Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандағы «Иванов синдромы»

10.06.2021, 12:00 333

1965 жылы КСРО Мәдениет министр­лігінің шақыруы бойынша Франциядан «Coco Chanel» модельдері Мәскеуге келді. Мәскеуліктердің аузы ашылып, көздері бақырайып  қалады…

Модельдер еліне қайтар алдында қызыл алаңда кеңес әскери формасындағы адаммен суретке түсуді қалапты, бірақ бұл мүмкін емес деген жауапты естиді. Сосын модельдер «Олай болса қандай бір құқық қорғау органдарының формасындағы адам болса да болады», – деп мәдениет министрлігіне өтініп  тұрып  алса  керек.

Алайда социализмді орнатушылар үшін буржуаз­иялық қоғамның адамымен, оның ішінде модельмен бірге суретке түсу масқара болу деп саналатындықтан суретке түсуге ешкімнің де батылы бармапты, себебі олармен бірге суретке түссе  масқара  болатын  еді, сондықтан ол мүмкін  емес  жағдай  болатын.

Әйтсе де министрліктің қысымымен жаңадан жол полициясына қызметке алынған Иванов­қа жоғарыдан әскери бұйрық беріліп, суретке түсіруге шешім қабылданыпты. Ол: «Мені екі модельмен бірге фотоға түскеннен гөрі граната ұстатып неміс танкісіне қарсы жіберіңіздер», – деп жоғарыға өтініш жолдапты. Бірақ сержант Ивановқа «Бұл – Ұлы Отан атынан берілген тапсырма!», – деген нық бұйрық беріліпті.

Ақыры сержант Ивановымыз амалсыз фото­сессияға  қатысып, ол аяқталғанша басынан аяғына дейін екі көзін тарс жұмып алып ашпай суретке түсе берген екен, тіптен фотосессия аяқталғаннан кейін 10 минуттай көзін ашпай тұрып алыпты. Онысы көзімді ашып қалған кезде жаман буржуа­зиялықтар байқатпай суретке түсіріп қоймасын деген сақтығы дейді. Осылайша біздің Ивановтың суреті тарихқа айналды, бүгін­де оны тарих­шылар  «Иванов  синдромы»  деп  атайды…

Иә, КСРО кезінде бүкіл кеңес халқы осындай қоғамда, осындай оймен өмір сүрген болатын…

Ленин құрған Совет үкіметі заманында 70 жыл бойы қазақтар «Коммунизмге тек орыс тілінде ғана жетуге болады!», – деген үстемдік құрған ұран арқылы тек тілі ғана емес, миы да, санасы да толығымен орыстанған болатын, сол  тенденция  әлі  сақталуда!

Тәуелсіз ел болғанына 30 жыл толғанына қарамас­тан, елді билеп отырған «орыстілді» билік әлі күнге «Иванов синдромының» елесінен арылмаған  Кеңес билігінің сарқыншақ әулетінен  екені қазақ қоғамына жасырын емес…

Оның қарапайым бір мысалы, «ҚР-ның Мемлекеттік тіл  туралы»  заң шығарудан әлі  күнге дейін өлердей қорқып, «Ивановша көзін тас  қылып  жұмып  алып»  ашпай  отыр!..

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: