Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Менеджер емес, спортшысыздар»: министрлік ақша сұраған жеңімпаздарға жауап берді

11.06.2026, 9:50 56

HALYQLINE.KZ

Вице-министр Серік Жарасбаев спортшылардың соңғы уақытта патриотизмнен гөрі ақша мәселесін көбірек көтеріп жүргенін айтты, деп жазады penalty.kz.

МИНИСТРЛІК СПОРТШЫЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Үкіметтегі брифинг кезінде қазақстандық спортшылардың қаржылық мәселеге жиі назар аударатынын сынға алды. Оның сөзінше, қазір кейбір спортшы үшін ел намысын қорғау мен патриоттық ұстаным екінші орынға ысырылып барады.

«Өкініштісі сол, қазір көптеген спортшымыздың басты назары қаржыландыру жағына ауып кеткендей. Бұрын патриотизм, ел абыройын қорғау секілді құндылықтар алдыңғы орында айтылатын. Қазір бұл дүниелер екінші кезекке қалып бара жатқандай әсер қалдырады», — деді Жарасбаев.

СПОРТШЫ ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАУЫ КЕРЕК

Вице-министр спортшылар халықаралық аренада Қазақстанның туын көтеріп, ел абыройын асқақтатуға міндетті екенін атап өтті. Оның айтуынша, спортшылар қаржы есебін жүргізетін менеджер емес, ең алдымен ұлттық құраманың өкілі ретінде ойлауы тиіс.

«Спортшының басты міндеті – жоғары халықаралық деңгейде ел намысын қорғау, Қазақстанның туын көтеру. Сіздер – ең алдымен спортшысыздар. Ел абыройын қорғаңыздар. «Кім қанша алады, қаржы қайдан бөлінеді?» деп есеп жүргізетін менеджерге айналмау керек», — деді ол.

ШАЙДОРОВ ЖАЛАҚЫ мен МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРГЕН

Айта кетейік, мамыр айының соңында мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров өз сұхбатында ақпан айынан бері жалақы алмағанын және медициналық сүйемелдеусіз қалғанын мәлімдеген. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, Туризм және спорт министрлігіне қатысты сынның күшеюіне себеп болды.

Кейінірек шенеуніктер спортшыға келісімшарт ұсынғаны белгілі болды. Ондағы талаптардың бірі – 2030 жылғы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алу болған.

БИБІСАРА АСАУБАЕВА ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Кеше блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Шахматшы өз мәлімдемесінде жалақысының қысқарғанын және бейінді министрлік тарапынан қаржыландыру мәселесі шешілмей отырғанын жеткізді.

Асаубаеваның үндеуінен кейін спорттағы қаржылық қолдау, ұлттық құрама мүшелерінің жағдайы және министрлік пен спортшылар арасындағы қарым-қатынас қайтадан қызу талқылана бастады.

Нұрдаулет  КЕҢЕС,

футбол шолушысы

Фото: elorda.info

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: