Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазантаев неге жағасын ұстады?

24.06.2021, 12:30 514

Нарықта азық-түліктің бағасы бірден 40 пайызға көтерілді. Оның ішінде картоп пен сәбіз бағасының күрт аспандап кетуі қарабайыр халықтың қалтасына ауыр тиді. Азын-аулақ жалақымен күн көріп отырған жұрт әп-сәтте абдырап қалғанын мойындау керек. Қала басшысы Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде алдымен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшылығына П.Жаңабергенов тағайындалып, содан соң жоспар бойынша аспандаған азық-түлік бағасы, «Covid-19»-ға қарсы екпе алу науқаны және салық базасын ұлғайту жөніндегі мәселелер талқыланды.

АРЗАН  БАҒА  ҚАЙДА  БАР?

Қалалық ауылшаруашылық бөлі­мінің басшысы Д.Әбдірасуловтың баяндамасына сенсек, қаладағы азық-түліктердің бағасына кәдімгідей «арзаншылық» орнаған. Оның айтуынша, күнделікті  бағаларға мони­торинг жүргізіліп, бағаны тұрақтан­дыру  саясаты  жүргізіліп  жатыр.

– Биыл кәсіпкерлерге азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Оның ішінде «Раманов и Ко» ЖШС-не –310, «Оразбердин Т» ЖК-ге – 100, «Retail A-A» ЖШС-не –50,  «Омарова» ЖК-ге 40 млн теңге қаржы қаралды. Жеке кәсіпкер «Оразбердин» сиыр етін – 1600, картопты – 140, қырыққабатты – 80, жуа – 70 және сәбізді 110 теңгеден сатылуын бақылап  отыр, – деді Д.Әбді­расулов.

Қала әкімі апта сайынғы рейдте мұндай бағалардың жоқ екендігін және қымбатшылықты өз көзімен көріп жүргенін тілге тиек етті. Бөлім басшысына халыққа сенімді ақпарат таратуды және бағаны төмендету мақса­тындағы жұмыстарды жедел­детуді  қатаң  тапсырды.

– Бағаларға бақылау жүргізу керек. Картоп пен сәбіз бағасының жоғарылағаны жаға ұстатып отыр. Жігіттер қауымы қазір қыздарға гүл орнына сәбіз сыйлайтын болыпты. Азық-түлік аспандамау керек, – деді қала әкімі Ғ.Қазан­таев.

«ВАКЦИНА  АЛДЫҢ  БА?»

Қазір екі адам жолыға қалса, алғашқы сауалы: «вакцина алдың ба?». Бірі денсаулығын ойлап салдырса, екіншісі түрлі алыпқашпа әңгімелерге сеніп, мойын бұра алмай жүр. Расы – осы. Қазір қала бойынша медициналық ақпараттық жүйенің деректеріне сенсек, бірінші компонентпен 48699 адам екпе алған. Екінші компонентпен  30565  адам  екпе  қабылдаған.

– «Covid-19»-ға қарсы вакцинация­лау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын іске асыру мақсатында ақпараттық сүйемелдеудің ме­диа-жоспары бойынша халық арасында түсіндірме жұмыстары  «Айтбек», «Қорқыт», «Отырар», «Сулпак», «Мечта», «Фристаил» сауда үйлерінде жүргізілді, – деді Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаев.

Бүгінде қала бойынша 10 екпе кабине­ті жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ауылдық округтерде, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде екпе алғысы келетіндер үшін арнайы бригадалар пункті қойылады деп  жоспарлануда.

– Қалада екпе алғандардың саны әлде де аз. Халыққа түсіндірме жұмыстары аз болған. Қазір астанада вирустың жаңа түрі тіркеліп, адамдар ауырып жатыр деген ақпарат жетті. Міне, осыны халыққа дұрыстап түсіндіріп, екпе алудың маңыздылығын айту керек. Қазақшылыққа салынып, қолды бір-ақ сілтеп жүре беретін уақыт емес. Әкім ретінде емес, қарапайым тұрғын ре­тінде мені вирустың әлі де азаймағандығы алаңдатады, – деді қала  әкімі  Ғ.Қазантаев.

ШАТҚАЯҚТАҒАН  ЭКОНОМИКА

Пандемияның кесірі қырық атан­ға жүк болды. Соңғы 3 жылда қала төңірегінде іске асырылған ірі инвес­тициялық жобалар, жаңа жұмыс орындары ашылмаған. Экономика шын мәнінде шатқаяқтап тұр. Өткен жылмен салыстырғанда түсім 2560,0 млн теңгеге, яғни 26,8 пайызға азайған. Жылдық жоспар 84,5 пайызға неме­се 2647,6 млн теңгеге орындалмай  қалу  қаупі  тағы  бар.

Мемлекеттік сатып алу шеңберінде барлығы 1404 салық төлеуші 106,5 млрд теңге қаржы алған. Бұл бағ­дарлама бойынша қаражат алған салық төлеушілердің салықтан қасақана жалтаруы әлі де тыйылмай келеді. 9,3 млрд теңге қаражат алған 285 салық төлеуші салық есептілігін 0-дік көрсеткішпен ұсынғандығы анықталып, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бюджетке 268,7 млн теңге қаржы түсті.

– Қолма-қол ақшалай есеп айырысатын тұлғалар міндетті түрде онлайн бақылау касса машинасын орнату қажет. Сол арқылы сатылған тауарға міндетті түрде чек басылып, тұтынушыға ұсыну керек. Осының нәтижесінде бюджет түсімі ұлғаяды, – деді Мемлекеттік кірістер  басқармасының  басшысы  Б.Ниеталиев.

Қазына қаражатының азаюына жеке тұрғын үйлердің кәсіпкерлік нысан ретінде тіркелмей бизнес жүргізіп отырғандығы себеп болып отыр. Атап айтар болсақ, Астана даңғылы №91 үйдің тұрғын үй ретінде салығы 164 мың теңге болса, кәсіпкерлік мақсаттағы салығы 642,4 мың теңгені құрайды.

ҚР Қаржы Министрлігінің Кіріс­тер комитеті тарапынан «E-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы шығарылды. Осы қосымша арқылы әрбір салық төлеуші кірістер органына бармай-ақ үйде отырып ақпараттар мен қызметтерді ала алады. Ауылдық округтер мен кент әкімдіктеріне осы қосымшаға тіркелуге және осы арқылы салық берешектерін төлету жөнінде басқарма тарапынан хат жолданған. Алайда Қызылөзек, Қарауылтөбе ауылдық округтері тарапынан ешқандай көмек болмаған. Аталған қосымшаны бірде-бір салық төлеуші пайдаланбаған.

Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Ниеталиев уәкілетті органдармен жұмыс барысында біршама қиындықтар туындайтынын жеткізді. Мәселен, қалада салық тө­леушілер құжатынсыз 100-ге тарта сырт­қы жарнамалар орналастырылып, төлем жасамай отырғандар бар екендігі анықталған. Осыған орай, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесіне анықталған объектілерді заңдастырып, нақты төлемақы сомасын өндіріп алуға хат жолданған. Бірақ, ҚР тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес тексеруге мүмкіндіктері болмай отырғандығы туралы мәлімдеген.

Қала әкімі Ғ.Қазантаев халық арасында салық мәдениетін қалыптас­тырып, жергілікті бюджет көлемін ұлғайту үшін әлде де сапалы жұмыстар жүргізу қажет екендігін қатаң тапсырды.

Ә.НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: