Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан экономикасының дамуы Орта Азия елдері үшін қашан да маңызды – Халықаралық валюта қоры

31.10.2024, 13:50 787

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2024-2025 жылдарға арналған Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Орталық Азия аймақтарының экономикалық даму болжамдарын жариялады.

Қазақстанның ЖІӨ-нің өсуіне энергетика және тау-кен саласына салынған инвестициялар және мұнайдан тыс сектордың да тұрақты дамуы ықпал етіп отыр. Осылай деп мәлімдеген Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің директоры Жиһад Азур Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қарамастан, Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан экономикасында тұрақтылық байқалып отырғанын айтты, – деп хабарлайды halyqline.kz ақпарат агенттігі  Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2024-2025 жылдарға арналған Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Орталық Азия аймақтарының экономикалық даму болжамдарын жариялады. Болжам бойынша, алдағы уақытта экономикалық өсім артады деген сенім бар, бірақ геоэкономикалық жағдайларға байланысты ахуал әлі белгісіз.

Қаржы сарапшыларының пайымдауынша, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың Қазақстан және Орталық Азия елдері экономикасына әсері азайып келеді. Қақтығыстың алғашқы жылдарында Қазақстан экономикасына қауіп жоғары болды, бірақ кейінгі жылдары еліміз бұл қысымға бейімделіп, экономикалық тұрақтылығын сақтауға күш салды. Болжам бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі биыл 3,5%-ға өседі, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,6%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл өсімнің негізгі себебі – мұнай-газ саласындағы жаңа инвестициялар мен кен орындарының ашылуы, сондай-ақ мұнайдан тыс сектордың да тұрақты дамуы.

Орталық Азия елдері үшін Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуы маңызды болып қала бермек. Қаржы саласындағы аймақаралық әріптестікті нығайту мақсатында Қазақстанда болашақтағы өсу бағыттары, соның ішінде құрылымдық реформалар мен тұрақтылыққа бағытталған шаралар бойынша арнайы сессиялар өткізу жоспарланған. 

Аймақтық қауіптерге қарамастан, елдің қарқынды дамуы инфляцияны бақылауда ұстап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Жиһад Азур.

Экономикалық өсімді одан әрі арттыру үшін халықаралық сарапшылар Қазақстанға құрылымдық реформаларды жеделдетіп, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауды ұсынады. Алдағы жылдары осы реформалар экономикалық өсімнің артуына және Орталық Азия мен Кавказ елдері арасындағы дамудың тепе-теңдігіне жол ашуы мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: