Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралас жекпе-жек: Ағайынды ҚАЙРАНОВТАР

13.02.2021, 10:00 1044

HALYQLINE.KZ Спорт әлемінде белгілі бір спорт түрімен шұғылданып, спортта өздерінің жолын қалыптастырып, тарихта есімдерін қалдырып кеткен ағалы-інілі спортшылар баршылық. Олардың қатарында Федор мен Александр Емельянко, боксшы Виталий мен Владимир Кличко және UFC-тің экс-чемпиондары Ник пен Нейт Диас және т.б. атауға болады.

Бүгін біз спорттың кәсіпқой аралас жекпе-жегімен шұғылданып, халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген ағайынды Шыңғыс пен Жеңіс Қайрановтар туралы, олардың қазіргі қызметтері туралы айтпақпыз.

Маңғыстаудың тумасы, «Бейнеу ММА» өкілі, аралас жекпе-жек спортынан Қазақстан чемпионы. Аса жеңіл салмақтағы «Алаш Прайд» Гран Приінің екі рет жүлдегері атанған Шыңғыс Қайранов (12-2-1) Қырғызстанның, Ресейдің огтогоніне шығып, талай мен деген спортшылардың мысын басқан. Дүбірлі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, қазақтың атын әлемге танытып жүр. Оның туған інісі Жеңіс Қайранов та осал емес. Аралас жекпе-жектен Қазақстан чемпионы, грэпплингтен екі дүркін және панкратионнан бір рет Қазақстан чемпионы атанды. Ағалы-інілі Қайрановтар негізін қалаған «Бейнеу ММА» жекпе-жек клубының құрылғанына да он жыл болыпты. Қазір онда 500-ге тарта бала аралас жекпе-жек, грэпплинг және панкратион спортымен айналысады.

Шыңғыс Қайранов:

Бала кезімде бокспен айналысып, облыс чемпионы атандым. Маңғыстау құрама командасында өнер көрсетіп, біраз жетістіктерге жеттім. Жиырма үш жасымда кәсіпқой аралас жекпе-жек спортына ауысып, екі рет «Алаш Прайд» Гран-При жарысында топ жардым. Октогенге шықпағаныма да бір жылдан асты. Ең соңғы жекпе-жекте жарақат алып төрт-бес ай емделіп жазылдым. Індеттің кесірінен жарыстар өтпей қалғаны спортшыларға қиын болды. Аллаға шүкір, жаттығуымды үзбей, тұрақты дайындалып жүрмін. Жарысқа шығу мәселесіне тоқталатын болсақ, мен аралас жекпе-жек спортынан кетіп, грэпплингке ауысып жатырмын. Яғни ережесіз күрес түрі. Ұру, тебу жоқ. Бұл да – спорттың бір түрі. Жалпы спортта бармын.

Қазір Ақтау көлік колледжінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Бүгінде «Бейнеу ММА» клубының жағдайы жақсы. Аудан әкімі қолдап, көмектесіп жатыр. Алда «Бейнеу ММА» турнирін өткізгіміз келеді.

Жеңіс Қайранов:

Жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, енді өзім біржола жаттықтырушылықа бет бұрдым. Өйткені дарынды жас спортшыларды іздеп, оларды жаттықтырғым келді. Жастар арасынан чемпиондар шығару талабым бар. Ал кәсіпқойлар арасынан жігіттерді дайындап жатырмыз. Аманшылық болса, жарыстарға шығады. 2010 жылы «Бейнеу ММА» клубы құрылды. Ауыл балаларын жинап, спортқа тарту мақсатында құрылды. Жалпы, 2010 жылы нақты құжат жүзінде «Жекпе-жек» қоғамдық бірлестігі деп аталды. Ол кезде 50-60 бала ғана қатысатын еді. Қазір 500-дей бала спортпен тыңғылықты айналысады. Шәкірттім Руслан Сариев былтыр Ruby Sport & Entertaiment менеджерлік компаниясымен келісімшартқа отырды, қуаныштымын. Жалпы, Руслан он екі рет жекпе-жек өткізіп, бірде-бір рет жеңілмеген. Енді барлық кәсіпқой спортшылардың мақсаты – UFC-де өнер көрсету. Русланның да UFC-ге ауысуына аз қалды. Шүкір, басқа да спортшыларымыздың жетістіктері өте жоғары. Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының ММА спортшылары үздік өңір деп танылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ауданымызға спорт кешенін салып берді. Көмегін аямай беріп жатыр. Баршасына алғыс айтамын.

Айбек МҰХАНОВ
журналист,
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: