Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ресей соғыс ашуы мүмкін…

25.11.2021, 12:00 316

Ресей Украинамен шекаралас аймаққа 92 мың әскерін тағы шоғырландырды. Бұл Киевті де, Украинаның батыстық әріптестерін де алаңдатып отыр. АҚШ Ресейдің бұл әрекетіне барынша салмақтылықпен қарап, Ресейдің Украинаға басып кіру қаупі барын жоққа шығармайды. Вашингтонның барлау қызметі шекарадағы әскер түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін, алайда финал Ресейдің шабуылы болуы ықтимал дейді. Барлау қызметі Ресей Қырымнан Донбассқа баратын жаңа жолды салу үшін әскери күшке көшу жолын таңдағанын айтып отыр.

«The New York Times-тың» жазуы бойынша, Еуропа елдері Ресейдің шабуылынан Украинаны құтқару үшін қазір қатаң саяси позиция ұстануы керек. Ол Мәскеуге санкциялардан бастап, Киевке әскери көмек беруге дейін кең негізде іске асуы қажет. Еуропа елдері АҚШ-пен тығыз  байланыс  ұстағанда ғана Ресей шабуылға шығудан бас тартуы мүмкін деп санайды Вашингтон. АҚШ Ресейге ықпал ету үшін жаңа санкциялар пакетін әзірлеуде. Бұрынғы санкциядан ерекшелігі АҚШ бұл жолы халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін  салаларға  санкциялар  салуы  мүмкін.

«Ресей Украина шекарасына шоғырландырған әскерімен қандай әрекетке баруы мүмкін? Шабуылға шығу деген тек сөз жүзінде емес сияқты», – дейді «Bloomberg» сарапшылары. Бір апта бұрын АҚШ дипломат­тары Еуропадағы әріптестеріне Ресейдің басып кіруі мүмкін екенін ескертіп, арнайы мәлімдеме жасаған еді.

«Шабуыл жасауға қатысты болжамдар АҚШ барлаушыларының құпия ақпараттарына негізделген. Олар бұл ақпаратпен әлі бөліспеді. Дегенмен АҚШ пен Еуропа елдері бірлескен әрекетті талқылауы мүмкін. АҚШ билігіне жақын тұлғалар жағдайдың алаңдатарлық екенін айтуда», – дейді «Bloomberg» сарапшылары.

«Ресейдің ашық соғыс ашуы екіталай, өйткені ол ірі қалаларда қарқынды қарсылыққа тап болады. Алайда Мәскеу Украина шекарасында қандай да бір әскери қимылға көшуі мүмкін», – дейді кей Батыс­тық  сарапшылар.

15 қараша күні Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Куле­ба Франция мен Германияны Украинаға Ресейдің басып кіруіне дайындалуға шақырды. Қазір Берлин мен Париж мәселені тек саяси жолмен реттеуге тырысуда, әскери нұсқаны екінші планға қойған.

«Егер Ресей ашық соғысқа көшсе онда сендердің бюрократиялық негіз­де шешім қабылдауға уақыттарың кетеді, дереу арада қарсы реакц­ия болмайды. Сондықтан дайындықты қазірден бастауларыңызды сұраймыз», – деді Украинаның СІМ басшысы.

Украина СІМ сөзінше, қандай жағдай болса да Киев жерін табандылықпен  қорғауға  дайын.  Бес  күн  өткен соң, 20 қараша күні АҚШ  Сенаты­ның  басшысы  Роберт  Менендес Ресей  Украинаға  басып  кірсе, қатаң  санкциялар салу мен оқшаулауға қатысты ұсынысын жаса­ды. Егер ұсыныс қабылданса, АҚШ басшысы Ресейдің әрекетіне қатаң жауап беріп, Украинаға әскери көмек беруге міндетті болмақ. Сонымен қатар, ұсыныста Ресей банктеріне, мемлекеттік және жеке сектор  үлесіне  санкциялар  салу  жағы  да  қарас­тырылған.

19 қараша күні Украина Қорғаныс министрі Алексей Резников АҚШ-қа сапары барысында Вашингтоннан қолдауды арттыру керектігін сұраған. Оның ойынша, Киевке әуе және теңіз күштеріне жаңа қарулар қажет. Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің соғыс ашуына қатысты: «Мен ол жайын­да естідім, бірақ өзім әлі оқымадым. Бұл сандырақты көрмедім», – дейді.

АҚШ барлаушыларының пікірінше, Ресей Украинаға 2022 жылдың қаңтарында  шабуыл  жасауы  мүмкін. Мәскеу  ол  үшін алдымен авиация мен артиллерияны, артынша десанттық күштерді қолдануы мүмкін дейді. Шабуыл алдында Ресей Украинаға газ беруді тоқтатып, күн райының суық кезін  пайдаланбақ  деген  де  болжам  бар.

Украина билігі де болуы ықтимал соғысқа дайындалу үстінде. Түркия­лық «Байрактар» соққы жасаушы дрондарын меңгеруді жылдамда­тып, АҚШ тарапын­ан жеткізілген «Javelin» техникаға қарсы қаруларын  ұрыс  жағ­дайында   алғаш  рет  қолданды.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: