Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдарияның сын көтермейтін мәселелері шешілмек

19.11.2021, 9:20 548

HALYQLINE.KZ

Сырдария ауданы келелі мәселелерден кенде емес. Мұнда да кешегі кеңестік кезеңнен қалып қойған қордалы шаруалар бар. Мәселен, аудандағы кейбір елді мекендерде электр желілерінде ақау көп. Аудан дейміз-ау, электр жарығы мәселесі облыс орталығында да бар, оны жасырып қала алмаймыз. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев жыл басынан бері шешімін тапқан және алдағы атқарылуға тиіс шаруалардың жайымен бөлісті. Экономикалық ауал тұрақтанған, өндіріс орындары, кәсіпкерлік және өзге де салалардан қазынаға қомақты қаржы түскен. Нәтижесінде биылғы бюджет 12,6 млрд теңгені құрапты. Оның 63 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.

Сырдария әрқашан ауыл шаруашылығы саласынан алда жүреді. Биыл да сол қарқынынан тайған жоқ. Дәнді, майлы дақылдар, бақша және көкөніс, картоптан мол өнім алды. Бас-аяғы 33 мың гектардан аса жерге дақыл еккен. Күріштің өзінен 133,6 мың тонна өнімге қол жеткізіп отыр. Олар Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне экспортталды. Бұл жерде айта кететін жайт, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты күріш, ет, сүт, картоп өнімдерімен Сырдария ауданы өз-өзін толықтай және Қызылорда қаласын ішінара қамтамасыз етіп отыр. Мал шаруашылығы да кейін қалып отырған жоқ, даму бар.

Ауданда «Есіктен дүкенге дейін» пилоттық жобасы қолға алыныпты. Ол ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен елдегі фермерлерге өздері өндірген өнімін артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалауға мейлінше көмектесу мақсатында жасалып отыр. Дәл осы пилоттық жоба арқылы Бесарық және Іңкәрдария ауылдарында ауылшаруашылық кооперативтерін жандандыру жұмыстары басталуда.

Мұнымен қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін бір нүктеден сататын дүкен ашу үшін Қызылорда қаласынан 5 жер учаскесі сұратылуда. Бұл егіс алаңынан жеткізілген өнімдерді халыққа қолжетімді бағада ұсыну үшін қолданылады, – деді аудан басшысы М.Ергешбаев.

Кәсіпкерлік те кең өріс алды деп жоғарыда айтып кеттік. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден 80 кәсіпкерлік субъектісі 506 млн теңге несие алып, жұмыстарын жалғастыруда. Ал «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы 21 кәсіпкер 90 млн теңге жеңіп алған. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында құны 276 млн теңге болатын 70-ке жуық жоба қаржыландырылды. Оның басым бөлігі – мал басын көбейту, бордақылау, монша ашу, қажетті техникаларды алу секілді жобалар.

Аудандағы ауыз толтырып айтатын маңызды жаңалықтың бірі – ауызсу мәселесінің толық шешілуі. Енді кейбір тозығы жеткен жолдарды жөндеу мен жол салу мәселелері кезекпен шешілуде. Және сол үшін арнайы қаржы да қарастырылып қойған.

Электр желілерінің мәселесін аудан басшысы айналып өткен жоқ. Осы тұрғыда қарқынды жұмыстар жүргізіп жатқандығын алға тартты.

Ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің 70 пайызы тозығы жетіп тұр. Оны өзіміз біліп, көріп отырмыз. Енді осы мәселені шешу үшін «КРЭК» АҚ-мен Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдарына 745 миллион теңгеге жуық қаржы тартып, шаруаны ретке келтіру жоспарда тұр. 1-кезеңмен жаңғырту жұмыстарын Қоғалыкөл мен Аманкелді ауылдарына жүргіземіз, – деді аудан әкімі.

«Көгілдір отынның» игілігін аудан жұртшылығының 30 пайызы көріп отыр. Алға қойған жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде Тереңөзек кентінің 70 пайызы газ пайдалануда. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау. Бұл бағытта ауданда біршама ауқымды жұмыстар жасалыпты. Биыл 1149 жұмыс орнын құру жоспарланса, есепті кезеңге дейін 1885 жұмыс орны ашылып, көрсеткіш артығымен орындалған. Жыл басынан бері 50-ге тарта мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту орталығына хабарласқан. Оның 30-ға жуығы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Апаттық мектептер жоқ. Интернет желісіне барлық білім беру ұйымдары қосылған.

Алдағы жылға қойған жоспарымыз көп. Қазіргі таңда құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық тиісті басқармаларға өтінімдер жолданды. Олардың ішінде №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар -жасөспірімдер мектебі ғимараты алаңына жаттығу және стритбол алаңы құрылысын салу, ауылдық елді мекендердегі жолдарға жөндеу жүргізу, электр желілерінің ақауларын реттеу жұмыстарын атап өтуге болады, – деді аудан басшысы М.Ергешбаев.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген. Кезінде Қазалы ауданының тізгінін ұстағанда біраз күрмеулі мәселелердің нүктесін қоюға атсалысып еді. Сырдарияның да сын көтермейтін мәселелерін бір ізге келтіріп, шатқаяқтаған шаруаларын шешіп береді деген ойдамыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: