Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Осипов бүлігі» немесе «Осиповтың алтыны» қай жерге жасырылған?

23.01.2020, 8:27 973

Осыдан 102 жыл бұрын Қазан төңкерісінің нәтижесінде большевиктер билік басына келіп, сосын КСРО деген атпен 1991 жылға дейін өмір сүріп, тарап кеткен еді. Кеңес одағы деген мемлекетті аңсаушылар арамызда әлі де аз емес. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін «жерде жатқан», «иесі жоқ» биліктің басында кімдер болмады десеңші. Әр аймақта, әр өңірде иесіз жатқан билікті Ресейдің әр жерінен келіп пана тапқан Гержод, А.Гайдар, К.Осипов сияқты қашқындар мен бандиттер иеленіп алды. Қазақ жері мен Орта Азия аймағында ешқандай билік үшін күрес, тартыс болған жоқ. Қолдарында қаруы бар солдаттар мен өздерін большевиктер партиясының мүшесімін дегендер оңай билікке тап болды. Ел басқару дегеннен ешбір хабары жоқ европалық мұжықтардың өкілдері «жабайы», «бұратана» халықтарға «бақытты өмір» сыйлаймыз деп ойына келгенін жасады. Асты, атты, қамады, тонады. Осы сөздерді айтқан кездерде ышқынып ашуланып, Кеңес үкіметін қызғыштай қорғап кететіндер арамызда әлі жеткілікті. Оларды кінәлауға болмас, себебі олар Кеңес үкіметінің басына оның алғашқы жылдарында келген адамдар жайлы біле бермейді. Сол кезеңде олар жайлы айтуға тыйым салынды. Егер біз олар туралы, олардың істеген зұлымдықтарын сол заманда білген болсақ, Кеңес үкіметінің шын мәнінде  қазақ халқын қанға бөктіргенін білген болар едік. Олар жайлы енді ғана біліп жатырмыз. Сондай оқиғалардың бірі осыдан 100 жыл бұрын, 1919 жылдың басында Ташкент қаласында болды. Бұл оқиғаның біздің облысымызға тікелей қатысы бар. Ол кезде біздің облыс Перовск уезі (бастығы қанішер Иосиф Гержод) аталып, Түркістан республикасына (орталығы Ташкент) қарайтын.  Бұл оқиға «Осипов бүлігі» деп аталады, кейбір дерек көздерінде «Осиповтың алтыны» деп те аталып жүр. Аталмыш оқиғаның қатысушыларынан қалған тарихи естеліктер  мұрағаттарда  әлі  күнге  дейін  сақталған. Бірақ  Осиповтың  тыққан  алтыны  қай  жерде  екені әлі  күнге  дейін  жұмбақ.

1918 жылдың аяғында, 1919 жылдың басында Ташкентте бүлік басталды. Жергі­лікті большевик басшылары Москвадан жіберілген комиссарларға көңілдері тол­мады. Бүліктің басында Түркістан республикасының әскери комиссары, қазіргі тілмен айтар болсақ, Қорғаныс министрі Константин  Осипов  (суретте)  болды.

Константин Павлович Осипов 1896 жылы Красноярскіде туған. Әскерге шақырылғанға дейін Красноярскінің жер өлшеу училищесінде оқиды. 1913 жылдан РСДРП мүшесі. Бірінші әлем соғысы басталғанда екі жыл запастағы полкте қызмет еткен, сосын­ Москваның 4-ші прапорщиктер мектебіне жіберілген, оны бітірген соң, үздік курсант ретінде оқытушылық қызметінде қалдырылған. 1916 жылдың аяғында Түркіс­танға қызметке жіберіледі. 1917 жылдың басында Скобелев (Ферғана) қаласында генера­л Полонскийдің адъютанты болып қызмет атқарады. Ақпан төңкерісін қуана қарсы алады, 1917 жылдың қазанында солдат­ депутаттарының Кеңесінің мүшесі болады. 1918 жылдың ақпанында Қоқан автоно­миясын талқандауға, кейін Самар­қандағы полковник Зайцев басқарған ақ казакт­арын қарусыздандыруға қатысады. Сөйтіп 22 жасында Түркістан республикасының әскери комиссары  болады.

Ол өзін республиканың басшысымын деп жариялады. Константин Осипов бастаған бүлікшілер кеңес өкіметін құлатпақшы болады. Бүлік кезінде Осипов өте аяусыз, ымыра дегенді білмейді, көптеген кеңес және партия қызметкерлерін атып тастауға өзі бұйрық беріп орындатады. Ташкент көшелерінде ашықтан-ашық атыс болып, алғашқы кезде бүлікшілердің жолы болады. Бірақ кейбір маңызды нысанд­ар – теміржол шеберханасы мен қамалды бүлікшілердің ала алмауы олардың жеңілуіне әкеп соқтырады. Бабажанов басқарған ескі қаланың жасақтары мен Ташкент қамалы гарнизонының басқарушысы солшыл эсер Иван Белов бастаған әскерлер зеңбіректен бүлікшілердің штабын­, 2-ші атқыштар полкының казармаларын атқылап, қиратуының нәтиже­сінде бүлікшілердің жоспары бұзылып, жеңіліс­ке  ұшырайды. Бүлігі сәтсіз аяқ­талған Константин Осипов серіктерімен бірге Ташкенттен шығып, Шымкентке бет алады. Қаладағы банктен Түркістан рес­публ­икасының барлық қағаз және алтын ақшаларын, шетел валюталарын бірнеше машинаға тиеп алып кетеді. Жеңген большев­иктер Осиповтың бандасын артынан­ қуады, қалада жаппай «тазалау», тергеу,  ату  жазаларын  жүргізеді.

Алайда Осиповты Шымкенттің шет жағын­да Селиверстов бастаған 500 қызыл әскер күтіп тұрған еді. Шымкентке жолы байланған Осипов Угам жотасына қарай бұрылып, таудан асып Бұқар әміріне жетпек­ болады. Қызыл әскерлер Осиповтың соңынан қалмай келе жатты. Сол жылы, яғни 1918-1919 жылдың қысы ерекше суық болған. Суықтығы сонша Ташкенттің өзінде минус 30 градусқа дейін аяз болыпты. Тауда қар қалың болып, Осиповтың отряды қар селінің астында қалған болар деп ойлаған қызыл әскерлер кейін қайтады. Отряд мүшелері сел астында қалғаны рас, бірақ Осипов өзі аман қалып, Бұқар әмірлігіне жетіпті. Тіпті қасындағы бір адамының айтуынша, «алтынды түгел тапсырыпты». Бірақ 1920 жылдың жазының соңында Қызыл армия Бұқараны алған­нан кейін алтынды іздейді, таба алмайд­ы. Осиповтың тағдыры да белгісіз. Архивтік  деректер  бойынша  ол  банкіден  3 миллион николай рублін, 3 миллион николай­ кредитін, 50 мың рубль алтын монет­а, 2 миллион рубль алтын мен асыл тастарды, бірнеше қап ағылшын фунт стерлингін, индиялық рупий және басқа валюталарды алып кеткен. Мұның барлығын бірнеше авто­мобильге артып шығып, Шымкентке­ жақындағанда  аттарға  тиеп  алған.

Бүлікшілер мен қуғыншылардың арасындағы ең соңғы шайқас Пскем жоталарының жанындағы Қарабұлақ қыстағының маңында өтеді. Қыстақ тұрғындарының үйлерін тексерген кезде бүлікшілер қалдырған қағаз ақшалардың бір бөлігі табылады. Бірақ алтын мен басқа құнды заттар және Осиповтың өзі табылмайды. Хунсан қыстағы ақсақалдарының естелі­ктері бұл деректерді растап отыр. Ақсақалдардың бала кездерінде­ қысты күні ауылына 11 түйеге жүк артқан «алтын керуен» келген. Керуен­нің бастығы «үлкен әскери адам» екен. «Үлкен әскери адам» ауылдағы ең тәуір жолбасшыларды таңдап алып, олармен николайлық кредит ақшалармен есептескен, қайтар жолдарыңда таза алтынмен есептесемін депті. Ақсақалдар «офицерге» алтынды жерге көмбе деп кеңес берген көрінеді. Жер қатып қалған, оны қазу мүмкін емес, Угам тауының шатқа­лының биік шыңдарындағы құз үңгірлердің біріне апарып жасыру­ жөнінде кеңес беріпті. Ақсақалдардың айтуынша, түйені немесе атты сойып терісін тасқа жапсырған кезде аяздың күштілігінен тері тасқа бірден жабысып қалады екен. Жапсырылған­ теріні саты қылып шыңға бір-екі адам көтеріліп биіктен арқан жібереді. Арқанғ­а төменнен алтын қаптарды көтеріп құз басындағы үңгірге алтынды тыққан көрінеді. Бұл кезде қызыл әскерлер де артынан келе жатқан, олармен атысып алға қарай жүре берген. Жаралыларын тірі қалдырмаған, куәгер болмасын деп атып тастап отырған. Ақсақалдар жолбасшы болып­ кеткендердің ешқайсысы ауылдарына  оралмағанын айтады. Көктемде өлген адамдардың құс жеген­ қаңқалары құз бен жартастарда қалып қойған, басқа еш із қалмаған. Угам тауларында үңгірлер көп, олардың көпшілігі әлі күнге дейін зерттелмеген, адам аяғы баспаған.

Алғашқы кездері кеңес тергеушілері Осиповтың отряды тау қарының астында қалып қырылып қалған болар­ деп ойлаған болатын. Бірақ, біраз уақыт өткен соң Осипов Фер­ғана аңғарынан табылып, сол жақта кеңес­ үкіметіне қарсы қарулы жолмен қарсыласушылардың арасында бол­ған. Сосын Бұқараға барып, оның әмірімен байланысады. Ол кезде Бұқар әмірлігі іс жүзінде өз алдына тәуелсіз мемлекет болғандықтан, кеңес­ үкіметі дипломатиялық каналдар арқылы Осипов пен оның серіктерін беруді талап етеді. Ташкент билігінің қысымымен Бұқар әмірлігі Осиповтың өзі емес, бірнеше серіктерін кеңес үкіметіне беруге мәжбүр болады. Ескендір князьдің естелік­терінде Осиповты серіктерінің бірі тонау мақсатында Ашхабад майданына бара жатқанда өлтірген деп жазған­. Константин Осиповқа байланысты бірнеше эпизодтар Түркістан өлке­сіндегі кеңес үкіметін орнатуға ар­налған «Крушение эмирата», «Пламенные годы», «Пароль «Отель Регина» деген фильмдерде суреттелген. 1920 жылы Қызыл Армия әскерлері Бұқар әмірлігінің билігін құлатқан соң, әмір Ауғанстанға қашуға мәжбүр болған, кейбір деректер бойынша Константин Осиповты біреулер әмірдің  жанынан  көрген  деседі.

Сол бір бүліншілік уақытта кеңес үкіметінің басына келген «Осиповтың алтынына» келер болсақ, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары құрылып, кейін таратылып жіберілген Түркістан Республикасының бірнеше миллиондық алтын қоры бұл кезде Угам тауы мен Қаржантаудың арасындағы адам баласы бара алмайтын белгісіз бір тау қуысында үстін жартылай шіріген брезентке оралған күйінде жатқан болар…

С.ЖҮСІП

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: