Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ еліне санкция салудың қаупі күшейді

05.05.2023, 16:29 537

HALYQLINE.KZ Ресей әскерінің Украинаға басып кіргеніне бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде Еуроодақ пен АҚШ Ресейге бірнеше мәрте санкция салып, соғыс қаруларын шығарудың жолына едәуір тосқауыл қоюға бекінді. Соғысты тоқтату үшін.

Ресейге жөнелтуге тиым салған  тауарлар үшінші елдер арқылы экономикалық жазаны айналып өтіп, солтүстік көршімізге іркіліссіз жеткізіліп отыр деген дерек бұдан бұрын да айтылатын.  Дегенмен соңғы жеткен жаңалықтың зілі едәуір күшті секілді. Еуроодақ пен АҚШ зерттеушілері «айналып өту ебін» жіпке тізгендей етіп анықтапты.

Оның ішінде  соғысқа керек азаматтық, әскери мақсатта бірдей қолданылатын чип өткізгіші бар кір жуғыш машина, фотоаппарат, ауа теңшегіш сияқты Ресейге нағыз қат тауарларды орыс еліне тонналап жіберіп отырған елдердің қатарында  Қазақстан ғана емес, Қытай, Түркия, Біріккен Араб әмірлігі мен Орта Азияның өзге елдері де бар.

Англия басылымдары «Өткен жылы Орта Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі бірден 80 пайызға артып кеткен. Сауданың басым бөлігін азаматтық әрі әскери мақсатта қолдануға болатын тауарлардың айналымы құраған»  деген дерек келтірді.

 2022 жылы Казақстанның Ресейге жасаған экспорт көлемі 25 пайызға, Қырғыз Республикасының  Ресейге экспорт көлемі 40,3 пайызға, Өзбекстанның Ресейге экспорт көлемі 49 пайызға өскен. Тәжікстан мен Түркіменстан Ресеймен сауда көлемін құпия сақтағанымен, Ресей үкіметі өткен жылы Тәжікстанмен сауда көлемінің 18 пайызға өсіп, 1,5 миллиард долларға жеткенін, Түркіменстанмен сауда көлемінің 2021 жылға қарағанда 32,2 пайызға өскенін мақтанышпен жариялаған.

Қазақстанның сауда статистикаларына зерттеу жасаған Еуроодақ талдаушылары қазақстандықтардың көбі Қытай мен Индияда құрастырылған телефондарды, Ветьнамда құрастырылған кір жуғыш машиналарды істетеді. Қазақстанның Еуроодақ, Англия мен Америкадан импорттаған телефонның 7 пайызы, компютердің 16 пайызы, кір жуғыш машинаның 24 пайызы ғана ел ішінде қалады. Қалғанының бәрі Ресейге жөнелтіледі деп шешім шығарып отыр екен.

Наурыздың соңына қарай  Англияның «Telegraph» газеті құпия тұлғаға сілтеме жасап, Еуроодақтың Орта Азия елдеріне санкция салуы мүмкін екенін алғаш жазған еді. Енді міне, күні кеше «Bloomberg» агенттігі Еуроодақтың Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырған елдерге жанама санкция салу тетігін қарастырып отырғанын, оған бірінші кезекте Орталық Азия елдері ілігуі мүмкін екенін жазды. Агенттіктің мәліметінше, қазір ЕО-ның өз ішінде келіссөз жүріп жатыр, 19-21 мамырда Жапонияда өтетін «Үлкен жетілік» саммитіне дейін жанама санкция механизмі мақұлдануы мүмкін.

Батыстың Ресейге санкция салуы Путиннің Украинадан Қырымды тартып алуынан басталғаны белгілі. Сол кезде сарапшылар санкция Ресей экономикасымен тығыз байланыстағы бізді де айналып өтпегенінін, ел экономикасына 29 миллиард доллар зиян келгенін айтып еді. Бұлардан бөлек, еліміздегі бірнеше  оқиғалар (спорттық компаниялардың келуі, дизель отынының қымбаттауы) Ресейге көмек бергендей күмән келтіретіні тағы бар.

Енді сакцияға ұшырасақ, онсыз да «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған экономикамыздың күйі не болмақ? Үкіметіміз орыспен достықтың соңын масқара жағдайға жеткізбесін деп тілейік.

Айтпақшы, санкциялар барысында АҚШ пен Еуропаның өкілдері Астанаға ат басын тірегені белгілі. Соның бірі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен еліміздің маңдайалды тұлғаларымен және Орта Азия елдері министрлерімен «С5+1» форматында жабық кешенде кездесті. Осы оқиға барысында экономика сарапшылары АҚШ пен Қазақстанның мүдделестігін ескеріп, елімізге салынуы мүмкін санкцияның алдын алуға келді деген болжам айтқан.

Сарықасқа

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: