Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Назерке Қыстаубаева: Ерлермен қатар иық тіресе жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтамын

07.03.2022, 16:17 609

Қазіргі таңда еліміздің Қарулы күштеріндегі әскерилердің он пайыздан астамын қыз-келіншектер құрайды. Қызылорда гарнизонында осы арулардың елуге жуығы Отан алдындағы әскери қызметтерін жалғастыруда.


Ерлермен қатар ел тыныштығын күзеткен нәзік жандылардың ісіне де, киген киім үлгілеріне де сүйсіне қарайтынымыз рас. Қолына қару алып көрмеген ерлерге қарағанда олар автомат асынып, жауынгерлік дайындық барысына қатысып, қарудан оқ атып жүр. Аталған аруларымыз әскерде жауынгер, ал үйде отбасының ұйытқысы, аяулы жар, мейірімді ана, ибалы келін. Жандары нәзік болғанымен, жұмыста ер азаматтармен теңдей іс-әрекет етіп, сырт көзге өнеге көрсетуде. Тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз де Қазақстан әскері қатарында еңбек етіп келе жатқан аяулы жан – ефрейтор Назерке Қыстаубаева.


Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінің байланыс взводының аға маманы, аға телефонисі Назерке Қыстаубаева әскери салада 6 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері арасында өткен офицерлік үшсайыста атудан 1-ші орын алып, жеңіске жеткен қыз. Әскери қызметшілердің күнделікті тәртібі мен киген киіміне қызыққан арудың бұл саланы таңдауына әкесі мен ағасы себепші болған. Міне, осы уақытта қызығушылығы орындалған Назерке өмір ағысымен әскери қызметкер атанып, ерлермен бірге нардың жүгін арқалауда.


«Қызығы мен шыжығы қатар жүретін саланың бірі – әскери сала. Осы саланың қызметкері болғаныма қуаныштымын. Қиындығы жағынан өзге салалармен салыстыруға келмейтіні белгілі. Басында қиыншылықтар туындағанын жасыра алмаймын. Жұмысқа ерте кетіп, кеш оралатын сәттер, жауынгерлік дайындық кезінде де қиындау болған сәттер болды. Алайда Отан қорғау жолындағы қызмет бәрінен де қымбат екенін түсіндім», – дейді Назерке Қыстаубаева.


Қызмет өткеру кезінде керзі етікпен жүріп, оқу-жаттығу дабылы кезінде бронды кеудеше киіп, қару асынып, ауыр радиостанциямен әскери қызметкердің жеке заттарына арналған дорбаны қоса арқалап жүретін кездер болатынын да айтты. Сондай-ақ жауынгер ару таң атқаннан кеш батқанға дейін 25-30 келіні иыққа асып жүргенін де жеткізді.


«Барлық істі жігермен, шын ниетпен атқарған кезде қиындықтарды артта қалдыруға болатынын білдім. Осы әскери бөлімде ерлермен қатар иық тіресе жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтамын. Әр істің өз қиындығы бар. Әскерде ерлермен қатар Отан қорғауға атсалысып жүрген бүкіл аруларды мерекемен құттықтаймын», – дейді Назерке Қыстаубаева.

Сұхбаттасқан:
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант Мұхит Қонаров

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: