Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституция бәріне де шыдайды!

03.05.2022, 8:40 288

HALYQLINE.KZ

Біздің билік тыныш жатпайды. Егер тыныш жататын болса, Назарбаевты, оның қызметін, оның Қазақстан тарихындағы алатын орнын Конституцияға енгізу керек деп не жындары бар? Әлде, қазақтың «жатқан жыланның құйрығы» туралы немесе «қалғып отырған бүркітті… түртіп үркітті» деген сияқты мақалдарын білмейтін бе екен? Бірінші Президент туралы жағымпаздар жасаған заңнан қалай құтыларын білмей отырған ызалы елге «Нұрсұлтан ағамыздың қызметі қатардағы заңдардың бірінде емес, Ата заңда болу керек» деген сөз отқа май құйғанмен бірдей болды. Әрине, халық шулап-шулап қояды, ал Үкімет …естиді де (еститін үкімет қой), қолдарын бір сілтеп, өздерінің алдарына қойған мәселені жүзеге асырады.

Меніңше, әңгіме Назарбаевта емес сияқты. Конституция – елдің негізгі заңдарының жиынтығы, сондықтан ешқандай елдің (мүмкін, тоталитарлық, авторитарлық елдерде бұндай прецедент бар да болар) өздерінің негізгі заңдарының арасына адам атын тықпаламайтыны анық. Мүмкін біздің билік Конституцияны кейбір аудан, қалалардағы «Құрмет кітабымен» шатастырып алған болар деп ойлаймын. Сол елді мекенге еңбегі сіңген азаматтардың аты қалатын жылнама кітаптарды Ата заңмен шатастыру – кешірілмес ақымақтық.

Осы бастаманы талқылап жатқандардың кейбіреулері «Ата заңға енуге Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар лайықты» десе, енді біреулер «Қонаев неге жоқ?» деп ренжиді. Тағы біреулер «тәуелсіздікке қатысты мәселе болса, «Азат», «Желтоқсан» қозғалысы аталу керек» деген ой-пікір айтыпты. Меніңше, әңгіме Конституцияға енуге Назарбаев лайықты ма, жоқ па дегенде емес, Конституцияның форматына осындай мәселені ендірудің нағыз абсурд екендігінде.

Осы жерде Назарбаевтың Қазақ елінің тәуелсіздігіне қосқан «үлесіне» де тоқтала кеткеніміз дұрыс сияқты. Мен үшін (1988 жылдан бастап саяси-қоғамдық өмірде жүрген адам ретінде) Н.Назарбаевтың Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалардың қатарына жатпайтынын анық. Ол 1991 жылы маусым айында «Қызыл жұлдыз» газетіне берген сұхбатында «Біз жаңа одақ құруымыз керек» деп, Горбачев көтерген конфедерация жолын жақтағанын да бәріміз білеміз. Билік тарапының өкілдері оның шекара мәселесін шешуге тырысқанын, оралмандарды қайтаруға бағытталған жұмыстарын, т.т. алға тартады. Меніңше, бұл ерекше ерлік емес, президенттің өз қызметіне сай міндеттерінің бірі болып табылады. Ол сол жұмысы үшін жалақысын алып, бала-шағасын асырады…

Енді «неліктен билік жатқан жыланның құйрығын басты» деген сұраққа келейік. Меніңше, билік те, оның ішінде президент те тығырыққа тіреліп тұрған сияқты. «Жаңа Қазақстан» жасаймыз деп байқамай айтып қалды, енді «Ескі Қазақстанның» басты белгісі, символы болып табылатын, сол кезеңдегі барлық мәселені бір өзі шешетін Нұрсұлтан ағамызды бір жаққа шығару керек қой. Егер «ескі Қазақстан» жаман болса, Нұрекеңнің жақсы болуы – логикаға томпақтау келеді, ал «ескі Қазақстан» жақсы болса, «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп не жынымыз бар? Қысқасы, билік арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін жолды іздегені анық. Арба – «Бірінші Президент» туралы заң да, өгіз – оның атын Ата заңға енгізу. Өз басым, биліктің осыншама ақ тер, көк тер болуын жақсы түсінемін. Назарбаевтың атын өшіру – сонымен бірге «Ескі Қазақстанды» құрған, сол билікке қызмет еткен, премьер болған, министр болған талай жандарды ыңғайсыз жағдайға қалдырары анық. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, не істерін білмеген билік Конституцияға ауыз салыпты. Бұлардың ойы – қайтсе де Назарбаевты тарихта қалдыру.

Меніңше, Назарбаев қазіргі Қазақстанның тарихында қалады. Европаны отқа ораған Напалеон да, 50 миллион адамды жойып жіберген Гитлер де, т.т. тарихта қалды. Тарихта жақсы да, жаман да қалады. Әрине, «Конституцияға жазылған» адам жақсы болып қалатын сияқты. Бейшара Конституция бәріне де шыдайды. Әңгіме оны кімдердің жазғанында.

Дос  Көшім

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: