Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарашөкеев қуаңшылық өңірде болды

30.07.2021, 9:30 585

HALYQLINE.KZ

Кеше Сыр еліне Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев екі күндік жұмыс сапарымен келді.

Ең алдымен ол қуаңшылық жайлап, төтенше жағдай жарияланған Арал ауданына ат басын бұрып, Бөген, Аманөткел ауылдық округтеріндегі жергілікті халықпен және шаруашылық басшыларымен кездесті.

Басқосуда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталып, аймақтағы мал азығы мәселесінің шешілу жолдарын пысықтады. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, Арал ауданы әкімі Серік Сермағанбетов Арал өңіріндегі қуаңшылық жағдайынан шығу үшін қажетті қадамдар мен атқарылған жұмыстарды тізбеледі.

Министрдің міндетін атқарушы мал азығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді жылдам үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Республикалық жедел штаб құрылғанын айта келіп, Үкімет деңгейінде іске асырылатын шараларды атады.

– Біріншіден, Үкімет резервінен Қызылорда облысына заңға сәйкес белгіленген тәртіппен шаруалардың қыстағына жеткізілетін мал азығының құнын арзандату үшін субсиядия негізінде 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір осы қаражатты арнайы тәртіппен шаруа қожалықтарына тамыз айының ішінде кезең-кезеңімен жеткізу қажет. Екіншіден, азық-түлік келісімшарт корпорациясы 490 тонна арпаны нарық бағасынан төмен деңгейде сатты. Жалпы, биыл жемдік астық қорын 370 мың тоннаға жеткізу жоспарымызда бар. Үшіншіден, фермерлердің жем-шөп дайындауына қосымша арзандатылған жанар-жағармай бөлінеді. Қазір энергетика министрлігімен барлық мәселелер пысықталды. Тамыз айынан бастап облыстарға сұратылған лимиттері бойынша жеткізілетін болады. Қызылорда облысына 3,8 мың тонна лимит бөлінді, – деді Е.Қарашөкеев.

Бүгінде Экология министрлігімен табиғи резерват жерлеріне мал жаю және шөп шабу жөнінде келісім жасалды. Осыған байланысты қорықтар жерінен шөп шабу және мал жаю мәселесі шешілді. Сонымен қатар, қазіргі жағдайға байланысты фермерлерге қолдау көрсету үшін мал шаруашылығын дамытуға алған несие төлемдерін кейінге шегеру жөнінде шаралар қабылданады.

Қазіргі таңда Бөген ауылына мал азығының 96 тонна шөбі жеткізілді. Ал, Аманөткелге 265 тонна шөп қамтамасыз етілді. Елді мекеннен 3 бригада құрылып, көршілес Қазалы ауданы, Қызыл ту, Майдакөл ауылдарында шөп орылуда. Сонымен бірге Б.Өтемұратов қорынан 213 миллион теңге қаржы бөлініп, 900 тонна жем-шөп алынуда.

Тағы бір айта кетерлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп қосымша мал азығын дайындайтын техника сатып алуды қаржыландыру және суармалы жерді игеруге қажет құрылғыларды сатып алуға несие беру мәселесін де қарастыратын болады.

Мұнан кейін делегация өкілдері «Аспай» су ағытқысының жөндеу жұмыстарымен танысты.

«Аспай» су ағытқысын қалпына келтіріп, көлдерді, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру үшін Аманөткел округінің тұсындағы «Бұрмақұлақ» су арнасын уақытша бөгеу жұмыстары басталмақ. Бұл үшін Болат Өтемұратов қорынан бөлінген қаржының 4,5 млн теңгесі қаралып, құрылыс жұмыстары басталады. Сонымен қатар, «Бұрмақұлақ» су арнасын бөгеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 71 млн теңге бөлінді. Таяу арада құрылыс жұмыстары басталатын болады.

Сапар аясында министрлік делегациясы Сарықұдық өңіріндегі «Ықылас» шаруа қожалығына барып, мал шаруашылығы саласындағы еңбеккерлермен кездесті. Аумағы 4 мың гектар жерді алып жатқан «Ықылас» шаруа қожалығында қазақтың ақбас сиыр малының тұқымын өсіріп, жыл сайын 100-110 бас асыл тұқымды бұқашықтарды сатып келеді. Қожалықта 518 бас мүйізді ірі қара, 547 бас уақ мал, 254 бас жылқы, 348 бас түйе малы өсірілуде.

Жұмыс сапары барысында Е.Қарашөкеев Арал қаласындағы жем тарату жұмысын бақылап, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауытқа барып, құрылысын көрді. Зауыт қыркүйек айында іске қосылып, 20-дан астам адамды жұмыспен қамтиды. Жылына 1300 тонна өнім өндіруге қауқарлы өндірісте түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығарылып, шетелдік нарыққа тасымалданады.

Еске салайық, Ербол Қаракөшеевтің жұмыс сапары Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: