

– Оппозициялық идеялар мен халықты сатқан жоқсыз ба?

– «Оппозициялық идея» тек қана халықты көшеге шығарып, көтеріліс жасау ма? 2005 жылы ЖСДП партиясының бағдарламасын жазғанымызда мен: «Революциялық емес, эволюциялық жолды таңдаймыз!» деген сөздерді басты баяндамаға қосқан екі азаматтың бірімін. Сол айтқанымды ұстануым сатқындық па екен?

Халық деген де «мына жеккөрінішті билікті дәл бүгін төңкеріп тастау керек! Ол үшін қан төгілсе, төгілсін!» деп ұрандатқан радикалдар ғана емес қой. Сол топты қолдамай, ел тыныштығын, әр қазақтың амандығын ойлағаным сатқындық па? Басқаша ойлайтын да оппозиция бар емес пе?

Сосын, сатылған адам келесі күні-ақ артын қысып отырады. Баяғы талапшыл әрі тегеурінді қалпынан айырылады. Тіпті билікке қарсы сөз айта алмай қалады. Ондайларды да көрдік емес пе? Мен болсам, сайлауға дейін де, одан кейін де жалпыдемократиялық ұстанымдарымнан айныған емеспін. Сол позициямда қалдым. Және қала бермекпін!

Айтпақшы, мені сатқын деушілерге бір айтарым бар. Меніңше, біреуді сатқын деп атайтындар өздері сатуға дайын адамдар. Қазақ ондайда «көкек өз атын шақырады» дейді. Ал Фрейд мырза, «әркім өз пиғылынан хабар береді» дейді. Мәселен, саясатта талай адаммен айтыстым, бірақ ешкімді олай атамаппын, өйткені өзім бұл өмірде ешкімді сатпаппын, ешкімге жамандық жасамаппын. Сондықтан ондай сөз менің лексиконымда жоқ!

– Әлгі сайлаудан кейін атыңызға ауыр сөздер айтылды, «Ақорданың жобасы», «саяси өлік» дегенге дейін барды. Жасыратыны жоқ, өзіңізден қоғам теріс айналғандай кейіп танылды. Сайлауға түскеніңізге өкінбейсіз бе?

– Жоқ, еш өкінбеймін! Саясатта жүрген адам бәріне, соның ішінде, өзіне сын айтылатынына дайын болу керек. Олай болмаса, ешбір шаруаға араласпай, үйде отыру керек! Ең мықтысы – әлеуметтік желідегі «диван батыры» бол!

Сол сайлауға мен түспегенде, баяғы сайлау боп өтетін еді. Азаматтық қоғам өкілі ретінде мен қатысқаннан кейін, сайлауға жұрт атсалысты. Тәуелсіз бақылаушылар армиясы дүниеге келді. Ең бастысы, жұрт: «қатып-семіп қалған бұл жүйені де өзгертуге болады екен ғой» дегенді түсінді. Билік те осы факторды ескеріп, саяси көзқарасын өзгертуге мәжбүр боп жатыр. Тоқаев мырза менің бағдарламамдағы біраз нәрсені қолға алып жатқан жоқ па? Оның өзі моральдық жеңіс емес пе?

Сіздің сайлаудан үш жылдай уақыт өткеннен кейін осы сұрақты өзекті деп танып, маған қоюыңыздың өзі де соған дәлел емес пе? Мәселен менің саяси карьерамда емес (мен үшін ол басты нәрсе емес!), мәселе сайлауға қатысуым арқылы мен қоғамның оянуына өз үлесімді қостым деп санаймын! Саяси процесс, Қазақстанда демократия орнату 2019 жылмен шектелмейтінін білдім.

Қоғам көзқарасына келетін болсақ. Қоғам да біркелкі емес. Бәрінің бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Оппозиция да біркелкі емес. Оның да қатарында әртүрлі көзқарастағы азаматтар мен топтар бар. Бірі – радикал, екіншісі – центрист, үшіншісі – тағы басқалар. Иә, билікті иттің бір жерінен жек көріп, бүгін Ақорданы басып алғысы келетіндер де бар. Оларға, әрине, мен жақпаймын. Билік те сайлауда ресми түрде екінші орын алған менен үркіп қалған сияқты. Мені жамандау мақсатында небір «нұрботтар» жалданғанын да білемін, олар әлеуметтік желіде «антиқосановшыл» тақырыпты қыздырып отырады. Оған әблязовшыл және басқалар қосылады. Қайтейін, оппозиция қатарында да өзара бәсеке бар. Солардың өтірігіне көп адам сеніп қалады. Бірақ, аққа Құдай жақ! Ел алдында арым таза!

Мені қолдайтындар – төңкеріссіз өзгерістерді қалайтын, көкірегі ояу, көзі ашық, кез келген революция қанға бөктіретінін, ел Тәуелсіздігіне қауіп төндіретін ішкі және сыртқы факторлар бар екенін түсінетін ағайын. Олар қоғамда баршылық. Және де соңғы саяси оқиғалардан кейін – Қаңтардағы қанды қырғын, Ресейдің Украинаға қарсы ашқын соғысы – олардың қатары көбейіп келеді.

Бізде саясат төңірегінде фейк пен хайп, терең мәселелер төңірегінде тым жеңіл әрі үстірт пайымдау басым. Мәселен, оппозиция бұрын-соңды ие болмаған менің 16,2 процент дауысымның маңайына топтасып, келесі жыл өткен парламент сайлауына бірігіп түскенінде, оппозиция бүгінде парламент төрінде, кемінде, 30-40 процентпен отырар еді! Өкінішке қарай, олай стратегиялық тұрғыдан ойлау бүгінгі кейбір оппозиция өкілдерінің қолынан келмеді. Бәлкім, пендешілік те болған шығар, кім біледі. Нәтижесінде, саяси процеске үлкен нұқсан келді.

БІЗГЕ  ҰЛТ  БОЛЫП  ҰЙЫСУ  КЕРЕК

–  Қайбір жылы Брюссель қаласында өткен «Жаңа Қазақстан» формуына мүше болып, бір топ азаматпен елде саяси өзгеріс жасауға қадам бастыңыздар. Соның арты не болды? Ал, «қаңтар оқиғасынан» кейін бүгінгі билік Жаңа Қазақстанды қолға алып жатыр. Айтыңызшы, сіздер жоспарлаған «Жаңа Қазақстан» мен іс жүзіндегі биліктің «Жаңа Қазақстанынан» бұқара  не  күтуге  болады?

– «Жаңа Қазақстан» форумын билік тіркемей қойды емес пе? Форумның кейбір мүшелері президент сайлауынан кейін «ұйымды таратайық» деген ұсыныс айтты да, оның жұмысына араласуды доғарды. Бірақ, Дос Көшім, Расул Жұмалы және мен ол форумның жұмысын жалғастырып келеміз. Бірақ, форум ресми тіркелмеген соң, іс-шара өткізе алмайсың. Негізінен, интернет пен БАҚ арқылы ағарту жұмысымен айналысып келеміз. Мәселен, «Жаңа  Қазақстан»  ютуб  арнасында аптасына  бір  рет  хабар  жасаймыз.

Билік те соңғы кезде «Жаңа Қазақстан» идеясын баса айтып келеді, тіпті президенттің баяндамаларының басты тақырыбы боп қалды.

Бізде еш қызғаныш жоқ. Бізге дейін де «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы болған екен.

Мәселе атаудың авторы кім екенінде емес.

Мәселе – ескі жүйенің тозық дәстүрлерінен ада, шынайы Жаңа Қазақстан құруда емес пе?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтан  не  күтесіз?

– Жаңа Қазақстан құрғысы келсе, құрсын. Назарбаев ресми түрде биліктен кеткен соң, Тоқаевтың қолында бар мүмкіншілік бар. Енді ол жауапкершілікті басқа біреуге ығыстыра сала алмайды.

Әзірше президенттің риторикасы жаман емес. Назарбаевтың мұрасынан біртіндеп бас тартып жатыр. Оның өзі бір қадам болса да, алға жылжу емес пе?

Әрине, халық толық сену үшін, ең алдымен, кешегі Қаңтар қанды қырғынына қатысты барлық сұрақтарға, соның ішінде «ескертусіз атуға рұқсат беремін» деген сөздеріне, бейбіт адамдардың қаза табуы, тергеу изоляторларында азапталған адамдарға қатысты ақпараттарға мейлінше ашық әрі нақты жауап беруі тиіс. Сонда сенім орнығады.

– Шын мәнінде түбегейлі өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз ба? Ол өзгерістерді қалай, кімдермен, қандай жолдармен жасаймыз?

– Тарихи және өркениеттік тұрғыдан алсақ, қоғамда өзекті боп отырған өзгерістер ерте ме, кеш пе, әйтеуір, болады. Бір дана айтқандай, әділеттік міндетті түрде орнайды, бірақ өкінішке қарай, ол ылғи кешігіп жүреді.

Сол сияқты 30 жыл бойына қордаланып қалған көкейкесті мәселелер өз шешімін табады.

Және де осы өзгерістерді баршамыз – қоғам да, оппозиция да, билік те – бірге қолға алуымыз қажет.

Осы орайда бір ой айтайын.

Бүгінгі Қазақстан өте қауіпті жағдайды басынан кешіп отыр. Қоғам қақ жарылды! Бірі билікке үміт артады, екіншісі «кез келген билік – оңбаған!» деп, барша бастамаға күмәнмен қарайды.

Қызық жағдай қалыптасты: Тоқаев байлығынан, қызметінен айырған кландар саяси реванш алмақ оймен, әдетте оппозиция айтып жүрген ұрандарды жандандыра бастады. Бәлкім, билік үшін таласып, олар сондай, демократиялық ұрандарды жалау еткен партиялар да құруы мүмкін. Қой терісін жамылған қасқырларды сонда көретін шағармыз.

Сондықтан да саяси ахуалға баға бергенде, азаматтар алданып қалмауы тиіс!

Қаңтардың қанды қырғыны, кеше басталған Украина мен Ресей арасындағы соғыс «тұрақтылық, бейбіт өмір, Тәуелсіздік, жер тұтастығы» секілді өзгермес құндылықтарды күн тәртібіне қойып отыр. Әншейінде мән бере бермейтін осы ұғымдарды өзіміз қорғамасақ, шынымен де айырылып қалатын түріміз бар екен ғой! Билік үшін таласамыз деп, айналамызды қырып-жоямыз деп жүрсек, солай болуы да әбден ықтимал.

Сондықтан да осы кезеңде бізге ұлт болып ұйысу керек.

САЯСАТТАҒЫ  «НАПОЛЕОНДАРДАН»  ШАРШАДЫМ

– Саясат жолында үзеңгілес жүрген әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз  үзілген  жоқ  па?

– «Нағыз досың кім екенін білгің келсе, президенттік сайлауға түсіп көр» деп кезінде айтып едім.

Әрине, президент сайлауы кезінде маған қарсы шыққан не үнсіз қалып, әліптің артын баққан топтар мен тұлғалармен өзімнің де араласқым жоқ. Қаттырақ айтсам, саясатта көреалмаушылық пен қызғаныш әлі де салтанат құрып отыр. Әйтпесе, антибилікшіл бағдарламамен шыққан мені өзін оппозиция санайтын күштер мен жеке қайраткерлер бір адамдай қолдау керек еді ғой. Сайлау кезінде мен биліктен гөрі солармен, кешегі «әріптестермен» күресуге мәжбүр болдым: «бойкот» деді, «Ақорда жобасы» деді, әйтеуір, қанымды ішіп болды! Керек десеңіз, маған тиесілі 15-20 процент дауысты сол «әріптестер» алып кетті! Енді келіп, түк болмағандай мені сынайды. Осы адамшылыққа жата ма, айтыңызшы?! Шынымды айтсам, саясаттағы «наполеондардан» шаршадым: олар да жаман ағайын сияқты: жоқ болса, бере алмайды, бар болса, көре алмайды! Нәтижесінде, демократиялық күштердің бірігу ісіне орасан зор нұқсан келіп жатыр! Билікпен күресудің орнына бір-бірін жамандап, оппозицияның берекетін қашырып жатыр!

Менің центристік, эволюцияшыл позициямды қолдайтын әріптестеріммен байланысым баяғыдай, жаңа қолдаушылар да табылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, өмір жалғасуда.

– Келесі президент сайлауына түсесіз  бе?

– Жалпы айтқанда, адам өмірге «мен тек президент болуым керек» деп келмейді ғой. Мен де Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сапақ бекетінде туған көп қазақтың бірімін. Журналистпін, саясаткермін. Екі қолға бір жұмыс табылып  жатыр.

Келесі сайлауға түсу, түспеу туралы шешім әртүрлі факторға байланысты.

Ең бастысы мынау, және           2019 жылы мен осыны айтқанмын (және де алғашында Ермұрат Бапи «ЖСДП атынан президенттік сайлауға түсем» дегенде, ресми түрде қолдағанмын, бірақ кейін олар өз ойынан айнып кетті емес пе?): оппозиция жеңгісі келсе, жекебас реніштер мен саяси идея айырмашылықтарын сайлау кезінде ұмытып, өз ортасынан бір үміткерді шығарып, соған жұмыстану керек!

Өкінішке қарай, мен қатысқан сайлауда олай бола қоймады. Соның зардабын мен шектім.

Келесі президент сайлауында біріккен демократиялық күштер сондай шешім қабылдаса, дұрыс болар еді!

– Уақытыңызды бөліп, ашық пікірлескеніңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: