Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр футзалшылары облыс әкіміне ашық хат жазуға мәжбүр

07.12.2023, 11:20 313

Соңғы жылдары Қызылордада футзал клубын құру мәселесі көп көтеріліп жүр. Бір жыл бұрын газетімізде «Қызылордаға кәсіби футзал клубы керек» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Онда спорт журналисі, әуесқой футболшы Әділбек Жақанов «Бүгінде аймақта шағын футболға деген қызығушылық өте жоғары. Талантты аяқдопшылар баршылық. Егер футзалдан Қазақстан чемпионатының бір кезеңі қаламыздағы «Евразия» спорт кешенінде өтсе, аншлагтың көкесі сонда болады! Ұлттық құраманың белді ойыншылары, елдің сүйіктісіне айналған Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Игита, Дугластардың шеберлігін тамашалаған қаншама мыңдаған баланың жігері жанып, футзалға деген құлшынысы арта түсері анық» деп пікір білдірген-ді.

Клуб құру мәселесі алғашқыда шешімін тапқан секілді көрінгендей болған. Бірақ, кейіннен сиырқұйымшақтанып кеткені байқалды. Бір қызығы, желтоқсан айында басталатын Бірінші лигаға Қазақстан футбол Ассоциациясы «Қайсар» футзал клубын қатысушы ретінде тіркеп қойыпты. Ал, оған дайын команданың түрі көрінбейді. Сондықтан, қызылордалық әуесқой футболшылар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа ашық хат жазуға мәжбүр.

– Бүгінде өңірімізде футзал (шағын футбол) ең үлкен бұқаралық сипатқа ие. Қазіргі таңда аймақта 10 мыңға жуық адам Әуесқойлар лигасында доп теуіп жүр. Әр сенбі, жексенбі күндері жергілікті командалардың ойынын тамашалайтын жанкүйерлер «Евразия» спорт кешеніне сыймай қалады және көпшіліктің қызығушылығы да жыл сайын артып келеді. Яғни, футзалмен тыныстайтын халықтың қарасы қалың. Кезінде біздің аймақта «Тұрар» мен «Динамо» кәсіби футзал командасы ел чемпионатына қатысып, Сыр өңірінің намысын қорғаған болатын. Өкінішке қарай, қазір Қызылорданың атынан Қазақстан чемпионатында бірде-бір кәсіби футзал клубымыз жоқ. Ұзақ жылдардан бері облыстың футзалшылары ел біріншіліктерінен тыс қалып келеді. Бұл – өз қазанында өзі қайнаған жергілікті аяқдопшылардың кәсіби тұрғыда өсуіне ең басты кедергі. Әуесқойлар жарысынан шыққан жігіттердің көбі бүгінде өзіміздің емес, өзге өңірдің футзал клубтарында ойнап жүр. Қазір басқа аймақтың барлығында дерлік футзалға ерекше қолдау бар, алға ілгерілеушілік байқалады, – делінген ашық хатта.

ҚР президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында жасөспірімдердің спорттық деңгейін дамытуға көп көңіл бөлуді тапсырды. Әсіресе, бұқаралық спорт пен жасөспірімдер, балалар спортына мән беру, қолдау жасау, әрбір облыс пен аудан орталықтарында спорт секцияларын ашуға басымдық беру туралы айтылған болатын.

– Бүгінгі күнге дейін футболсүйер қауым тарапынан облыстық футзал командасын ашу бойынша көптеген ұсыныс-пікір айтылған болатын. Осыған орай, басқарма тарапынан ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта команда ашу жоспарда бар екендігін және бұл мәселе кезең-кезеңімен іске асырылатынын мәлімдейміз, – деп бір жыл бұрын жауап берген болатын Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Ал жақында ғана Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова БАҚ өкілдеріне берген брифингінде «2024 жылдың бюджетіне мәдениет және спорт басқармасы тарапынан 120 миллион теңге қарап, мамандарды, бапкерлерді тарту бойынша ұсыныс берілді. Ары қарай депутаттар қолдап, экономика басқармасы қаржы беріп жатса, футзал клубын құруға дайынбыз» деді.

Ал, жергілікті футзалшылар уақыт өткен сайын үміт оты өшіп бара жатқанына алаңдайды. Сондай-ақ, футзал клубын құру барша сырбойылық спортсүйер қауымның арманы екенін айтады.

– Уақыт өткен сайын үміт сейіліп барады. Сондықтан, Нұрлыбек Машбекұлы, облыс әкімі ретінде сізден Сыр өңірінен «Қайсар» футзал клубын құруға ықпал етуіңізді барша футбол жанкүйері атынан сұраймыз. Бұл – мыңдаған жанкүйер мен аладопты жанына серік еткен аяқдопшылардың арманы. Бүгінде футзалдан Қазақстан құрамасы әлемде үздіктер қатарында келеді. Ал, ел ішінде Қарағанды, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Семей, Тараз, Шымкент, Рудный, т.б. секілді футзалы бар қалалардың қатарынан Қызылорда да қалыс қалмаса екен деген талап-тілегіміз бар, – деп қорытындыланған  хат  мәтіні.

Спорт журналистері Қазақстанда футзал клубын ұстап тұруға көп ақша кетпейтінін айтады. Яғни, еліміздің футболға бөлетін ақшасының қасында бұл түк емес. Тиісінше, Қазақстан құрамасы футболдан әлемдік рейтінгте 100-дікке енсе, футзалда үздік 10-дыққа кіреді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: