Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент шексіз биліктің иесі болғысы келмеді

28.04.2022, 11:40

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір жарым ай бұрын халыққа «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауын жариялаған болатын. Сонда президенттің өкілеттігі туралы айта келіп, «…Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет» деген-ді. Уақытында мұны «ұпай жинау» деп қабылдағандар болды, қазір де табылуы мүмкін. Десе де, мемлекет басшысының өзіне қатысты шешімдеріне (туған-туыстарының басшылық қызметте болмауы, Суперпрезиденттік жүйеден бас тарту, т.с.с.) көпшілік қолдау білдірді. «Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады». Бұл – біздің емес, мемлекет басшысының өз сөзі.

Хош, Қасым-Жомарт Тоқаев «Amanat» партиясының кезектен тыс XXIII съезіне қатысып, төраға өкілетін тоқтатты. Яғни, партиядан шықты. Енді партияны Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов басқарады. «Amanat»-тың жаңалығы мұнымен бітпек емес. «Adal» партиясының мүшелері ел алдындағы аманатын арқалап, билік партиясының қатарын толықтырып отыр.

Жыл басталғалы үшінші рет жиналған саяси құрылымның бұл жолғы жиынында не айтылды? Мемлекет басшысының партиялардың біріккеніне деген көзқарасы қандай? «Amanat» әділетті Қазақстан құруға дәнекер бола ала ма? Бұл сұрақтарға президенттің пайымына сүйеніп, жауап іздеп көрелік.

– «Аmаnаt» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ, оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді мемлекет басшысы.

Президент бұған дейін жолдауда саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар, бірден Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.

Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталған. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі. Міне, осы бағытта жұмыс жалғасын табады.

– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. «Adal» партиясының «Аmanat» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. «Adal» партиясының жетекшілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан, «Adal» партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. «Adal» – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді ел президенті.

Шынын айту керек, ел сеніміне ие болған «Adal-дың» билік партиясының құрамына енуі аса құптарлық жайт емес секілді. Әрине, мемлекет басшысы айтқандай, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі бір жерге емес, бір іске ортақ жұмылуы керек.

Президенттің айтуынша, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.

– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «Amanat» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді. Съезд делегаттары президенттің ұсынысын қолдап, бірауыздан дауыс берді. Мемлекет басшысы «бұл өзгерістер «Аmаnаt» партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашады» сенім білдірді. Біз де сенейік.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: