Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салықшылар «сылқ» еткен сәт

22.07.2021, 12:00 666

Демалыста демалмайтындар бар. Жергілікті биліктің жұмысына қатты берілгені соншама өткен аптада ауыс-түйісті анау-мынау емес демалыс күні жасап жіберді. Таңғалмаймыз, тағайындаудың да түр-түрі бар. Өткен жылдың ақпан айында Шиелі ауданының әкімі лауазымына тағайындалған Қамбарбек Мүбараковтың орнын Нариман Мақұлбеков басты. Су жаңа әкім туралы жақсылы-жаманды пікірлер әлеуметтік желілерде жазылып-ақ жатыр. Ол туралы кейінірек. Әуелі әкімнің жүріп өткен жолына көз тастасақ.

Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Шиелі аудандық мәслихатының келісімдерімен Шиелі ауданының әкімі лауазымына Мақұлбеков Нариман Әскербекұлы тағайындалды.

Мақұлбеков Нариман 1968 жылы Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1986 жылы Қызылорда қаласындағы автобазада слесарь ретінде бастаған.

1987-1994 жылдары Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеген.

1994-2017 жылдары құқық қорғау органдарында, соның ішінде Қызылорда қалалық прокуратурасының тергеуші стажерінен облыс прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның департамент бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. 2018-2020 жылдары жеке секторда «Jfc colos» ЖШС директорының кеңесшісі лауазымын атқарған.

2020 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Нариман Әскербекұлының тағайындалуына өз реакциясын ашық білдіргендердің бірі – сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Ол «Бұл азаматтың қызметіне қарасам құқық қорғау саласында ғана қызмет жасап, соңғы уақытта ғана облыс әкімшілігінде шамалы істеген екен. Сексен мыңнан астам халық тұратын ауданға әкім болу оңай шаруа емес» дей келе, кезінде өзінің «мен әлі дайын емеспін» деп бірнеше жоғары лауазымнан бас тартқанын айтады. Осыдан соң, қорытындыны өзіміз-ақ шығара беруге болады. Мұның артында «қазіргілер ешнәрсе білмесе де кеудесін ұрып, мен дайынмын» деп тұрады деген түйін жатқандай.

– Аудан әкімі бесаспап, яғни шаруашылықтың барлық саласын, ішкі саясат­ты, білім, денсаулық, мәдениет, діннен хабары болуы керек. Ең бастысы, халықпен тіл табысатындай қабілеттің болуы қажет. Бұл азамат мықты заңгер болар, бірақ айтылған салаларды біледі деп айта алмаймын. Құқық қорғау саласынан зейнетке шыққан азаматтың мұндай лауазымға тағайындалғанына ақыл жетпейді. Елордадағы Орталық атқарушы органдарда, парламентте небір мықты жас буын сырбойылық кадрлар бар екенін көріп жүрміз. Бірақ оларды ешкім көрмейді, – дейді сенат­ор.

Шиеліден басталған ауыс-түйіс Қармақшы ауданын да «шарпып» өтті. 2019 жылдың қыркүйек айынан осы кезге дейін әкім болған Мұса Қалдарбековтың қайда кеткені әзірге белгісіз. Ал, қармақшылықтардың басым көпшілігі аудан басшылығына жас кадрдың әрі жерлестерінің келгеніне қуанған сыңайлы.

Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Қармақшы аудандық мәслихатының келісімдерімен Қармақшы ауданының әкімі лауазымына Нұртай Қайрат Ырзақұл­ұлы тағайындалды.

Нұртай Қайрат 1982 жылы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде туған. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін инженер-механик, Дінмұхамед Қонаев атындағы университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жетек­ші маманы болып бастап, 2005-2006 жылдары Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде жауапты қызмет атқарған;

2006-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің аға, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі;

2014-2015 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.

2018 жылдан бастап 2019 жылдың желтоқсан айына дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Осылайша, бір күнде екі салықшы әкімді орнынан «сылқ» еткізді. Олай дейтініміз, Қамбарбек Мүбараков та, Мұса Қалдарбеков те салық департаментінде, салық комитетінде, жалпы айтқанда салық органдарында бірқатар жауапты қызметті атқарған. Жасыратыны жоқ, оларды жұрт облыстың экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың адамдары деп таниды. Ал, жаңадан тағайындалған қос әкімнің жоғары оқу орнын заңгер, құқықтану мамандықтары бойынша бітіргенін автобиографиясынан байқау қиын емес. Әрине, кім не десе де, әкім ел-жұрттың сенімінен шығуы шарт. Орынбасарлары орынды уәж айтып, кеңесшілері керекті жерде жөн сілтесе, басшылардың да басында бағы бес елі болғаны. Әйтпесе, әкімнің «графигін» әркім қойып жүргенінен да хабардармыз. «Ханда қырық кісінің ақылы болуы керек» дейді, хан қырық кісінің ақылын тыңдасын емес…

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: