Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұманды Альбионды бағындырған қазақ баласы

10.09.2026, 7:00 29

Ойлаңызшы, қазақтың өрімдей жігіті әлемнің мен деген лигаларының бірі, ең бәсекелестігі жоғары АПЛ-дың ұстаханасы Чемпионшипте доп теуіп, одан қалды әлемге аты әйгілі команданы сүйреп жүр. Бұл бір кездері ертегідей көрінетін. Бірақ та қанша жылғы «қазақ баласы Еуропада доп тепсе ғой» деген титтей арманымыз бүгінде шындыққа айналды. Дәлірек, небәрі 18 жасқа кеше толған тегі қазақ ойыншысы Дастан Сәтпаев ешкім ойламаған жерден ағылшынның мен деген командасы «Челсиге» ауысты. Онымен қоймай, алғашқы дебют матчында гол салып, тіпті қуантып қойды. Енді міне, Қазақстан тарихындағы ең үздік футболшы тәжірибе іздеп, ағылшынның беделді командасы «Бернлиге» табан тіреді. Келе сала сәтті ойнап, шапшаңдығымен, еңбекқорлығымен  көзге  түсті.

Біз Дастанды «Челсиге» ауыс­қан соң я болмаса «Бернлиде» жақсы ойнай бастағаннан кейін танып отырғанымыз жоқ. Ол жайлы жақсы әңгі­ме Қазақстанда жастар арасында доп қуалап жүрген сәтінен бері айтылып-ақ жүр. Дастан 17-ге тола салы­сымен «Қайраттың» ЧЛ-ға өтуіне сеп болды. Топтық кезеңде жарқ етіп, «Реалға», «Интерге» қарсы доп тепті. Сонымен қатар ұлттық құрамада да өзін көрсете алды. Нақтыласақ, дүниежүзінің үздік құрамаларының бірі саналатын «Бельгия­ға»  қарсы  гол  салды.

Келісімшартқа сай биыл­ғы жылдың жазында «Қайрат» Сәтпаевты ұядан ұшыруға мәжбүр болды. Амал нешік, өсу керек. Дүниежүзіне танылу Еуропаны бағындыр­ған ойын­шылардың  ғана қолынан келе­ді. Дас­танның да «Қайрат­қа»  алғысы зор. Не дегенмен  бала  күнінен  сол  команданың  бір  бөлігі болды, талай жетістікке жетті. Дастан «Қайратты», «Қайрат» Дастанды қимай, бір-бірі­мен  қош  айтысты.

Жоғарыда айттық қой, Сәтпаевтың «Челсидегі» мансабы сәтті басталды. Жолдастық ойындарда «Ювентус», «Тоттенхэм» секілді командаларға қарсы алаңға шықты. Бірақ та ҚПЛ-ден АПЛ-ге бірден ауысу оңай дүние емес. «Челси» алдымен сатып алған жас ойыншысын бір-екі жылға ортаңқол командаға жалға жібереді. Өндірісте бар дүние. Біздің вундер­кинд те мүмкіндік алу мақсатында Чемпионшипте өнер көрсететін «Бернлиге» шақырылды. Десе де, «Челси» нақты талап қойды: «Бернли» Дастанды көбірек ойнатуы керек. Осылайша, трансфер терезе­сі аяқталар тұста Сәтпаев «Бернли» ойыншысы бола кетті. Бастысы, Англиядан  алыс  кеткен  жоқ.

Қазақстандық шабуылшы «Бернлиде» бүгінге дейін төрт ойын өткізіп үлгерді. Әзірге гол немесе нәтижелі паспен ерекшеленген жоқ, бірақ ойыны тартымды. Шабуылда өзгелерден оқ бойы оза шауып, командаластарына мүмкіндік жасап беріп-ақ жүр. Бірақ оны пайдаланатын бір жанның  болмай  тұрғаны…

Сәтпаевтың Англиядағы алғашқы ойыны «Вест Бромвичке» қарсы болды. Алаңға 57-минутта шыққан қазақ баласына көп уақыт берілген жоқ. Небәрі 33 минут қана. Соған қарамастан, 16 пас беріп, соның 14-ін дәл жеткізді. Оның үшеуінен басқасы қарсылас қақпасына жақын аумақта жасалды. Екі жекпе-жекке түсіп, екеуінде де жеңіп шықты. Бірақ қақпаға бірде-бір соққы жасай алмады, қарсылас­тың айып алаңында допқа тимеді. Әрине, дебют үшін жаман емес. Бірақ «Бернли» 1:3 есебімен жеңіліп жатқанда, Дастаннан бірден ерлік күту де артық еді. Flashscore қазақ  футболшысына  6,1 рейтинг  қойды.

Үш күннен кейін Сәтпаевтың алдынан тағы бір мүмкіндік шықты. Бұл жолы қарсыласы – «Брэдфорд Сити». Лига кубогындағы кездесуде Дастан алғаш рет «Берн­лидің» негізгі құрамында алаңға шықты. 80 минут бойы ойнады. Гол болмады, «Бернли» де пенальти сериясында сүрінді. Бірақ Сәтпаевтың өзі жаман көрінген жоқ. 35 пастың 30-ын дәл берді. Бір кілт пас жасады. Доппен 18 рет алға ұмтылып, оның жалпы 203 метрін доппен жүріп өтті. Бірге-бірде қарсыласын алдап өтуге екі рет талпынып, бірінде мақсатына жетті. Қорғаныста да қарап тұрмады, төрт рет доп  тартып алып, бір рет қарсыластың пасын үзді. Жердегі алты жекпе-жектің бесеуінде  жеңіске  жетті. Sofascore оған 7,1 рейтинг берді. «Бернлидегі» сол матч­тың үздіктері қатарында үшінші болды.

Ал «Норвичке» қарсы ойын тіпті бөлек әңгіме. Дастан алғаш рет Чемпионшиптегі  матчты толық, яғни 90 минут ойнады. Қарсылас «Норвич» «Берн­лиді» 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Есепке қарасаң, қазақ­стандық шабуылшы да команданың сәтсіз ойыны­на ортақтасып кеткендей. Бірақ алаң­дағы жағдай мүлдем басқа бол­ды. Сәтпаев «Бернлидің» ең жоғары бағаланған футболшысы атанды. Flashscore оған 7,6 рейтинг  қойды.

Дастан бұл кездесуде үш рет қақпаға соққы жасады, біреуі нысанаға дәл тиді. Қарсыластың айып алаңында бірнеше мәрте көрінді, төрт рет дриблинг жасап, үш кілт пас берді. Ең маңыздысы, шабуыл­дың соңғы фазасында өзін еркін сезіне бастағаны байқалды. Бірнеше қауіп­ті шабуыл­дың  басталуына  атсалыс­ты.  «Бернли»  төрт гол жіберіп алып жат­қанда, 18 жастағы қазақ жігіті қарсылас қорға­нысын  мазалаумен  болды.

Бір эпизодта Дастан сол қанаттан айып алаңына тамаша доп асырды. Зиан Флемминг баспен соққы жасауға мүмкіндік алды. Тағы бір шабуылда Сәтпаев қанатпен зулап кіріп, айып алаңына доп шығарды. Доп бірнеше ойыншыға тиіп барып Аарон Рэмзиге жетті. Алайда оның соққысын қорғаушы дер кезінде жауып үлгерді.

Қысқасы, есеп – 4:1. Ал Сәтпаевтың ойыны – басқа әңгіме. Қазақ футболшысы  сол  күні  «Мен бұл деңгейде ойнай аламын»  деген  белгі  берді.

Бұдан кейін «Мидлсбро» келді. Бұл матч Сәтпаевтың Англиядағы қысқа манса­бындағы әзірге ең есте қаларлық кездесуге айналды. «Бернли» өз алаңында 1:1 есебімен тең түсті. Дастан негізгі құрамда шықты. 81 минут ойнады. Содан кейін алаңнан шыққанда «Терф Мур» трибуналары қазақ футболшысына қошемет көрсетті. Ал матч соңында ұйымдас­тырушылар Сәтпаевты ойынның үздік футболшысы,  яғни  MVP  деп  таныды.

Сандар да сөйлеп тұр. 18 пастың 17-сі дәл жетті. 94 пайыз. Қақпаға екі рет дәл соққы жасады. Бір фол алып, үш рет қарсылас айып алаңында допқа ие болды. Яғни бұл жолы Дастан шабуылдың бір шетіндегі жай ғана жас футболшы емес, ойынға әсер ете алатын негізгі орындау­шы  ретінде  көрінді.

Ең қызығы, Сәтпаевтың төрт ойыны бір-біріне ұқсамайды. «Вест Бромвичте» дебют жасап, ағылшын футболын сырттай бақылаған бала болды. «Брэдфордта» негізгі құрамға еніп, физикалық күреске араласты. «Норвичте» 90 минут бойы шабуыл­ды сүйреуге тырысты. Ал «Мидлсброда» матчтың  үздік  ойыншысы  атанды.

Бір қарағанда, төрт ойын, гол жоқ, нәтижелі пас жоқ. Қағаздағы статистика осындай. Бірақ еске салайық, футбол тек гол мен ассистен тұрмайды. Әсіресе 18 жастағы ойын­шы үшін. Дастанның «Бернли­дегі» төрт ойынында ең анық көрінген дүние – оның алаңдағы салмағының біртіндеп артып келе жатқаны. Алғашқы матчта 33 минут берген жаттықтырушы кейін  оны 80, 90, 81 минут ойнатты.

Өкініштісі, «Мидлсброға» қарсы сол жарқын ойынның соңында Сәтпаев жара­қат алып қалды. Артқы сан бұлшықетінен алған зақымына байланысты бірнеше апта футболдан тыс қалатыны белгілі болды. Яғни енді Дастанның өзі ғана емес, оны асыға күтіп отырған біз де біраз уақыт күтуге  мәжбүрміз.

Десе де, төрт ойынның өзі жеткілікті белгі берді. Тұманды Альбионға барған қазақ баласы мұнда жай серуендеп жүрген жоқ. Ол алаңға шыққан сайын өзіне берілген минутты пайдалануға тырысып жүр. Енді сол соққылардың бірін голға, сол үш кілт пастың бірін нәтижелі пасқа айналдыратын  күнді  күтеміз.

Өйткені  Дастанға қазір керегі – бір ғана нәрсе. Мүмкіндік. Ал мүмкіндік берілсе, бұл қазақ баласының оны пайдалану­ға тісі бар екенін алғашқы төрт ойынның өзі-ақ көрсетіп  қойды.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: