Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел-жұрт Нәлібаевтан не күтеді?

14.04.2022, 12:40 502

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов іссапар­мен Қызылорда облысына келіп, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессия­сына  қатысты.

Үкімет басшысы мәслихат депутаттарына Қызылорда облысының әкімі лауазым­ына Нұрлыбек Нәлібаевты та­ғайындау туралы Қазақстан Республика­сы Президентінің ұсыныс-хатын оқып берді. Депутаттар ұсынылған кандидатураны  бірауыздан  мақұлдады.

Осылайша, тура бір жеті бұрын Қызыл­орда облысының әкімі лауазымына Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалды. Дана халық «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаса керек. Қазақтың өзге елде сұлтан болғанға да көңілі көншімейді, өйткені артында өзектен теппейтін өз елі бар. Оның үстіне Нұрлыбек Машбекұлы Сыр елінде бұған дейін де жауапты қызметтерді абыроймен атқарғанын  көпшілік жақсы біледі. «Қызметте сатылап өскен іскер басшы» дейтіндер бар. Оның Шиелі ауда­нын, Қызыл­орда  қаласын басқарғаны бұған  дәлел.

Ал, ел тарихындағы облыс әкімдерінің ішіндегі тұңғыш әйел кісі саналған Гүлшара Әбдіқалықованы қызылордалықтар құрметпен шығарып салды. Ол аймақты 2 жылдан аса басқарды. Әзірге оның қандай қызметке баратыны белгісіз.

Айтқандай, облыс тізгінін ұстаған Нұрлыбек Нәлібаев келе сала мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы аясында фейсбук, инстаграм, твиттер әлеуметтік желілерінде жеке аккаунтын ашып, алғашқы жазбасын да жариялады.

– Әр азаматтың туған жеріне адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуі перзенттік парызы деп санаймын. Алаштың анасына баланған туған жерім Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуы жолында аянбай қызмет етіп, алған білімім мен жиған тәжірибемді ел игілігіне арнайтын боламын, – деді ол.

Сондай-ақ, елмен етене байланысқа түсудің сындарлы диалог алаңына айналған платформалар арқылы туған жерді өркендету ісіне қатысты әрбір ұсыныс-пікірді ескеруге дайын екенін жеткізді.

Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Еңбек жолын 1997-1998 жылдары аралығында «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастаған.

1998-2005 жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. 2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болса, 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.

2008-2013 жылдары Шиелі ауданының әкімі, 2013-2021 жылдары Қызыл­орда қаласының әкімі болды. 2021 жылғы 1 сәуірден осы күнге дейін  Қазақстан   Республикасы  Премьер-мин­истрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметін абырой­мен  атқарды.

Жалпы, әлеуметтік желілерде қызылордалықтар облыс әкімі лауазымына тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы туралы жақсы пікір жазып жатыр. Әрине, билікке келген адамға мұндай сарындағы пікірлердің жазылуы, айтылуы – заңдылық. Десе де, халық айтса, қалып айтпайды. Ел-жұртқа әлеуметтік жағдайы­ның жақсарғаны керек. Сондық­тан, аймақ басшысы экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға барынша  күш  салатыны  анық.

Рыскелді  ЖАХМАН

Мұрат  БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаты:

– Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлымен кездестім. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы пікір алмастық. Иә, облыстың қазіргі жағдайы тым күрделі. 2022 жылы Сенатта республикалық бюджет талқыланып жатқанда Үкімет бекіткен түрлі бағдарламалар бойынша облыс небәрі тоғыз миллиард теңгеге жетер-жетпес қаржыға жобалар берген. Ал халқының саны бізбен қатарлас Қостанай облысы жиырма миллиард үстінде, екі есе көп қаржы алды. Осы мәселе бойынша өңір басшысына да, сала орынбасарларына да бірнеше рет айттым.

«Сіздердің аманаттарыңызды орындау үшін біздер парламентте жүрміз. Жергілікті әкімшіліктің басшысысыздар, керекті бюджеттік құжаттармен бірлесіп жұмыс істейік. Инфрақұрылымға, тұрғын үйлер салуға, кәсіпкерлікті дамытуға, ауылдарды газдандыруға жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, тиісті министрліктермен жұмыс істеңіздер, біз өз құзырет шегімізде барынша көмектесейік» дегенімізбен әкімнің орынбасарлары не басқарма басшылары қозғала қойған жоқ.

…Жауапкершіліктің болмауы мен үлкен сеніп тапсырылған жұмысқа жеңіл қараушылық тоқырауға  әкеп  соқтыратыны  белгілі.  Одан шығудың  жолы бар. Ол туралы облыс әкімі өзінің көзқарасы мен пікірлерін ортаға салды. Олар – облыстың экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындап, оны қаржылық қолдауы болатын арнайы Үкіметтің қаулысымен бекітіп алу, ауыл шаруашылығын әртараптандырудың жолдарын қарастыру арқылы күріштен басқа да дақылдарға тиісті қаржылай қолдау алу, салықтық базаны көбейту, шағын және орта кәсіпті дамыту, ауылдарды газдандыру, тұрғын үйлерді көптеп салу, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту арқылы өндіріс орындарын ашу, облыста масштабтық деңгейде көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, т.б. Сонымен бірге облыста жиырма бес басқарма бар, соларды он сегізге дейін қысқарту, Парламент пен Үкіметтегідей дербес қызметтік көліктердің орнын кезекші көліктермен ауыстыру сияқты тың идеялар да бар. Ең бастысы, кадрларға қойылатын басты талаптар: біліктілік, іскерлік, мемлекетке адалдық болатынын, мемлекеттік қызмет бабында өзін де, өзгені де аямай, туысқандық, достық қатынастар қызметтен тыс болып қалатынын айтты.

Нұрлыбек Нәлібаев Шиеліде, Қызылордада әкім болып қызмет жасағанда тынымсыз еңбекқорлығымен, іскерлігімен, көпшілікпен тіл табыса алатын көпшілдігімен көзге түскен еді. Үкіметте өңірлік бөлімнің басшысы болып біраз тәжірибе де жинақтады. Енді туған өлкесіне басшылық қызметке келді. Халықтың басым көпшілігі облыс әкімін тек қолдап ғана қоймайды, үлкен сенім артады. Сол сенімге селдір түсірмей, халыққа адал қызмет етіп, өңірдің дамуына жаңа серпіліс әкелетініне еш күмәнім жоқ.

Айткүл  ШАЛҒЫНБАЕВА,

тәуелсіз  сарапшы  журналист:

– Жаңа әкімнің жұмысы жаңарудан, Жаңа Қазақстан, Сыр елі дамуының жаңа қадамынан басталуына тілектеспіз! Өзгеріс-жаңаруды бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынасты жаңарудың талабына сай, жаңаша реттеп, өзара келісімшарттағы талаптарды екі жаққа тиімді бағытта өзгертуден бастау керек деп ойлаймын!

Ол – ашықтық, БАҚ-тың еркіндігі. Еркіндік даттау не мақтау емес. Салалар жұмысын орынды сынау. Талдау, эксперттермен, мамандармен, аймақ дамуын, жетістігін де, кемшілігін де саралау, сараптау.

30 жыл бойы еліміздің идеологиялық жүгін арқалап келе жатқан БАҚ пен журналистер. Арқалағаны – алтын (елдің жүгі), жегені – жантақ (елдің қамы). Соңғы 20 жылда аяқ-қолға тұсау салынғанын жасыра алмаймыз. Сондықтан да болар, Президентіміз Қ.Тоқаев жаңарудың алғышарттарында БАҚ-тың еркіндігін қарастырып отыр.

Бір қуанарлығы, бүгінгі ішкі саясатта БАҚ-пен осы бағытта жұмыс істеу қалыптасып келеді.

…Журналистер облыстың жетістігі мен кемшілігін, проблемалардың төркінін талдап, ашып жазса, ол түзеліп жатса, алға басқан қадамымыз нықтала түсер еді. БАҚ та көсіліп, бағы ашылар еді.

Нұрлыбек Машбекұлының жұмыс стилі бізге таныс. Талап ету, мықты идеяларды қолдау, жүзеге асыру, ұсынысы жоқ, күн өткізетін қызметкерге төзбеу деген сияқты қасиеттері елдік іс пен дамудың кепілі екеніне сенеміз.

Облыстың су жағдайы мүшкіл. Қазіргі су – уақытша, вегетативті кезеңге Үкіметтің жоғарыдағы мемлекеттерден алақан жайып, сұрап алған суы. Судың табиғи көбею процесі басталса, қанеки. Бірақ мамандардың болжамы ұзағырақ.

…Суды үнемдеу мақсатында, енді күріш алқабының көлемін осы қысқарғанымен тоқтатып, егістікті лазермен тегістеуді жалғастыру – уақыт талабы. Өйткені күріш алқаптары – жер құнарының балансы.

Кіші кәсіпкерлікке басымдықты күшейту. Жаңа жобаларға жол ашу. Кенжелеген сала туризмді дамыту. Туризмнің өркендеуіне облыстың тарихи жәдігерлері жетерлік. Дубайдың құмынан асып түсетін бархандар бізде де күнмен шағылысып жатыр. Шын дамыса, экономиканың бір тағаны болар еді.

Жер дауы қазір шиеленіскен. Өңірдің өңін қашыратын өзекті түйін. Ауыл шаруашылығы түйткілдері де бүкіл еліміздегідей экономикаға тұсау боп тұр. Сосын ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын алға шығару керек. Мал шаруашалығын қолдау, жайылымдық аумақтарын шешу де – мәселенің бастысы.

Бұған облыс әкімінің қайраты да, потенциалы да жетеді.

Мұхтар  НИЯЗОВ,

айтыскер ақын, Қызылорда облыстық Халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының директоры:

– Нұрлыбек Машбекұлының аймақ басшысы ретінде басқан қадамы құтты болсын! Бұл кісінің іскер, талапшыл, тазалық пен тынымсыз еңбекті алға қоятын әкім ретінде Сыр бойының халқы өте жақсы таниды. Мен былтыр қала әкімі ретінде қызметін тамамдап жатқанда да өз ойымды айтқанмын. Нұрлыбек Машбекұлының өнерге өзгеше қамқорлығы бар.

Көптеген жас өнерпаздарға қолдау білдіргеніне куәміз. Біз ең алғаш 2012 жылы «Алтын домбыра» айтысына барғалы жатқан сапарымызда Мейірбек, Нұрмат, Иранғайып төртеумізді Шиеліге шақырып төрт темір тұлпар мінгізіп, ақсақалдардың ақ батасымен шығарып салған. Сол додадан мен бас жүлде, Мейірбек бірінші орын алды. Мәселе алыс-берісте емес, аудан басқарып тұрса да, сол кезде-ақ тұтас елдің жағдайын ойлап, жігіттердің қамын жасап жүретін. Қалалық мәдениет бөлімінде жүргенімізде материалдық-техникалық базамызды жаңадан жасақтап, жарақтап алуымызға тікелей ықпал етті. Қаншама үйсіз-күйсіз мамандардың баспана мәселесін шешуге ат салысты. Сырттан келетін әрбір мейманға бейжай қараған емес. Машбекұлының ауқымды жобалары мен ірі істеріне сырттан келген талай меймандарымыз да жоғары баға беріп кететін. «Жақсының жақсылығын айт» дегендей, біз бұл әңгімелерімізді Нұрекеңнің аты аталған жерде жасырып қалған емеспіз. Қызметтің құлағын ұстап туып, жамбасы «креслоға» жабысып өмірден өтіп жатқан ешкім жоқ. Алла қаласа, пенде атаулы ниетіне қарай ырзығын теріп жей береді. Бірақ өмірде де, өнерде де, жұмыс бастағанда да арқамыздан қағып, алға салып жүретін ағамыздың қадамына сәттілік тілегеннің еш айыбы жоқ деп ойлаймын.

Біз осыған дейін көз көрген істерін айттық, алдағы шаруаларына ел мен уақыт төреші. Сыр бойының қазіргі ахуалы да шырқап тұрған жоқ. Көктемгі егіс науқаны, су мәселесі, жер дауы, т.б. сияқты көптеген шешімін таппай жатқан мәселе бар. Жалғыз ағаш орман болмайды, барлық істі бір адам ғана шешпейді, бұл – бәрімізге ортақ шаруа. Ендеше қасиетті Рамазан айында жаңа қызметке кіріскен Нұрлыбек Машбекұлына тек сәттілік тілейміз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: