Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жарқын жеңістер жалғасын таба бермек

15.08.2026, 1:08 22

Спорт күні қарсаңында Арал қаласындағы Руханият орталығында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың қатысуымен өңірдегі жас чемпиондар, спорт шеберлері және олардың бапкерлері бас қосқан еркін форматтағы кездесу өтті.

Жүздесуде спортшылардың жетістіктері ғана емес, аудан спортының өткені мен бүгіні, келешегі де кеңінен сөз болды.

Аралдағы спорттың қара шаңырағы саналатын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тарихы сонау 1964 жылдан бастау алады. Осы уақыт ішінде аудан спорты талай тарланды тәрбиелеп, елге танылған спортшылардың тұтас буынын қалыптастырды. Ерғали Жұмамұратов, Юрий Шульга, Дәри Құттымұратов, Көлбай Данабаев, Жалдыбай Нұрпейісов сынды аға буын өкілдерінің еңбегі бүгінгі спортшыларға үлгі болып келеді.

Жақсылардың жолы бүгін де жалғасып жатыр. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 44,5 пайызы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Ауданда 248 спорт нысаны жұмыс істеп, балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуда. Соңғы жылдары бірқатар елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеріп, жаңа спорт алаңдары пайдалануға берілді.

Ал спортшылардың жеңісі осы жұмыстардың ең жарқын нәтижесі. Биылдың өзінде Арал спортшылары ресми чемпионаттар мен халықаралық жарыстардан 45 медаль жеңіп алды. Грек-рим күресінен Азия чемпионы Мирас Махамбет, ел чемпионы әрі Азия чемпионатының қола жүлдегері Әмірмұхаммед Кабулов, ел чемпионы Алпамыс Болатұлы, әйелдер күресінен Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы Раян Жамсапқызы, гір көтеруден Қазақстан және Азия чемпионы Бексұлтан Бақытбекұлы сынды жас спортшылар аудан абыройын асқақтатып жүр.

Кездесу барысында аудан мерейін үстем етіп жүрген спортшылар мен бапкерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен және марапаттарға ие болды. Сондай-ақ ел чемпионы әрі Азия чемпионатының қола жүлдегері Әмірмұхаммед Кабулов пен әйелдер күресінен Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы Раян Жамсапқызына қаржылай сыйақы табысталды.

Еркін пікір алмасу барысында спорт саласының өзекті мәселелері мен алдағы міндеттер де ортаға салынды.

Ауданның спорттағы жетістігі бір күннің жемісі емес. Бұл аға буын қалыптастырған дәстүрдің, бапкерлердің маңдай терінің және жас спортшылардың табандылығының нәтижесі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: