Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

РЕФЕРЕНДУМ: БІЗГЕ НЕ – АҚ, НЕ – ҚАРА БОЛҒАНЫ КЕРЕК ПЕ?

05.05.2022, 12:20 721

ҚР Конституциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізуді референдум арқылы жүргізу бастамасы қазақ қоғамын екіге бөлген сияқты. Бір жағы Президенттің бұл ұсынысын қуана қабылдап, қоғамдағы саяси өзгерістердің батыл қадамдарының бірі деп, толықтай қолдауын білдірсе, екінші жағы бұны «биліктің кезекті алдауына» жатқызып, шекемізді талай рет ісірген тырманы тағы да басудың қажеті жоқтығын дәлелдеп, қарсылықтарын көрсетіп жатыр. Кеңес кезінде қалыптасқан менталитетіміз шындықтың осы екі пікірдің арасында екенін мойындағысы келмейді: бізге не – ақ, не – қара  болғаны  керек.

Меніңше, бұл бастама – Қазақстанда соңғы отыз жыл бойы тұрған адамдар үшін талас тудыратын мәселе емес. Референдум – халықтың нақты бір мәселеге байланысты пікірі, көз­қарасы, таңдауы. Әңгіме сол таңдаудың нақты заңдылық күшінің бар екендігінде ғана. Демек, бұл да – сайлаудың бір формасы. Оның өткізілу тәсілі де, референдум нәтижесінің қабылдануы да – бәрімізге таныс сайлау процесімен бірдей. Сондықтан, көптеген елдерде референдум үшін арнайы күн белгілеп әуре болмайды, сайлау болатын күні референдумға қажетті  сұрақтарды бюллетеньге енгізеді неме­се  қосымша  бюллетень  беріледі.

Енді екінші мәселеге – жүздеген баптан тұратын Конституцияға бір ғана «иә» не «жоқ» деген баға беруге болмайды деген пікірге ке­лейік. Бұл пікірге толық келісемін, керек десеңіздер, 90-жылдары Қырғыз елінде де осыған ұқсас жағдайдың болғанын білемін. Қыр­ғыздар, ұмытпасам, референдумға үш сұрақ қойды, ал сайлау­шылар сол мәселелерге не «қолдаймын», не «қарсымын» деп БІР ҒАНА жауап беруі керек болды. Ең қызығы, үш сұрақтың біреуін қолдап, екеуіне қарсы бола­тын болсаң, не екеуін ұнатып, үшіншісіне жау  сияқты қарайтын болсаң – не істеу керектігін  ешкім  білмеді.

Бұл демократияның тәсілін қолдана отырып халықты алдаудың ең қарапайым түрі болатын. Алайда, бұл тығырықтан  шығатын  жол  бар деп білемін.

Менің ұсынысым – халық Конституцияға, оның баптарына жалпылама  баға бер­меуі  керек, тек соған  енетін өзге­рістердің ішіндегі ең  негізгісі болып табылатын баптарының әрқайсысына жеке дауыс бергендері дұрыс. Бұл да әлемдік тәжірибеде бар. Әлі есімде 1994 жылы  АҚШ-тың сайлау жүйесімен танысу үшін іссапармен барғанда, Калифорния штатындағы Сенат сайлауында сол штаттың тұр­ғын­дарына үш сұрақ қойылып, жергілікті  референдум өткізілді. (Бұл – жоғарыда айт­қан сайлау­мен қатар референдум жүргізудің  көрінісі). Әрбір сұрақ нақты бір ғана мәселені қамтиды екен. Екі сұрағы әлі де есімде қалыпты: біріншісі – штат көлемінде қоғамдық орындарда темекі шегуге ты­йым салу да, екінші сұрақ – заңсыз келген иммигранттардың балаларын мектепте оқытуға рұқсат беру мәселесі. Қысқасы, Конституцияға енетін отызға жуық өзгеріс­тер мен толықтыруларды бюллетеньге енгізіп жатпай-ақ, қоғамды толғандыратын бірнеше (бесеуден аспағаны дұрыс деп білемін) бап­қа деген халық шешімін анықтау дұрыс болады деп ойлаймын. (Тағы да қайталаймын, тек қана сайлау заңын, сайлау жүйесін демократиялық  қалыпқа  келтіргеннен  кейін).

Айтпақшы, тағы бір мәселенің басын ашып алғанымыз дұрыс. Қазіргі жағдайды түсінудің өзі қиындап кеткен сияқты. Ата заңды қайта қарап, талдап, саралап, өзгерістер мен толықтырулар енгі­зетін Қазақ елі ме, әлде Президент Тоқаев мырза ма? Нақтырақ айтсақ, Президенттің кешегі ұсыныс­тарымен шектеліп қаламыз ба, әлде Конституцияны халық болып талдаймыз ба? Егер Президенттен басқа азаматтар Конституция жөнінде жақ ашуларына болмайды десек, «халық – биліктің қайнар көзі» деген тұжырым қайда қалады? Егер Конституцияны өзгертуге халық та араласатын болса, референдум сұрақтары Президент ұсынған өзгерістермен шектеліп қалмауы керек. Ата заңымыздың Президенттің көзіне түспей қалған, бірақ халықтың көзқарасы бойынша өзгер­тілуге тиіс деп табылған  баптар да  референдумға шығарылуы шарт.

Қазіргі қоғамдық пікірлерге талдау жасасақ, референдумның екі сұрағы дайын да сияқты. Оның біріншісі – Конституциядағы жетінші бапты алып тастау да, екіншісі – Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі үшін саусағының ұшын қимылдатпаған (шынын айтсақ, 1991 жылдың желтоқсанына дейін тәуелсіздікке қарсы жұмыс істеген) адамды «мемлекеттің негізін қалау­шы» ретінде Ата заңға енгізу. (Логикаға сыймайтын бастама. Егер «ескі Қазақстан» халықтың көңілінен шықпады, жемқорлық жайла­ған, халықтың жағдайы нашарлаған, авторитарлық елге айналды, сондықтан Жаңа Қазақстан құрамыз десе, сол ескі Қазақстанның басшысына Ата заңнан орын беріп не жынымыз бар? Ал егер «ескі Қазақстанның» басшысы барлығын дұрыс жасады, елді ұшпаққа жеткізді, алдыңғы қатарлы, демократиялық қоғамға айналдырды, сондықтан Ата заңда қалуға тиіс десек, Жаңа Қазақстан құрамыз деп не жынымыз бар?). Ең бастысы, халық әр сұраққа жеке дауыс беруі шарт. Ал Конституцияның ішіндегі өзгеріске түсетін отызға жуық бапқа бір ғана жауап талап ету – рефере­ндум  болып  табылмайды. 

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: