Жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды спорт пен саламатты өмір салтына баулуда аула клубтарының орны ерекше. Бүгінде бұл клубтар балалар мен жасөспірімдердің қабілетін дамытып, денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды тәрбие орталығына айналып отыр.
Қызылорда қаласында 6-18 жас аралығындағы балаларға арналған 42 аула клубы жұмыс істейді. Олар қаланың барлық ауданында орналасқан. Клубтарда тәжірибелі жаттықтырушылар мен педагогтер қызмет атқарып, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауда.
Аула клубтары арасында жыл бойы түрлі спорттық жарыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді. «Волейбол турнирі», «Дені сау – дені мықты», «Спорттық отбасы», «Қалалық біріншілік», «Мини футбол», «Жеңіл атлетика» секілді жарыстар өткізіліп, үздік өнер көрсеткен қатысушылар кубоктармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Қазіргі уақытта жазғы демалыс маусымына орай «Жазғы старттар» жобасы аясында футбол, баскетбол және жүгіруден жарыстар өтуде. Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың достық қарым-қатынасын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Балалардың бос уақытын пайдалы арнаға бағыттап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып отырған аула клубтары алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыра бермек. Бұл – дені сау, белсенді әрі мақсатшыл ұрпақ тәрбиелеудің тиімді жолдарының бірі.
Кәусар Әбдімәлік,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Фото: ашық дереккөзден алынды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!