Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 29 қыркүйектің қорытындысы бойынша 9 алтын, 14 күміс және 25 қола медаль жинады. Жалпы 48 жүлдесі бар ұлттық құрама медаль кестесінде 8-орында тұр.
Бірнеше күн бұрын Қазақстан жалпы есепте төртінші орында келе жатқан. Алайда кейін Өзбекстан, Таиланд, Бахрейн және Иран алтын медаль саны бойынша алға шықты. Қазір Өзбекстанда 14 алтын, Таиландта 12, Бахрейнде 11, Иранда 10 алтын бар. Қазақстанның еншісінде әзірге 9 алтын.
Көш басындағы үш ел өзгелерден едәуір ұзап кеткен. Қытайда 143 алтын медаль бар. Жапония 45 алтынмен екінші, Оңтүстік Корея 24 алтынмен үшінші орында.
29 қыркүйекте Қазақстан қоржынына тағы үш жүлде түсті. Жеңіл атлет Кристина Овчинникова биіктікке секіруде 187 сантиметр нәтижемен күміс алды. Кураштан Арайлым Шегенова мен стенд атудың трап бәсекесіндегі Қазақстан ерлер құрамасы қола жүлдеге ие болды.
Ал бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта финалға шықты. Ол жартылай финалда Үндістан өкілі Нарендерді жеңді. 2 қазанда өтетін финалда Оралбай өзбекстандық Жахонгир Зокировпен алтын медаль үшін жұдырықтасады.
Қазақстанның тоғыз алтыны әзірге велоспорт, каратэ, ММА, академиялық есу және семсерлесуден келген. Соңғы алтындардың бірін шпагадан Қазақстан ерлер құрамасы алып, финалда Оңтүстік Кореяны 43:42 есебімен жеңді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!