Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұхаммед Әли неге мұсылман дініне өтті?

14.01.2024, 9:00 359

HALYQLINE.KZ

Әлемнің үздік боксшысы атанған Әлидің нәсілі қара түсті болып,1942 жылы 17 қаңтарда АҚШ-тың Кентуки штатындағы Луисвилл қаласында дүниеге келді. Арғы тегі Африкадан әкелінген құл еді. Азан шақырып қойған толық аты-жөні – Кассиус Марселлус Клей. Кішкентай Клей есін білгелі нәсілшілдік кемсітушілікті көріп өсті, он жасқа келгенде кеудесі өксікке толы күйінде анасынан: «Мама, Иссустың көзі көк ақ нәсіл, періштелер де ақ түсті, біздер қара болғандықтан жұмаққа бармаймыз ба?» деп сұрайтын. Және өзінің сұрағына өзі жауап беретін: «Мама, мен білемін, біз, қаралар да жұмаққа ақ нәсілдерге қызмет ету үшін барамыз» дейтін. Жасөспірім кезінде жаздай еңбекпен тапқан ақшасына сатып алған велосипедін ұрлап кеткенде, ақ нәсілді учаскелік полицей Джон Мартенге барып: «Ұрлаған адамды тапсам, аямай ұрамын» деп ескерткенде, Джон қатарларына қарағанда қапсағай жауырынды баланы байқап: «Ұру үшін де оны үйрену керек» деп бокс жаттықтырушысына тапсырады. Алғашқы жекпе-жегін 40 келі салмақта ақ нәсілді Ронни Нифимен өткізеді, айқын басымдықпен жеңсе де және жекпе-жек тікелей телеарнадан көрсетіліп тұрса да, жеңісті көрер көзге ақ нәсілді боксшы балаға берді. Сол кезде көзі жасқа толып, бар дауысымен: «Мен бәрібір әлемдегі ең күшті боксшы боламын» деп айғайлап жіберді. Әкесі қара нәсілді өзі сияқты Эллимат Тиллді ақ нәсілді балалардың аяусыз ұрып өлтіргені туралы жазған газеттегі фотосын көрсетіп, рингтен тысқары ақ нәсілмен төбелесуге болмайтынын ескертті. Ол кезде Америкада рассизм, яғни нәсілшілдік өршіп тұрған уақыт еді, қара нәсілділер үшін тамақтану орындары, қоғамдық автобустар да бөлек болатын. Сол кезде АҚШ-тың 46-шы президенті қара нәсілді Барак Обама болатынын айтса сұқ саусағын самайына апарып, «мынадай емессің бе?» деп айтар еді.

1960 жылы Рим Олимпиадасында он сегіз жасында чемпион болып, туған қаласы Луисвиллге келіп, мойнына алтын медалін тағып алып, кафеге келгенде даяшы негрлерге қызмет жасамайтынын айтады. Бұған наразы болған Клей менеджерін шақырып алып, «мен үшін Римде Американың әнұраны ойналды» дегеніне қарамастан кіргізген жоқ. Ашуға булыққан боксшы Огайго өзенінің үстіндегі көпірде тұрып мойнындағы алтын медалін суға лақтырып жіберді. Ол адам ретінде теңдікті қасиетті кітабымыз Құраннан тапты. Онда адамдар терісінің түсіне қарамай барлығы да құдай алдында бірдей делінген болатын. Мұсылман дініне өтіп, Мұхаммед Әли атанды. Әлем чемпионы атанған соң 1964 жылдан бастап кәсіби боксқа ауысып кетті, алты рет әлемдегі ең күшті боксшы атанды. Бойының ұзындығы 191 см болса, екі қолын екі жаққа созғандағы өлшемі 198 см еді! 1964-1981 жылдары 61 рет жекпе-жек өткізіп, оның 56-сында жеңіп, 37-сін нокаутпен аяқтады. ХХ ғасырдың ұлы боксшысы Мұхаммед Әли 2016 жылы 3 маусымда қайтыс болып, мұсылман ғұрпымен жаназасы шығарылып жерленді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: