Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қасқырға қой бақтырып келгенбіз бе?

13.01.2022, 12:00 411

Қойшы көп болса, қой арам өледі. Әлемжеліде бәрі сыншы, бәрі жазғыш. Кейбір мемлекеттік мекемеге солар-ақ не болса соны жазып, мүлдем жұмыс істетпейтін секілді. Керісінше, кей басқармалар мен мекемелер «блогербектер» түртпектемесе қалғудан қолы босамай жатқандай көрінеді. «Жалдамалы жандайшаптардың» айтқаны мен жазғанын орындауды «жұмысты 100 пайыз атқару» деп түсінуге аяқ басып келеміз. Иә, біз қазір ой қуып, сөз қуып жүрміз. Қауіптің не екенін, қайдан келетінін білмейміз, тіпті білгіміз де келмейтіндей. Әгерәки біреу қауіпті болжаса, оны тілдейміз, кекетеміз, мұқатамыз. Ақыры қызметінен айырып тынамыз, содан ләззат аламыз. Онлайн өмір осылай өтіп жатыр. Қауіп демекші, бейбіт шеруден басталып, бүлікшілікке жалғасқан тәртіпсіздіктен соң біраз жайттың беті ашылып қалды. «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі ұлтқа қауіпті адамдардың қолында болған» деген болжам бар. Демек…

6 қаңтар күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов Қазақстан Республика­сы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауа­зымынан босатылды. Бұл ақпарат президенттің ресми сайтында жария болды. Ал, 8 қаңтарда ҚР ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы, яғни екі күн бұрын қызметінен босатылған Кәрім Мәсімов уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл мәлімет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында жарияланды. Сонымен қатар, Комитеттің басқа да тұлғалары ұсталған. Оларға Қылмыс­тық кодекстің 175-бабы, 1-тармағы бойынша мемле­кетке сатқындық жасады деген айып тағылып отыр. Қазір осы бап бойынша сот­қа дейінгі тергеу басталып кетті. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейтіндігі туралы айтылды. Жалпы, Қылмыстық Кодекс­те мемлекетке сатқындық жасаған адам 15 жылға дейін сотталып, Қазақстан Респуб­ликасы азаматтығы­нан  айырылады.

ҚР президенті елдегі тәртіпсіздік басталғалы бері бірқатар ауыс-түйіс, қызмет­тен босату мен та­ғайын­даулар жасады. 5 қаңтарда Мұрат  Әбуғали­ұлы Нұртілеу­ді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орын­басары  лауазымына  тағайын­дады.

Ал 6 қаңтарда Мемлекет басшысының  өкімімен  Ән­уар Төлеуханұлы Сады­құлов Қа­зақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – «А»  Арнаулы мақсаттағы қыз­метінің директоры лауазымынан босатылып, орнына Берік Садықұлы Құнанбаев  та­ғайындалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда Қа­зақ­стан халқына жасаған үндеуінде «Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын да­йындығын  мемлекет  қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды» деген болатын. Осы сөзден соң да ауыс-түйістің болатыны анық еді. Басқа саланы айтпағанда, ҰҚК-ге қатысты лауазымнан босату мен тағайын­дау тағы да жалғасты.

9 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Марат Сапарұлы Өсіпов пен Дәулет Еділұлы Ерғожин Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары лауазымдарынан босатылды. Орындарына Бақытбек Жамалбекұлы Қосжанов пен Асқар Баймерденұлы Әмірханов тағайындалды.

Әуелгіде Кәрім Мәсімов­тың қызметінен босатылғаны елді елең еткізді. Одан соң отанға опасыздық жасады деген айыппен ұсталғаны өте ауыр тиді. Бұл Мәсімовке деген сенімнен емес, «қаймақты» жерді кімге тапсыр­ғанбыз?» деген қиналыс­тан туындаған ой сияқты. Осылайша, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын серігінің бірі болған Кәрім Мәсімов күдікпен қамауға алынды. Ол 2016 жылдан бері елдегі ықпалды  орынның  бірі – ҰҚК-ны басқарып  келген  еді.

Ол ол ма, Кәрім Мәсімов – Қазақстан тарихында үкіметті ең ұзақ уақыт басқарған және екі рет премьер-министр болған жалғыз адам. 2019 жылы нау­рызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, оның орнына Қасым-Жомарт То­қаев келгенде де Мәсімов ҰҚК басшылығында қалды. Назар­баев президенттіктен кетер­ден бірер күн бұрын Мәсімовке генерал-ма­йор шенін беріп кеткен еді. Артын­ша Тоқаев оның шенін генерал-лейтенантқа жоғарылатты.

Кәрім Мәсімовтың қанша уақытқа қамалғаны белгілі болды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Тергеу соты хабарлады. «ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов мемлекетке опа­сыздық жасады деген айыппен 2 айға қамауға алынды» деген  хабарламада.

11 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт То­қаев Парламент Мәжілісінің отырысында бірқатар қалаларда ҰҚК департаментінің басшылары борышына адалдық таныта алмағанын айтты.

– Шетін  жағдайда  Қор­ғаныс министрлігі мен мемлекеттік қызметтегі әскери қызметшілер абыроймен көзге түсті. Бірақ бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ. Бірқатар қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әс­кери арсенал болғанына қара­мастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге айқассыз  тастап  кетті, – деді.

Сондай-ақ, «Ашығын айтсақ, бұл – бірнеше жыл бойы алдын ала ойлас­тырылған зұлымдықтың көрінісі.   Олардың  көзде­гені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық. (…) Ұлттық қауіп­сіздік кеңесі уәкілетті орган ретінде бұл іріткіге нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген маңызды қауіпті байқамады» деп тағы қорытындылады ел президенті Мәжіліс отырысында.

«ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі ұлтқа қауіпті адамдардың қолында болған» деген болжам бар. Демек… Демек, Мәсімовке қатысты күдік расталса, біздің қасқырға қой бақтырғанымыз рас болғаны. Ел арасында билікте ықпалы зор тұлғалардың қызметтен босатылуын жаңашылдыққа бетбұрыс деп қабылдайтындар бар. Десе де, Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылыққа шыққандар «жүйе түгелдей ауыспаса, бәрі бекер» дегенді айтқан  болатын.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: