Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өлісін риза қылатын…» Америка-ай!!! …

04.02.2020, 11:26 476

Американың көп әдетін, көп ғұрпын қабылдамай жатамыз. Ол жөн де шығар. Өйткені ондай қасиет өзімізде де,елімізде де жоқ! Алысқа кетпейін. Таяуда Ұлттық Баскетбол Қауымдастығы тарихында өшпес із қалдырған ойыншы КОБИ БРАЙАНТ тұтқиыл келген ажалдан қайтыс болды. Содан бері бүкіл Америка аза тұтып,көз жастарын тия алмауда. Бұл 300 миллионға таяу халық тұратын елдің бәрі баскетбол ойнаған жоқ қой! Олар тек ұлы елдің ҰЛЫ БІР БАЛАСЫ келмеске кеткеніне қайғырып жылап жатыр! …Сол күннен бері мен де қапалымын. Баскетболды КОБИ БРАЙАНТША ойнаған жан жоқ. Ия,Майкл Джордан ғажап болды. Мүмкін ол Кобиден де ұлы болған шығар.Соған қарамай баскетбол білгірлері Майкл Джорданды емес, КОБИ БРАЙАНТТЫ NBA-ның символы етіп қалдыру идеясын ұсынып жатыр! Өйткені бұл елде ұлыдан кейін өсіп шыққан талантты ҰЛЫЛЫҚ тағына мінгізе білу қасиеті кең тараған. КОБИ шынымен ҰЛЫ ойыншы болды. Оның «Лейкерстің» құрамында жүріп,бір өзі Торонта командасының шығыршығына 81(!!!) доп тастауы тарихта енді қайталанбайтын да шығар. Біз ауыз ашып,таңданатын ВТБ тобындағы кейбір командалар бір ойында бүкіл ұжым болып 81 доп тастай алмайтын кездері болады. …Бүгінде бүкіл Американы,әсіресе,Лос-Анжелесті өртеп тұрған қайғыдан жер түбінде отырып,сен де жылайсың! Көшенің тас алаңдарына,биік-биік үйлердің қабырғаларына КОБИ-дің тірі бейнесін кестелеп алып,соның маңына мыңдап жиналып,мүмкін болған жиынды жерлерге оның есік пен төрдей суретін көтеріп барып,айналып-толғанып,жылап-сықтап жатқан халықты көргенде солардың әрқайсысы-ақ туғанынан-туысынан айрылып қалғандай әсер береді. Бұл ол елдің асылын бағалай білетіндігіне,аяулысын сағына білетініне,ұлысын ұлықтай білетініне куә!!!

…Бұл мәселенің ҚАЗАҚҚА қатысы болмаса мен ауыз да ауыртпас едім. Американы Кобидің қазасы мұнша күйдіргенде,кешегі биші-әнші Майкл Джексонның,ұлы боксшы Мұхаммед Әлидің қазалары есіме түседі. Джексонды айдан аса уақыт жер қойнына бермей,денесін алтын табытқа салып алып,Американы аралатып жүріп концерт қойды. Мұхаммед Әлиді де оншақты күн қара жерге қимай,халқымен қоштастырды. Өзі Олимпиада чемпионы болған Мұхаммед Әлиді кейін тілден қалғанның өзінде екі Олимпиадаға апарып,бірінде алау жақтырды,бірінде Олипиаданы аралатып,аяқ-қолы селкілдеген жанды әлем спортшыларына тәбәрік етіп көрсетіп жүрді!

Ал,бізде ше? Пекин Олимпиадасының екінші жартысына барған қазақтың Қажымұханнан кейінгі бас балуаны ӘБІЛСЕЙІТ АЙХАНОВ ағамыздың: «Бұл менің тұңғыш көрген Олимпиадам! Мүмкін соңғысы да болар…» деп жылап тұрғанын көру қай қазақы жүрекке жеңіл болсын! Сол Әбіл ағаны кейіннен өмірден озғанда жеті күн аза тұтпақ түгілі,ел болып лайықты шығарып та салмады! Қазақтың Пелесі атанған ТИМУР СЕГІЗБАЕВ ағамыз да өмірдегі басқан ізі білінбейтін өз мінезіндей көп жанға жария болмай аттанды бақиға! Қазақтың ТҰҢҒЫШ ОЛИМПИАДА жүлдегері,60-шы жылдардың Үсейін Болты , ҒҰСМАН ҚОСАНОВ ағамыз өзін қор санағандардың мазағына шыдамай,ерте озды өмірден. Мұхаммед Әлиді қазақ тұқымында қайталаған ҚЫПШАҚ БАТЫРЫ,қайта тумас ӘБДІСАЛАН НҰРМАХАНОВ ағамызды аяқ-қолы сау,ақыл-есі дұрыс кезінде-ақ лайықты жұмыс бермей,автотұраққа жылу жинауға ығыстырып жүргенде бір кәпір атып өлтірді… Ал,бұл төрт адам да Олимпиада чемпионы болмағанмен ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ СИМВОЛДАРЫ болатын!

…Ажал Алладан екенін жақсы білеміз. Бірақ адамның,елдің қолынан келетіні басқа – шын қайғырып,жоқтай алу,ұлы талантымен еліне,халқына,ұлтына әперген атақ-даңқына қарай есте қалдыру,болашақ ұрпаққа үлгі ете білу ғой! Яғни,ӨЛІНІ РИЗА ЕТУ ғой. Ол жағынан қазақ та,ҚАЗАҚ ЕЛІ де әлі көп төменде жатыр. Мен Коби Брайантқа ғана емес,соған да ЖЫЛАУДАМЫН бүгін!

Несіп Жүнісбайұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: