Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нағыз қорқыныш (болған оқиға ізімен)

15.03.2020, 10:18 853

Семей атом полигонының жабылғанына тура 12 жыл өткенде кенже балам Заман дүниеге келді. Сол жылғы жаңа жыл қарсаңында біздің үйге жан-жақтан Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін күрескен бір топ жігіт жиналды. Мақсаттары – келер жылғы Азаттығымыз бен Семей атом полигонының жабылғанына мүшел жас – 13 жыл толуына орай аудан көлемінде жасалатын іс-жоспар бекіту.

Сағатқа қарап қоямыз. Түнгі он бірлер шамасы. Жаңа жылға әлі бір сағаттай уақыт бар. Елбасының Жаңа жылдық құттықтауын күтудеміз. Дастарқан басында Тәуелсіздігімізді дәріптеп, өткен-кеткен жылдардың қиын да қызықты сәттерін әңгімелеп отырғанбыз. Көңіл күйіміз сондай көтеріңкі!.. Тағы да жігіттер келіп қалар деген үмітімізбен есік жаққа да алаңдап-ақ қоямыз!

Кенет үйдің сыртқы есігі сықырлай ашылды да, әлдекім ішке еніп, аз-кем дамылдағандай болды. Бәріміздің жүзіміз жадырай түсті. Алайда өкінішке қарай, қуанып үлгіре алғанымыз жоқ. Ішке есікті шалқасынан ашқан әлдекім кіріп келді. Үсті-басын қалың түк басқан! Өзінде тіл-ауыз жоқтай! Ық еткен дыбысы да білінбейді. Тек таяққа сүйенген күйі, бөлменің ішін кезе бастады.

Жын ба, шайтан ба?!. Әлде үйіміздің іргесіндегі зираттан шыққан аруақ па?!.

Мына көрініс ел тәуелсіздігі үшін күрескен кіл «сен тұр, мен атайын!» сақадай сай жігіттердің де зәресін алған-ау! Ешқайсысында үн жоқ! Қаққан қазықтай сілейіп қапты.

Бүйтіп қанша уақыт тұрарымыз белгісіз-тін. Бәрінен ана махаббаты басым түсіп, бесіктегі баласына қарай жанұшыра ұмтылған сары домалақ келіншегімнің: «Кет, әй, Жақан! Кет, әй, оңбаған!..» деген зілді даусы дереу бәріміздің есімізді жиғызды.

«Бір білсе, осы қатындар біледі!.. Шынымен де, мынау Жақан болса, Жақан шығар! Оның осындай ерсі ойындары болушы еді!..» деп ойлап, қорқытқаны үшін түйдей құрдасымнан есе қайтармақ боп, артынан аямай бір тебуге оқталып, аяғымды көтеріп шірене бергенімде, әлгінің мойнын көріп кілт тоқтадым.

«Астапыралла!.. Әй, мынау әйел адам ғой!» деп ойлап үлгірдім. Сөйттім де, еріксіз көтерілген аяғымды төмен түсірдім. Сол сәтте әлгі «құбыжық» та екі иығынан дем алған күйі, бас киімін шешіп кеп жіберді. Жүрегі қысылып қалғандай орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Бәріміз аң-таң күйде «құбыжықты» енді таныдық.

– Мәс-саған!.. Ой-бай-ау, мынау Айжамал апамыз ғой!..

Сөйтсек, әзілді жаны сүйетін Айжамал апамыз ақ тонды теріс айналдырып киіп ап, Аяз ата образын сомдап, бізді Жаңа жылмен есте қаларлықтай етіп құттықтамақшы бопты. Алайда онысы қолайсыздау шығып, зәре-құтымызды қашырыпты. Сөйтіп, расында да, бұл құттықтау мәңгілік есімізде қалып қойды.

Айжамал апа кеткен соң, бәріміз бір-бірімізге үнсіз көз тастаймыз. Бұл тыныштықты бірінші боп бұзған сексеуілдік Жайлау Әли:

– Ойпырмай, қанша жігіттер тұрып, бойымызды үрейге билетіп алғанымыз дұрыс болмады-ау! – деді басын шайқап.

– Оныңыз рас! Үрейдің соңы қорқыныш ғой, – деді қамбаштық Елдос.

Мен теппекші боп оқтала бергенімде, әйел екенін сезіп қалғанымды айтып едім, сары домалақ келіншегім сөзімді бөліп жіберді.

– Әйелдің мойыны екенін қайдан біле қалдың?

Бойымдағы қорқынышым сейілмей тұрғанда, сөзімді бөліп жібергеніне қатты ашуланған мен де әзіл араластырып, шорт кеттім.

– «Балуанға оң мен солы бірдей» демекші, сен не мені… еркек пен ұрғашыны айырып жатпайтын ауылдағы әнебір көзі қарайған есалаң айғыр есек деп пе едің?!.

Шын ашуланғанымды сезген сары домалақ жым болды.

Десек те, ашу мен әзіл араласқан бұл бірқақпай сөз де жігіттердің бойындағы үрейді тарата алмады. Осы қорқыныштың әсері ме? Ертеңіне Аралға жолым түсіп, жігіттермен қыдырған соң да, кешегі көрініс көз алдымнан кетпей-ақ қойды.

Кешкілік ауылға қарай жол жүру үшін теміржол вокзалына келе жатқам. Жолай бір үйдің қуысына кіріп, «сәлемдесе» кетуді ойлап, бұрыла бергенімде, «О-о, Құдая тоба!», бір аппақ аруақ алдымнан шыға келмесі бар ма?! Әлде маған табан асты солай көрінді ме екен?! Әйтеуір бойымды тағы да аяқ асты үрейге билетіп ап, әлгінің кім екеніне, өзімнің не істеп, не қойып жатқаныма есеп берместен, жалма-жан қарды ұмар-жұмар домалақтап үлгірдім де, «қақ маңдайдың тұсы деп, өлген жерің осы деп» бір-ақ ұрдым да қаша жөнелдім.

Артта баж еткен қыздың даусы, айғай-шу қалып барады.

– Әй, шал!.. Әй, Аяз ата! Қызыңды, Ақшақарыңды біреу қармен аямай ұрып кетті!

– Өй, шешең..! Ол кім?!.

Шығына қашып бара жатсам да, мен де есемді жіберер емеспін. «Шалдың» өз «зәкөскесін» өзіне «тап-тұйнақтай» етіп қайтарып үлгіріп бара жатырмын.

Үйге келген соң, қорқыныш синдромын жеңу үшін, жедел әрекетке көштім. Алдымен, қорқыныш туралы анықтаманы анықтап алуды ойлап, кітаптарды ақтардым. Газет-журналдарды қарадым.

«Қорқыныш, – дейді бір кітапта, – бір нәрседен жүрексініп, сескенгенде, шошынғанда пайда болатын сезім».

Алайда бұл тұжырым көңілімнен шықпады. Қорқыныш туралы бұдан басқа да тұжырымнамаларды ақтардым. Бәрібір бұл әрекеттердің бәрі көңілімді көншітпеді. Ақыр соңы, өз-өзіме «Нағыз қорқыныш деген не?!» деген сұрақты батыл түрде қойып ап, қатты ойланып кетіппін.

Қалғып кетсем керек. Түсімде біреу аян бергендей болды.

– «Нағыз қорқыныш» дегеннің анықтамасын батыр Баукеңнің шығармаларынан іздеп көр!..

Селк етіп шошып ояндым. Тылсым күшке онша илана қоймасам да, бойымнан қорқынышты аластау үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың барысында Мәскеу түбіндегі жағдайды күрт өзгертіп, әскери теорияға «Момышұлы серіппесі» атты тәсілді енгізген, әлемдік дәрежедегі қолбасшы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың шығармаларын бас алмай зерттей бастадым.

Сөйтсем, қаһарман Баукеңнің де өз қорқышыны бар екен.

«Мен үш нәрседен қорқамын, – дейді Баукең. – Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын».

Өздеріңіз байқағандай, Баукең өз ұлтының ертеңіне алаңдап қорықса, біздің қорқынышымыз – қара бастың қорқынышы екен!

Мен мұны түсінгенде, қатты қапаландым. Өмірім босқа өткендей көрінді. Енді не істемек керек?! Дереу Абай атамызға жүгіндім. Хакім Абайдың қырық бірінші сөзінде:

«Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.

Әуелі – бекзор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда, түзелсе болар еді.

Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай, жолға салып, тағылым берсе, сонда түзелер еді.

Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірмек күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін де емес.

Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылмен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!».

Е-е, хакім Абайдың қорқынышы – өз заманындағы халқының надандығы болса, батыр Баукең заманындағы басты қорқыныш – ұлтының рухсыздануы екен. Ендеше, Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген мына заманда біз неден қорқуымыз керек?!

Бұл жөнінде мағлұмат алу үшін күнделікті жаңалықтарды тыңдап, газет-журналдар беттерін ақтара бастадым. Яғни, өзімше зерттеу жүргізіп, қорытынды жасауға тырысып көріп ем:

-Ас-та-пыр-алла!.. Нағыз қорқыныш бізде екен!

Жан даусым еріксіз шықты. Өйткені, бүгінгі біздің қорқынышымыз хакім Абай заманындағы надандықтан да, батыр Баукең заманындағы ұлтсызданудан да асып түсіпті!.. Адамшылықтан кетіппіз!

Кейінгі кезде елімізде кең етек жайған жемқорлыққа арсыздық дерті қосылып, елдің құтын қашырса, өзіне-өзі қол жұмсау мен кісі өлтіргіштіктен талайды шаң қаптырыппыз! Бүлдіршіндерге зорлық-зомбылықтың түр-түрін жасаудан да ешкімге дес берер емес екенбіз!

Ол-ол ма?! Бір кездері жетімін жылатпай, жесірін тентіретпейтін халық едік. Бүгінде ерлі-зайыптылар арасына шайтандар жиі-жиі ойнақтайтын болыпты. Нәтижесінде, құлаған шаңырақтар мен тірі жетімдер саны жөнінен әлем халықтары арасынан алғашқы ондыққа суырылып шығыппыз!..

Айта берсек, қазаққа жұққан жамандық көп екен! Ұзын сөздің қысқасы, рухани азғындықтың шегіне жетіппіз! Сөйтіп, біздің бүгінгі қорқынышымыз – рухани азғындық екен! Ал, керек болса!..

«Суға кеткен тал қармайды» деген!.. Мен де суға кете бастаған ұлтым үшін тал қармай бастадым.

Ұлтымыздың ұлы данышпаны Ахмет Байтұрсынұлы сынды халқымыз үшін осы бір аса қатерлі шақта ұлт қасіретін жасқанбай көтеріп, «масаша ызыңдап», қолымнан қаламым түскенше аянбай қармана беруге тәуекел еттім.

Енді осы қорқынышымызды бүгін сейілтпесек, ертең бесікте белгісі жоқ, төсекте үлгісі жоқ көршілес алып елдердің кәуір жұртының аранына өз аяғымызбен қайта түсіп қалуымыз кәдік. Олай болса, заманында ұлы жолда ұлы істерімен әлем алдында өшпес даңққа бөленген ата-бабаларымыздың аққан қаны мен маңдай тері, болашағымыздың обалы бізді ешқашан кешірмес!

Біз үшін нағыз қорқыныш – міне, осы!

Нұрбай ЖҮСІП,

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: