Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: Әрбір мәселені өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен орнықты түрде шешетін боламыз

19.04.2022, 12:30 142

HALYQLINE.KZ Арал ауданына сапарлап, әлеуметтік нысандарды саралаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеңейтілген жиын өткізіп, ауданның өзекті мәселелерін саралады. Актив отырысына облыстық мәслихат хатшысы, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, мәслихат депутаттары, түрлі мекеме, кәсіпорын және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Жиында аймақ басшысы аудан үшін өзекті шешімін күттірмейтін мәселелерді тізбектеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Әр азаматтың туған жеріне адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуі перзенттік парызы деп санаймын. Қашанда халық бірлігі сарай салып, қамал алғызған. Әрбір қолға алған ісімізді бірлікпен, асқан жауапкершілікпен атқарсақ ғана кез келген қиындықтан сыр бермей шығамыз. Бұл жолда Президент ұсынған «Жаңа Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, әрбір мәселені өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен орнықты түрде шешетін боламыз. Киелі топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Арал, бүгінде теңізі мен су маржаны арқылы әлемге әйгілі. Таңертеңнен бері бірқатар проблемалық нысандарды аралап, тұрғындармен кездестім. Елдің ахуалын, тұрғындардың жағдайы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп келемін.

Ел игілігі үшін салынған, ғасыр жобасына баланған «Көкарал» бөгеті де бүгінде тікжақтауын су шаюына байланысты біршама бұзылған. Осыған байланысты жөндеу жұмыстарына техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, жоба-сметалық құжаттарын жасауға республикалық бюджеттен тиісті қаржысы бөлінді САРАТС жобасы екінші кезеңінің толықтай жүзеге асуын теңізді өлкенің тұрғындары үлкен үмітпен күтетіндіктен, Арал өңірінің жағдайы әрдайым Мемлекет басшысының назарында», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы пандемия салдарынан 2 жылдан бері өткізілмеген дәстүрлі «Балықшылар слеті» биыл ұйымдастырылатынын және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 2-ші отырысын Арал қаласында өткізу жоспарланғанын мәлімдеді. Жиында аудан әкімі Серік Сермағамбетов атқарылған жұмыстарды тізбелеп, түйткілді мәселелерді шешу бағытындағы жоспарымен бөлісті. Аймақ басшысы әрбір мәселенің өзектілігіне қарай түйінін тарқатуды және бюджет қаражатын тиянақты түрде жұмсау қажет екенін еске салды.

«Экономика салаларына, оның ішінде әсіресе балық шаруашылығына инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет. Қазіргі дағдарыс жағдайында бюджеттің әрбір тиыны есептеулі. Осы ретте, бюджеттен бөлінген қаражаттарды мерзімінде және толық игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз», – деді облыс әкімі.

Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, бұрынғы Қазақ ССР балық шаруашылығының министрі Құдайберген Саржанов пен ардагер Шындалы Әбдраманов елім дейтін азаматтарды әрдайым қолдайтынын жеткізіп, елді бірлікке шақырса, кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Жұмашев облыс көлемінде кәсіпкерлікті қолдау қадылданған шараларға өз пікірін қосты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: