Қазіргі уақытта Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде бұқаралық спортты дамытып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында спорт кешені мен спорт алаңдарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге кент аумағында салынып жатқан спорт нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының сапасын көрді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Алдымен аудан басшысы мәдени-демалыс кешені аумағындағы спорт кешенінің құрылыс сапасын бақылады. Жалпы құны 643 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысын «Болашақ» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Қазіргі уақытта нысанның шатырын жабу, қасбетін қаптау және ішкі сылақ жұмыстарын жүргізу жұмыстары атқарылуда.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтіп, мердігер мекеме басшысына нысанды белгіленген мерзімде аяқтап, ел игілігіне табыстауды тапсырды.
Бұған дейін аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі спорт алаңдарының жағдайымен танысып, жаңа нысандар салу және тозығы жеткен алаңдарды жөндеу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес, қазіргі уақытта кентте 2 жаңа спорт алаңының құрылысы басталып, тағы 2 спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үй аймағындағы А.Әсербаев пен Ж.Құдабаев көшелерінің қиылысында салынып жатқан және №276 мектеп жанындағы бой көтерген жаңа спорт алаңдарының құрылысын көрді. Спорт алаңдарының құрылысы бойынша мердігерлерге бірқатар кемшілікті атап көрсетіп, қайта қалпына келтіруді және 1 маусымға дейін екі спорт алаңының да құрылысын сапалы етіп аяқтауды тапсырды. Ал кент әкіміне жаңа спорт алаңдарын бейнебақылау камераларымен жабдықтап, түнгі жарықпен қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!