І. Әлем астан-кестен күйге түсті, күні ертең не болары белгісіз. Әлем спиральмен дамуда, адамзат қазір екі жолдың айырығында тұр деуге болады. Не біз ноосфералық өркениетке қарай даму, биосфералық сана-сезім қалыптастыру бағыттарын түбегейлі өзгерте отырып, жаңа гуманистік ноосфералық цивилизацияға қадам басамыз, не бізге әлемдік келеңсіздіктерді, нәубеттерді, жасанды интеллектіні игере алмай, жоғалып кету қаупі төнуі мүмкін. Осындай турбулентті жағдайда жаңа мүмкіндіктер ашып, өз жолымызды саралап алуымыз керек.
Қазақстанға келсек, ТМД елдерімен салыстырмалы түрде жалпы жағдайымыз шамалас деуге болады, бір нәрседен озық, екіншісінен кем дегендей. Ол ненің арқасы десеңіз, әрине, мұнай мен газ, қазба байлықтан түскен табыстың арқасы. Ал қысқаша шынайы көзбен қарасақ, экономикалық ахуал мүшкіл, қымбатшылық, халықтың күнкөрісі төмендеуде, салық реформасы нашар жүруде, шағын, орта кәсіп құлдырауда, т.б. Экономиканы қанша айтсақ та әртараптандырмай, шикізат елі болып қалудамыз. Бізге жаңа экономикалық саясат қажет. Бұл мәселе туралы ҚР Президетіне «Мемлекетті 5-тік спиральмен жаңаша басқару» керек деген жобамды жіберген болатынмын.
Біз кеше ғана жаңа Конституциямызды қабылдадық, халық тағы да қолдады. 1993 жылы Жоғарғы Кеңесте қабылданған ҚР бірінші Конституциясы түбегейлі жазылған еді. Сол кезде мен Жоғарғы Кеңестің Президиум мүшесі, комитет төрағасы, депутат ретінде бірінші Конституцияны даярлау жұмысшы тобының мүшесі болып, академиктер С.Зиманов, С.Сартаев, Н.Акуев, т.б. бірге күні-түні отырып жазған едік. Сол Конституциядағы бірпалаталық Парламент, Вице-Президент институты, Конституциялық сот, т.б. жерлері жаңа Конституцияға да енді. Бұл үшінші Конституция десек, алдыңғы екеуі де күрделі өзгеріске ұшырады, бұл да өзгеруі мүмкін. Өзгеріске ұшырамаған бір-ақ заңнама бар, ол (1991 жылғы 16 желтоқсан) ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның алғышарттары – тәуелсіздігіміздің орнығуының және қалыптасуының негізін құраған алғашқы құжат. Осыны ұмытпайық. Қазіргі Конституция да осыны негізге алған.
Егеменді ел болғалы 36 жыл болса да, арнайы жазылып қабылдаған Қазақстанның ұлттық идеологиялық доктринасы болмады. Ал мына жаңа Конституция қабылданған соң ой туады. Қалай, кім, қандай идеологиялық тетіктермен Ата заң қағидаттарын іске асырады?
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Біз Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек» деген пікіріне жүгінсек, онда Қазақстанның ұлттық идеологиясы керек деген сөз емес пе? Идеологиясыз мемлекет болмауға тиіс. Сондықтан жаңа Конституцияны негізге алып, Қазақстанда өз ұлттық идеологиямызды жасап, мүмкін Халық Кеңесінде қабылдағанымыз халқымыздың рухани бірлігін, ынтымағын нығайтар еді.
Қажет екеніне бір ғана мысал келтірейін. Қазір әлем жаңа өркениетке көшуде, яғни өтпелі кезеңде тұр. Батысқа материалистік жүйе, тек баю, кіріс, капитал болса болды, оны дронмен де, басқа қару-жарақпен де, үстемдік жасаумен де табуда. Ал рухани құндылықтар артта қалды. Осы жерде біздің ұстанымымыз қандай болмақ? Ататектен келе жатқан рухани, мәдени, тарихи құндылықтарымызды неге жаңғыртпаймыз? Бізде ежелден адами қасиет, адамгершілік, имандылық қашанда алда жүрген. Осыдан кейін ұлттық идеология керек емес деп қалай айта аламыз?! Шығыстың мораль философиясы бізде бес мыңжылдық түркі тегінен келе жатыр, оны жаңғыртатын кез келді.
Жоғарыда айттық, қазір заман басқа, жаңа құндылықтар келуде, әлем өзгеруде. «Ескіден не аламыз, біздің өзіміздің Ұлттық идеологиямыздың құрылымы, негіздері қалай болмақ?» деген сұрақ күн тәртібінде тұр. Міне, осыларды ойлап мен ғалым-экономист, Парламенттің 4 мәрте депутаты, азамат ретінде өмірлік бар тәжірибемді жинап, ҚР Ұлттық идеологиясының доктринасын жазуға бел байладым, кем-кетігі толықтырыла жатар. Соны жоба ретінде сіздерге ұсынамын.
Біз қазір жаһандану процесінде болғандықтан, 2 мәселеге (вызов) мән беруіміз қажет.
Біріншісі – сыртқы кедергілер: геосаяси-экономикалық бәсекелестіктің күшеюі, жоғарғы технология, жасанды интеллект, климат, ашаршылық, соғыс, көші-қон, ғарыштық проблема, киберқауіпсіздік, т.б.
Екіншісі – ішкі кедергілер: егемендік алғалы қордаланған келеңсіздіктер, әлеуметтік проблемалар, коррупция, рухани-діни азғындық, ғылым мен білімнің, кәсіби біліктілігіміздің төмендігі, қайта өңдеу өндірісінің нашарлығы, шикізат еліміз, қымбатшылық, халықтың күнкөріс деңгейінің төмендеуі, т.б.
Дегенмен, Қазақстан жаңа Конституция қабылдады, халық қолдады, әлем біліп отыр. Олай болса енді сол Конституцияда жазылған басты қағидаттарға идеологиялық пәрмен беріп, іске асыруымыз керек.
Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, Конституцияның 1-бабында жазылғандай, «Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген басты негізді ұстаным етіп, біз қоғамдық сананы сомдап, бір жүйеге келтіріп, Қазақстанның ұлттық идеологиясының доктринасын жасауымыз керек. Бұған мемлекет құрушы титулды ұлт – қазақ халқы бастама болуы қажет. Бізге бұл проблеманы кешіктіруге болмайды.
Қазақстанның ұлттық идеологиясының 3 түбегейлі құрылымы:
1. Ұлттық мүдде: тәуелсіздігімізді нығайту, ұлтты сақтау, ел болып қалу, тіл, жер, рухани құндылықтар.
2. Қоғамды ізгілендіру: ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жаңғырту, саламатты өмір салты, дәстүр, жаңа білім, ғылым, инновация. Нәтижесінде интеллектуал адам, интеллектуал ұлт болу.
3. Ұлттық демократиялық қоғам.
Сонымен, менің ойымша, Ұлттық идеологияның түпкі мақсаты – Қазақстанның демократиялық, дамыған, өркениетті ел болуы. Ол үшін мына мәселелерді шешу қажет:
1. Демократиялық саяси жүйе құру;
2. Әр адамға жағдай жасау, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру;
3. Рухани, мәдени, тарихи құндылықтарымызды, ұлттық рухты, патриотизмді көтеру.
4. Келешекте интеллектуал ұлт, қоғам болып қалыптасу керек.
Ал осы мақсатқа жету үшін ұлттық идеологияның құрылымдарын сала-сала, бағыт бойынша іске асыруымыз қажет. Бұл – кең көлемді, бүкіл мемлекеттік идеологиялық саясат. Біртұтас болмаса да, бұл мәселелер бізде бар деп те айтуға болады. Маңыздысы осылардың бәрін бір бағытқа, бір мақсатқа, бір жүйе етіп тоғыстыру қажет. Талай жылдар бойы Ұлтық идеологияның қажеттілігі көп айтылып келе жатса да, бұл мәселе туралы арнайы мемлекеттік тапсырыспен ғылыми ізденістер, толыққанды қорытынды жасалғанын естіген жоқпын. Бұл жерде биліктің де, ғалымдардың да жіберген қателігі деуге болады. «Бірақ қандай идеология болуы керек, біздің нақты ұлттық мүддемізді қорғайтын бағыт-бағдарымыз қалай, кімнің соңынан жүреміз, жоқ әлде өзіміздің сара жолымыз қайсы?» деген сұрақтарға нақты жауап әлі жоқ. Айтатынымыз – демократиялық, зайырлы құқықтық мемлекет болу. Бұл Конституцияның талабы дұрыс қой, бірақ бұған қол жету ұзақ жол емес пе? Әңгіме соны қалай, қандай нақты тетіктермен жасаймыз? ҚР Ұлттық идеологиясын жасау туралы ел біздікі, жер біздікі, біз айтпасақ, кім айтады?!.
Енді Конституцияның қағидаттарын іске асыру үшін компас сияқты Қазақстанның идеологиялық доктринасы болуы керек. Ұлттық идеологиямыздың 3 тұғырлы даму идеясын ұсынбақшымын. Ол тең қабырғалы үшбұрыш секілді, оның ұстанымы – руханият, саясат және экономика. Үшеуі бірдей нығайған жағдайда ғана өрлеу қамтамасыз етіледі. (1-сурет)

1-сурет. Үштұғырлы даму идеясы
Үш тұғырдың мазмұнын ықшамдай түссек, алдымен руханият. Адамгершілік, қазақ халқының рухани, мәдени және тарихи құндылықтары, саламатты өмір салты, салт-дәстүр сабақтастығын сақтайтын ұзақмерзімді үрдістер «Ұлттық гуманитарлық идеологияны» қалыптастырудан басталуы тиіс. Руханиятты жаңғырту мен қоғамды ізгілендірудің тірек құрамдастары: өткен – қазіргі – болашақ тарихының тұтас көзқарасын орнықтыру; психологияны жаңарту; тұлғаның жаңаша ойлау қабілетін шыңдау, рухани-моральдық құндылықтарды жүйелеу; әлемдік діндерді (ислам, христиан, буддизм, конфуций және т.б.) жаңаша түсіндіру арқылы өзара түсіністік арнасын кеңейту; креативті адам капиталымен үйлесетін демография және қоғамдық теңгерімді даму.
Егер біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтау арқылы әлемдік өркениетке енуге ынталы халық болсақ, онда рухани құндылығымыз алда тұруы керек. Егер біз бірінші экономика, екінші саясат демей, халықты шатастырмай, уақытында ұлттық мүддемізді анықтап, құндылықтарды нақты белгілеп, алдымызға ұлттық идеология арқылы айқын мақсат қойғанда, оған қоса ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін ертерек игергенде, мұндай алмағайып жағдайға түспеген болар едік.
Екінші, саясат – мемлекетіміздегі биліктің үш тармағын басқарудың тепе-теңдігін, әдіс-тәсілдерін іске асырудың құралы. Саясаттың мақсаты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ел бірлігін нығайту, халқымыздың өмір сүру деңгейін көтеруге, жалпы қоғамдық-саяси климаттың бірқалыптығын қамтамасыз етуге арналған. Бұл туралы 2025 жылы жарияланған ҚР ішкі саясатының қағидаттары мен бағыттары бар. Енді жаңа Конституцияға байланысты өзгерістер енгізу керек.
Бүгін Қытай экономика, ғылым, инновация, технологиядағы көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшыға айналуда. Қытайдың феномені неде дегенде, айтарым – оның идеологиялық саясатында. Си Цзиньпин Дэн Сяопиннің реформасын жалғастырып, идеологиялық көшбасшы ретінде Қытайды әлемде алға шығарды.
Шын мәнінде бізде саяси реформа 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ҚР Президентінің бастамасымен басталды.
Үшінші, экономика – мемлекетіміздің күш-қуатын, әл-ауқатын, өндіргіш күштерінің әлеуетін, ЖІӨ-нің адамға шаққанда байлығын, бүкіл халықтың байлығын көрсетеді. Өкініштісі, жалпы бізде экономикалық ахуал төмен, қымбатшылық, халықтың күнкөрісі төмендеуде, салық реформасы нашар жүруде, мемлекетті басқару тиімсіз. Бір сөзбен айтсақ, біз экономиканы әртараптандырмай, шикізат елі болып қалудамыз. Жаңа экономикалық саясат керек.
Мәселені жаңа идеология тұрғысынан өндірістік қатынастарды жетілдірумен және қоғамдық сананы жаңғыртумен ұштастыра отырып, кешенді түрде шешу керек. Ұлттық идеология Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағытына көзделу керек. Қазақстан үшін гуманитарлы қоғам құрып, инновациялық экономика жасаса, осыған барлық ұлт пен ұлысты біріктірсе, басқаларға қарағанда тезірек дамыған елдер қатарына қосылар едік. Мұндай мақсатқа жету үшін ұзақ (10-20-50) жылға арналған ұлттық стратегиялық жобалар болу керек. Бұл – бұрынғыдай жобамен ойнау емес, миллиардтаған қаражатты шашып, болашаққа көрегенділік жасау, алыстан болса да межені көре білу. Осыны жасаған кезде инновациялық экономикалық даму жолына балама жоқ екенін байқауға болады. Оның арғы жағында келешекте гуманитарлы қоғам құру тұр. Әрине, бізде гуманитарлы қоғам жоқ, бірақ әлемде бұл процесс жүруде. Бұл ұзақ жолда әр мемлекеттің жүру жылдамдығы, оның экономикалық қуатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
ІІ. Менің ойымша бәріміздің басымызды қосатын Қазақстанға бір ғана идеология қажет, ол – біртұтас жалпыхалықтық гуманистік идеология. Ендеше Қазақстанның ұлттық идеологиясының негізгі құрылымдарына, ұстанымдарына қысқаша тоқталайын. Жаңа ұлттық идеологияның сеттік моделі ретінде арнайы 2-суретте көрсетілгендей ұлттық идеологияның құрылымдары 8 тарамға бөлінеді. Бұлар: рухани, мәдени-тарихи құндылықтар, құқықтық мемлекет, ұлттық тәрбие, адал азамат, білім, ілім, дін, еңбек адамы, кәсіби біліктілік, заң мен тәртіп, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, халықаралық қатынастар. Бұлардың әрқайсысы өз бағыттарымен қоғамдық қатынасқа, мемлекеттің дамуына қызмет етеді. Негізінде біз қазақтың ұлттық мүддесін, яғни тәуелсіздігімізді нығайту, жеріміздің тұтастығы, тіліміздің дамуы, дініміздің бір мазһабының сақталуы, мәдени, салт-дәстүріміздің өркендеуі, міне, осы құндылықтарды берік ұстап, дамытсақ, мақсатымызға жетеміз. Ол – демократиялық, дамыған мемлекет болу. Бұл мақсат үшін қазақ халқы титулды ұлт ретінде бір идеяның астына бірігіп, басқаларды да тартып, түркі тегінен келе жатқан бар ар-намысын, күш-жігерін салуы керек.

Бірінші, құқықтық мемлекет. Кеше ғана халықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны халқымыз жақсы біліп алуы қажет. Онымен қоса Конституциялық заңдар, салалық заңдар, нормативті құжаттарды білген дұрыс. Жалпы елімізде құқықтық сауаттылықты көтеру керек. Себебі заңды білмегендіктен, азаматтарымыз өз құқықтарын қорғай алмай қалуда.
Біздің нарықтық қатынастар заманына кіргенімізге де көп болған жоқ. Сол себептен нарықтық экономиканы, оның заңдылықтарын, әсіресе кіші, орта кәсіпті қалай дамытуды арнайы оқып білген жөн. Экономикамызды өрге домалататын кіші кәсіп – елге нәсіп деп бекер айтылмаған. Халқымыздың 75%-ы біліп-білмей, несие қақпанында отыр. Егер нарық жүйесін игерсе, несиенің тетіктерін білсе, мұндай болмас еді. Үкімет те бұған араша түспей отырғандай көрінеді. Немесе әр банк кеңсесінің жанынан несиені алу, алмау, оның қиындықтарын айтып, несие алушының көзін ашатын, кеңес беретін консультациялық орталықтар неге ашпайды?!
Мемлекет пен қоғам қатынасы, халық пен билік арасындағы сенімі, ішкі, сыртқы саясат, т.б. мемлекетіміздің тұрақты дамуына әсер ететін мемлекеттік қызметтер кәсіби атқарылуы керек. Маңыздысы мемлекеттің стратегиялық бағыт-бағдары болу керек, халық оны білу керек. Біз азаматтық қоғам орнату арқылы тұрақты дами отырып дамыған ел боламыз. Тәуелсіздікті заң жүзінде де, әсіресе іс жүзінде де нығайтып, мақсатқа жету. Ол үшін мемлекетті тиімді басқару керек. Осылай жасасақ, атадан келе жатқан тектілік, рухани, мәдени-тарихи құндылықтарымыз бен қазіргі нарықтық экономика арасына көп жыл салынатын өтпелі көпірге жол ашылады.
Екінші, рухани, мәдени-тарихи құндылықтар. Бұл жерде алға шығатыны – біздің ұлттық мүддеміз, нақтылап айтсақ, тәуелсіздігіміздің нығаюы, мемлекеттік тіл қазақ тілінің өз тұғырына көтерілуі, жеріміздің тұтастығы, жеріміз шетелге сатылмай, жалға да берілмей, тек өз азаматтарымызға ғана жалға беріліп, ел игілігіне қызмет ету, дініміздің Мұхаммед пайғамбардың бір мазһабымен сақталуы, қазақтың атадан келе жатқан салт-дәстүрінің жаңғыруы, қоғамның саламатты өмір салты. Бұлар – ұлтымыздың басты құндылықтары, мемлекетіміздің қалыптасып, ұлт болып бекуіміздің маңызды кепілі. Халық саяси сауатты болса ғана өзінің ұлттық рухани тәуелсіз мүддесін қорғай алады.
Мыңдаған жылдан бері келе жатқан төл ұлттық тәрбиемізді білу, Ұлыстың ұлы күні – Наурызды ең үлкен мереке және басқа да тектіліктің көпұлтты мейрамдарын жылда жақсылап қарсы алу. Ұлттық рухты көтеру, көп жылдан бері келе жатқан қасаң тартқан сананы жаңғырту. Зиялы қауымның үнін шығарып, Абай ілімі арқылы қоғамды ізгілендіріп, келешекте интеллектуал ұлт болып қалыптассақ, ең биік деңгейге жетер едік. Ол үшін еститін мемлекеттен ойланатын билікке, гуманистік мемлекетке айналу керек.
Үшінші, ұлттық тәрбие, адамгершілік. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, тәрбие әр отбасында әр баланы тілі шыққаннан тәрбиелеуден басталады. Балабақшада, мектепте оқумен қатар тәрбиені күшейту. Тәрбиенің ең маңыздысы – саламатты өмір салтын қалыптастыру, оның деңгейі, сапасы, стилі, қоғамдық-саяси жұмысқа араласуы. Саламатты өмір салтының әлеуметтік-экономикалық салаларға араласуы, өнім шығару, кәсіппен айналысуы және де рухани имандылық, тәлім-тәрбие, рухани мәдениетке, адамгершілік қасиетке баулу. Саламатты өмір сүруге адамдарға бауырмал болу, денсаулықты жақсарту, білімін көтеру, тазалықты сақтау, тұрмыс-тіршілігіңді жақсарту, уақытты бағалау, рухани, материалды құндылықтарды санамен пайдалану, сапалы тамақтану да кіреді. Осыларды қазіргі өмір үрдісімен ұштастырып, өз менталитетімізге тән жаңа ұлттық мәдениетімізді жасауға тиіспіз.
Қазақстанның тұрақты дамуы сол қоғамда өмір сүретін жеке адамдардың саяси сауаттылығына, еліне деген патриоттық сезіміне, имандылық тәрбиесінің қандай дәрежеде екеніне байланысты болады. Олай болса жеке адамдарды білімге, рухани тәрбиелеуге, саяси сауатты болуына аса мән беруі керек деп ойлаймын. Қазақ халқының ішінде елін сүйетін, адал, адамгершілігі мол патриот ұлдар мен қыздар жеткілікті, шетелде де білім алып қызмет істеуде. Олардың жүрегі қазағым деп бізден қатты соғатын сияқты. Аталғандардың барлығының басын біріктіретін, дұрыс жол көрсетіп, не істеу керектігін айтып отыратын ұлттық идеология болмақ.
Төртінші, білім, ғылым, технология. Кез келген қиындықтан тек білім алып шығады, ХХІ ғасырда сапалы білім, ғылым, жаңа технология бәрін өзгертуде. Біз әлемде саны аз, бірақ ең бай елміз. Сондықтан, барлық салада сапа алда тұруы керек. Бір жасанды интеллектінің өзі бұрын-соңды адам ойламаған жаңалықтарды әкелуде, сұрақтарыңа ауызыңды ашып-жауып болғанша жылдам жауап беруде. Мұның бәрі істеледі, әрине, мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында сапалы білім мен саналы тәрбие болса. Әсіресе мектепте стандартты біліммен қатар Өміртану пәні мен Абайдың «Толық адам» ілімі, шағын кәсіп, жасанды интеллект, экология, т.б. инновациялық ілімдер жүрсе. Ұлттық идеологияны санаға сіңіру деген сол болар еді. Білімді әрбір жаңадан келген үкімет, министрлер жекелеген түзетулермен емес, идеология → мақсат → өлшеу → ресурс → кадр → мәдениет → цифрлық басқарым, осыларды біртұтас жүйе ретінде қайта құру керек. Өз уақытында Кеңестер Одағында Ю.Гагарин аспанға ұшпас еді, егер білім, ғылым күшті болмаса.
Ғылымның ролі жоғары, келешекті жасайтын ғылым, ғалымдар болғандықтан, іргелі ғылым мен қолданбалы ғылымға қаржы көп салыну керек. Ғылымды қаржыландырудан, дамыған елдермен салыстырғанда, біз 20-30 есе аз қаражат бөлудеміз. Осыдан-ақ жағдайымыздың қандай екенін білуге болады. Қазірше ғылымда озық ойлы ғалым болу, жаңалықтар ашу, көптің ішінен ілуде біреу болмаса, арман болып қалуда. Біз ғылыми-технологиялық революция алдында тұрмыз. Ол үшін біз VІ технологиялық өмір жолына (уклад), жасанды интеллектіге, цифрландыруға, биотехнологияға, жалпы инновацияға мүмкіндігінше үлкен инвестиция салып, тез игеруіміз қажет.
Бесінші, еңбекке баулу. Ұлы Абай «… өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» демекші, адамды адам еткен – еңбек. Қазір жұмыссыз жүре беретін адамның саны да көбеюде. Ең маңыздысы – жастарды жұмысқа баулу, жаңа мамандықтарға оқыту. Жастардың терең де, жүйелі білім алуына, ұтымды тәлім-тәрбие көруіне, адал еңбек етуіне айрықша көңіл бөлу – мемлекет пен қоғам үшін стратегиялық міндет. Дегенмен, алғырлық, сезімталдық және инновацияға құштарлық тұрғысынан қазақ жастары алдыңғы қатардан көрінеді деп нық сенемін. Жастарымыз креативті ойлауға, жаңалықтарға жедел бейімделуі керек.
Біз әлемде ең бай ел бола тұрып, халық саны өте аз мемлекетпіз. Ал еңбекті жасайтын – халық, ой еңбегі мен дене, қол күші еңбегінің арасындағы қайшылықтарды жаңа технологияның әсерімен жоюға болады. Дегенмен, халқымыздың санын тез арада көбейтетін іс-шаралар керек. Мысалы, әр өмірге келген балаға 10 мың доллар беру, декретте және 3 жылға дейін балаға қарау, сол адам жұмыс істеп жүргенде қандай жалақы алды, дәл сол мөлшерде көмек жалғасуы керек, т.б.
Еңбектің үлкен аумағы ол кіші, орта кәсіпте (КОК) жатыр. Мысалы, дамыған елдерде КОК-пен халықтың 80%-ы айналысады, олар ұлттық табыстың 60%-ына дейін береді. Ал бізде 25-30%, онда да дәл мәлімет жоқ. КОК-те өте үлкен резервтің бар екенін осыдан көруге болады. КОК-ті қолдау туралы ҚР Президенті әр жолдауында мән береді. Бірақ атқарушы билік, банк жүйелері бұл мәселеде әлі қауқарсыздық білдіруде. Жаңа салық кодексі де КОК-ке пәрмен берудің орнына салықпен басып, кіші кәсіптен түсетін түсім күрт азаюда. Біз өндірістік қатынастарды күшейтіп, орта тапты қалыптастырмай, экономикамыз тұрақты өспейді. Шетел тәжірибесінен көріп отырғандай, прогресті тек орта тап жасайды.
Алтыншы, дін мәселесі. Конституция бойынша дін мемлекеттен бөлек, заңмен реттеледі. Бірақ дін де қоғамға, адамға қызмет етіп, оның жақсы болуына, ізгілендіруге, адамгершілікке шақырады, Аллаға сыйынсын дейді. Бұл мемлекеттің, қоғамның дамуына қайшы емес деп есептеймін. Имандылық деген сөз халық ұғымында тек діни мағынада ғана емес, сонымен бірге ол адами қасиетті, адамгершілік, ар-ұят деген мағынаны білдіреді. Халыққа діни сауаттылық керек, «Дінтану негіздері» пәнін енгізіп, жастар жақсы мен жаманды ажырата білуі керек. Бір уақытта түрлі діни ағымдар саны 4500-ге дейін өскені айтылған. Әр ағымға ең азы 200 адамнан тартылса, мыңдаған жас санасы улану қаупіне ұрынады. Талай жастың Сирияға және өзге елдерге кетіп қалғанын аңғармай да қалдық. Бұл – есті қоғам үшін ауыр дабыл.
Ең алдымен халықтың діни білімін арттыру – уақыт талабы. Түркістан қаласында «Дін академиясын» құрып, жүйелі теологиялық даярлықты күшейту, Мұхаммед пайғамбар ұстанған бір мазһаб аясында діни сауат сапасын көтеру – маңызды міндет. Дінаралық сенім, конфессиялық келісім керек. Меніңше, қандай жағдайда да адамға арқасүйер сенім қажет, ол адамды жалғыздық пен шарасыздықтан қорғайды. Қоғамдық деңгейде де жұрттың басым көпшілігі дінге сене алатыны байқалады. Біз Қазақстан, дүниежүзіндегі 50-ге тарта мұсылман елінің бірі екенімізді ұмытпауымыз қажет.
Рухани-мәдени дамуда діннің әсері тікелей әрі күшті. Сондықтан жаңа өркениет құру жолында діннің біріктіруші функциясын күшейтіп, дін мен ғылымды өзара толықтырып синтездеп түсінуге кірісетін шақ туды. Дінге сену – ол ақылдың, сананың мәселесі. Тәңірдің торынан ешкім, ешнәрсе шыға алмайды. Дінді өркениетке қызмет еткізу – ең маңызды еңбек.
Жетінші, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ). Қазақстанда үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар саны да, сапасы да жеткілікті деңгейде емес. Көпшілігі тиімсіз, қоғамға аса ықпал ете алмайды, ал мемлекет тарапынан берілетін қолдау көбіне әкімшілік-идеологиялық міндет атқаруға жұмсалып, тәуелсіз бастамалардың әлеуетін шектейді. Салыстыру үшін: бар жоғы 5-ақ млн тұрғыны бар Финляндияда 120 мыңнан астам бейүкіметтік бірлестік тіркелген. Бізде бұл көрсеткіш еселеп төмен, шамамен 22 мың.
Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы қоғамдық сананы жаңғыртуға қабілетті үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігіне тікелей тәуелді болмақ. Себебі біз – табиғи байлығы мол, бірақ саны аз, шағын халықпыз. Демек, әлеуметтік капиталды, өзара сенімді және бірлесе әрекет ету мәдениетін күшейту – экономикалық өсімнің де, саяси тұрақтылықтың да іргетасы. Азаматтық қоғамсыз инновация да, әділдік те орнықпайды. ҮЕҰ-ға гранттар бөлу, жағдай жасау өте қажет. Олар қоғамдық орталықтар құру, ой қозғау, пікір алысу арқылы ҮЕҰ-мен Үкіметтің қатынасын күшейтеді, этносаралық қатынастарды да дамытады. Жалпы, қоғамдық сананы көтеру мемлекетті прогреске итермелейді, азаматтық қоғамның өзегіне айналады.
Сегізінші, Халықаралық қатынастар. Конституцияның 10-бабында «ҚР халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді» делінген. Біздің мемлекет қандай мәселе болса да, бейбітшілік жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді. Мемлекетіміздің көпполярлы, көпвекторлы саясатының арқасында қазір еліміз тұрақты дамуда, алыс-жақын барлық көршімен де, басқа мемлекеттермен де қарым-қатынасымыз бірқалыпты, ойдағыдай деуге болады. «Жау қайда деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген мақал елімізді сақ болуға, аңғалдыққа салынбауға шақырады. Тәуелсіздігімізге төніп тұрған қауіп жоқ емес. Ол Ресейдің кейбір қисық саясаткерлерінің ойына қарағанда, Ресей жағынан болуы мүмкін. Қазақтардың ассимилияцияға ұшырауы әлі тоқтаған жоқ, өз ішіміздегі сыбайлас жемқорлық, парақорлық мемлекетіміздің тамырына балта шабуда, тағы да басқа кенеттен болатын нәубеттен бір Жаратқан аман сақтасын.
Біз мына тарихи шындықты ұмытпауымыз керек. Бес мың жылдық тарихы бар Түркі тегінің түп атақонысы қазіргі Жамбыл және Түркістан облысы аумағындағы Күртақ (Қаратау) мен Үртақтың (Алатау) баурайларында болғанын ескерсек, онда Қазақ халқы көшпенді өмір салты өркениетінің құндылықтарын бойына сіңірген Түркі әлемінің қара шаңырағының бірегейі екендігі мәлім. Олай болса, біз жалғыз емеспіз, біздің артымызда 90 млн-ға жуық Түркі мемлекеті, жалпы саны 220 миллионнан асатын Түркі әлемі тұрғанын, олардың бізбен рухани-мәдени, экономикалық қарым-қатынас жасайтынын басқа елдер білуі керек.
***
Құрметті оқырман, Қазақстанның ұлттық идеологиясының арқауы болатын 8 негізгі құрылымына қысқаша тоқталып шықтық. Осылардың бәрін жүйелеп қосқанда, ұлттық идеологиямыз шығады. Олар суретте көрсетілгендей, біртұтас жүйелі сеттік модель ретінде берілген. Ұлттық идеология барлық ұлтқа ортақ, бір үлгідегі ұлттық идеологиялық концепция ретінде ұсынылды. Осы 8 құрылым салалар бойынша жол картасын және бағдарламалар жасап, оларды ресурстармен нақты қамтамасыз етіп, іске асыру керек. Ұлттық идеология кең, өте ауқымды, күрделі, түбегейлі мәселе болғандықтан, оның кем-кетігі толықтырыла түсер. Мәселе рухани, мәдени-тарихи құндылықтарымызды жаңғыртып, ұлттық мүддемізді негіздеп, тәуелсіздігімізді толыққанды нығайтып, осы түбегейлі тағдырлы ұлттық идеологиялық мәселелер бойынша өз сара жолымызды компас сияқты белгілеп алуда. Осыған атсалысайық ағайын, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамдық пікір керек. Бұған мамандардың, білімді азаматтардың, зиялы қауымның белсене қатысуын сұраймын. Ол үшін халық пен биліктің арасында бір-біріне деген сенім, ынтымақ, бірлік, шынайы қатынас арқылы ортақ мақсат қойып, соған қол жеткізуге ұмтылса, мемлекет тұрақты дамиды.
Біздің басты мақсатымыз – тәуелсіздігімізді нығайтып, демократиялық қоғам құрып, құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнату. Ол үшін жоғарыда көрсетілген Қазақстанның ұлттық идеологиясының негізгі құрылымдарын жақсылап бекітіп, оларды сала-сала бойынша іске асырсақ, ұлттық мүддемізді қорғап, рухани, мәдени-тарихи құндылықтарымызды сақтап, экономиканы дамытып, саламатты өмір салтын қалыптастырып, демократиялық, дамыған мемлекет құруға тиіспіз. Осы айтылғандарды іске асыру үшін көп ұзамай халқымыздың басын біріктіретін Жаңа Конституцияны толыққанды іске асыратын Қазақстанның ұлттық идеологиясын қабылдауымыз керек!
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!