Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шахматтан аудандық турнир өтті

09.05.2026, 1:02 28

Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінде Еңбек және Соғыс ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсының жеңімпазы, ғасыр жасаған майдангер Смағұл Қабақты еске алуға арналған шахматтан аудандық ашық турнир өтті.

Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов қатысып, жарысқа қатысушылар мен қонақтарды Ұлы Жеңіс күні мерекесімен және туринирдің ашылуымен құттықтады. Соғыс ардагері Смағұл Қабақтың майдан даласында көрсеткен ерлігі мен соғыстан кейінгі саналы ғұмырында елге жасаған еңбегі жайында сөз қозғады.

Шарада Қазалы ауданының Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Құлпыбай Ысқақов пен майдангердің ұрпақтары сөз сөйлеп, медицина саласының ардагері Сержан Берденұлы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдіріп, бата берді.

Турнирдің ашылу салтанаты ұлттық нақыштағы көркем бағдарламамен басталып, қатысушы командалар таныстырылды. Шара барысында айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаров арнайы арнау айтып, көпшілікке рухани әсер сыйлады.

Шахмат ойынына аймағымыздағы барлық аудандардан келген 100-ге жуық шахматшылар қатысуда. Биыл үшінші мәрте дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан шахмат ойындары ертеңге дейін жалғаспақ.

Смағұл Қабақ 1923 жылы Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, майданда жараланып елге оралған. Бейбіт өмірде туған жердің дамуына үлес қосып, ұзақ жылдар білім және қаржы саласында абыройлы еңбек етті. Зайыбы Күлжахан апамен бірге 10 бала тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулеттің берекелі тірегіне айналды. 2023 жылы отбасы құндылығын дәріптеген «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанып, ел құрметіне бөленді. Ардагер «Қызыл жұлдыз», ІІ және ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: