Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Режимнің қазақ халқына қиянаттары

01.05.2021, 10:00 372

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі режим отыз жылдық билігі тұсында Қазақ халқына пайдасы тиді ме әлде зияны тиді ме? Осы сауалды сараптап көрелікші. Қарап отырсақ, биліктің қазақ халқына үш түрлі пайдасы, кемінде 10 түрлі зияны тиіпті.

Олар қандай? Алдымен тигізген пайдасы:

1. Қазақстан шекарасын көрші елдермен түбегейлі айқындап алғаны.

2.Ел кіндігін Сарыарқа төсіне көшіруі.

3. Қазақ жазуын латын негізді әліпбиге көшіруге ынтасы.

Енді тигізген зиянына келейік. Режимнің қазақ халқына жасаған қиянаттары:

1. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт мәртебесі ұрланды. Конституцияда қазақ халқы Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ұлт екендігі көрсетілмеді. Бұл ұлтаралық қақтығыстардың жиілеуіне соқтырды. Соңғы жылдарда ғана осындай 11 қақтығыс орын алды.

2. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдің рөлі іс жүзінде орыс диаспорасының тіліне заңсыз көшірілді.

3. Қазақ мемлекеттілігінің шынайы 2500 жылдық тарихы «Қазақстан тәуелсіздігіне – 30 жыл» тезисімен сүмірейтілді. Бұл бүгінде аумақтық көз алартулар туғызып отыр.

4. Ұлттық мемлекеттілікті нығайтудың орнына орыстілдік негізде ойдан шығарылған азаматтық біртектілікті қалыптастыруға басымдық берілді. Қазақ халқы «қазақстандық ұлт» идеясын кері серпіді.

5. Тәуелсіздіктің негізі болып табылатын ауыл шаруашылығы талқандалып, тұралатылды. Бүгінде азық-түліктің 80 пайызы шет елдерден тасылады.

6. Еуразиялық экономикалық одаққа тықпалау арқылы Қазақстанды бодандық ахуалға түсірді (зиян көлемі $44 млрд). Ресейге тәуелділік күшейтілді. Көп жағдайда Қытайға кіріптар етіп қойды.

7. Қазақстанның жері мен қазба байлығы талан-таражға салынуына жол берілді.

8. Тұрмыстық жағдайының төмендігінен Қазақстан халқы кредиттер арқылы банктерге орасан зор мөлшерде борышкер болып отыр. Еңбек етуге қабілетті 7,5 млн адам банктерге 25 триллион теңгеге жуық қарыз.

9. Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің мемлекетшілдік қасиеті жойылды, көзбояушылық артты, жаппай коррупцияның өрістеуіне жол берілді.

10. Қазақстанда ғылым, білім, медицина, т.б. әлеуметтік салалардың дамуы кенжелеп қалды. Бұл жалпы халықтың кедейленуіне соқтырды.

Зерттейтін болса осы он саланың құлдырауы туралы том-том кітап жазуға болар еді.

Жазушы-публицист

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев).

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: