Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Жақсықылыш кентіне барып, 12 шілдеде өткен сайлау қорытындысына сәйкес жаңадан сайланған кент әкімін қызметімен құттықтап, тұрғындарға таныстырды.
Ауылдық округ әкімшілігі ғимаратында өткен басқосуда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Зағатов сайлауға қатысқан үміткерлердің ішінен халықтың басым қолдауына ие болған Абай Жеткергенұлы Жаңабаевтың кент әкімі болып сайланғанын ресми түрде атап өтіп, арнайы қызметтік куәлік табыстады.
Кездесуде аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жаңадан сайланған кент әкіміне сенім білдіріп, ауылдың өзекті деген мәселесін уақытылы көтеріп, шешімін табуға жұмыс жасау керектігін жеткізді.
Әсіресе кентішілік мәселелерді ұдайы қаперге алып, оны шешуде уақыт жоғалтпай жан-жақты жұмыс істеу керектігі жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ осы кезге дейін елмен етене жұмыс жасап, халықтың көңілінен шыға білген бұрынғы әкім қызметін атқарған Пазылбек Берсүгіровке арнайы Алғыс хат табыстады. Ауыл ардагерлері де бұрынғы әкімнің елге жасаған жұмысына жақсы баға беріп, ризашылықтарын жеткізді.
Ауыл ақсақалдары бір ауыздан сайлаудың ашық әрі әділ өткенін айтып, ел сеніміне ие болған жаңа әкімді жақсы жұмыс жүргізеді деген тілектерін жеткізді.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан елге ортақ мәселелер де көтерілді. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Жақсықылыш кенті бойынша көтерілген мәселелерге қанық екенін жеткізіп, оларды шешу бағытында жаңа әкіммен бірге жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Мұнан кейін аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы кент тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!