Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазантаев неге қапалы?

29.04.2021, 11:30 831

«Мұндай мәселелер өткен жылы болмады. Осы жылы босаңсып кеттіңіздер. Босамаңыздар! Босайтын уақыт емес». Бұл – қала әкімі Ғанибек Қазан­таевтың апта басында өткен қала аппаратының отырысында айтқан сөзі. Мәжілісте шаһардың айналасындағы 4 бірдей мәселе қаралып, жауапты мамандардың баяндамасы тыңдалды. Жұмысынан жүйе көрмеген бөлім басшыларын қала әкімі сынға алып, атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтындығын  білдірді.

Ғанибек Қонысбекұлының төр­ағалы­ғымен өткен аппараттық мәжіліс басталмас бұрын қалалық полиция басқармасының жаңа бастығы таныс­тырылды. Бұл қызметке Нұрлан Аға­ділов тағайын­далып, әкім жаңа басшыға  сәттілік  тіледі.

«СҰРАҚ  КӨП,  ЖАУАП  ЖОҚ»

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – I тоқсандағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары. Бұл көрсеткіштерді толығырақ қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова тарқатты.

– Жалпы статистикаға сәйкес, қала экономикасында өсу тенденциясы байқалады. Инвестиция көлемі өткен жылға қарағанда 121%-ға артты. Сондай-ақ, өнеркәсіп, ауылшаруашылық және кен өнімдері де өткен жылға қарағанда біршама өскен. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздықпен  күресу  де  қарқынды  жүріп жатыр, – деді Гүлнар Баймаханова.

Қала әкімі бөлім басшысына статистикамен жұмыс істеу керек екенін айтып өтті. Ауыл бюджеттерін қарау кезінде де ауыл әкімдерімен бір­лесе жұмыс істеп, алдын ала болжам жасап отыруды тапсырды. Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары мен барлық кент, ауыл әкімдеріне, бөлім басшыларына қала аумағындағы әлеуметтік өңірлік даму қорытындыларының барлық көрсеткіштерін  100 пайызға орындауды тапсырып, атқарылған жұмыс­тарды экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне тапсыруды міндеттеді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе Қызылорда қаласының санитарлық тазалығы, көркейту-көгалдандыру және абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстар еді. Бұл жайлы баяндама жасауға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы шықты. Әкімнің қырына көп іліккен де дәл осы бөлім болды.

– Шаһарды санитарлық тазалықпен қамта­масыз  ету  мақсатында  жергілікті  бюджеттен  733 миллион қаражат бөлінген болатын. Бөлінген қаржы қаладағы 244 көшенің тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған. Соңғы 5 жылда көпқабатты тұрғын үйлер қарқынды салынып жатыр. Қала көлемі ұлғайып  келеді. Бөлінген  қаржы  аясында  қалад­ағы барлық көше тазалануда. Одан бөлек, қаладағы аялдамалар, сквер-аллеялар мен кіші архитектуралық нысандарды жаңалау қарқынды жүруде. Саябақтарды да күтіп-ұстау өз дәрежесінде жүріп  жатыр, – деді Біржан Далабаев.

Осы тұрғыда, қала әкімі Белкөл кентінде орна­ласқан полигонға рекультивация жасаудың маңызын айтып өтті. Полигонның ашылып, қарау­сыз жатқанына бірнеше жыл өткенін айтып, олқылықты тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Осы мәселені бөлім басшысына қатаң бақылауға алуын тапсырды. Сондай-ақ, әкім Тасбөгет кенті мен ауылдардағы тазалық жұмыстарын сынға алды. «Мен де осы қаланың тұрғынымын. Кешкілік көшелерді аралап өтемін. Көше тазалығы сын көтермейді. Босамаңыз!» – деп, қала әкімі тазалыққа тиянақты болуды тапсырды. Қаланың кіреберіс төрт қақпасының тазалығына күш салу керек екендігін ескертіп, қала тазалығы күнделікті өзінің тікелей қатаң бақылауында болатындығын айтты. Аяқсу мәселесі де әлі шешілмегенін айтып, сөзін «Сұрақ көп, жауап жоқ» деп  аяқтады.

«БАҚЫТТЫ  ОТБАСЫ»  ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ  ОҚИҒА  –  ЖАУАПСЫЗДЫҚТЫҢ  КӨРІНІСІ»

– 2002 жылдан бері төленіп келе жатқан мемлекет­тік атаулы көмектің негізгі мәні – аз қамтылған отбасы­ларды қолдау. Сондай-ақ, отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру, өз кәсібін ашуға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқа да шаралары арқылы әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 32 мың  732 теңге. Бұл көмек осы деңгейдің 70% мөлшерінен төмен, жан  басына  шаққанда  бір  айлық көрсеткіші 22 мың 912 теңгені құрайтын отбасыларға берілді. Бұдан басқа да көмектер жүйелі түрде беріліп келе жатыр. Кейде табыстарын жасырып, дәйексіз мәліметтер ұсынатын да азаматтар кездеседі. Ол жағдайда көмек беруден бас тартылады. Қаңтар-ақпан айларында 9 539 балаға азық-түлік жиынтығы берілді, – деді мінберге шыққан қалалық жұмыспен қамту, әлеу­меттік бағдарламалар және азаматтық хал акті­лерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева.

Осы тұста шаһар басшысы өткен аптада «Бақытты отбасы» орталығындағы шуды көтерді. Оның айтуынша, бұл – жауапкершіліктің жоқтығынан болған оқиға. Мемлекеттік көмек берудегі жұмысты жүйелеу керектігін айтты. «Бар көмекті дұрыстап та бере алмаудамыз» деп сөзін аяқтады қала әкімі. Соным­ен қатар, атаулы әлеуметтік көмекті та­ғайындау кезінде кіріс көзін жасырушыларды зерттеп, алаяқтықтың кез келген көрінісіне жол бермеуді қатаң бақылауға алу керектігін нықтап тапсырды.

Күн тәртібінің соңғы мәселесі – қалаға электр энергиясын сапалы беру жағдайы. Өңірдің өзекті мәселесі туралы қалалық электр тораптары басқармасының директоры Орынбек Дәуенов хабарлама жасап, бүгінгі таңда қала және қалаға қарасты елді мекендерде талапқа сай емес (самострой) электр желілері түйткілді болып отырғандығын айтып, осы мәселені жою мақсатында  жалпы ұзындығы 37,438 шақырым болатын ескірген әуе желілерін жаңарту жұмыстары жоспарланғандығын мәлімдеді. Бұл мәселеге қатысты Ғанибек Қонысбекұлы жауаптыларға елді мекендегі тозған, өз бетінше салынған электр желілерін ауыстыру мәселесін 1 маусымға дейін бір жақты етуді жүктеді.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: